26.01.2018, 10:56
Оқылды: 185

«Емдік қасиеті бар сорларды пайдаланбай отырмыз»

Қазталов ауданы Жаңажол ауылдық округінің аумағында Еділбай деген сор бар. Балшығы мен суы емдік қасиетке ие. Буын ауруларын емдеуге пайдаланылады.

«Бұл сор балшығы балығы тайдай тулаған Сокрыл көлінен он сегіз шақырым қашықтықта орналасқан. Еділ­бай соры бал­шығының құрамын балшықпен емдейтін КСРО аума­ғындағы ең шипалы өңір­лердің бірі – Кисловодск курортына апарып сынама алған кезде, оның ем­дік қасиеті өте жоғары екені белгілі болады. Сол кездегі аудан басшылары  Еділбай сорының емдік балшығын тұрба арқылы Сокрыл көліне жеткізіп, осы аумақта емдеу-сауықтыру шипажайын ашу жөніндегі жобаны да ойластырыпты...» («Егемен Қазақстан» газетінде 2016 жылы жарияланған Темір Құсайынның мақаласынан).

Осыны ескерер болсақ, ауданымызда емдік қасиеті бар сорлар баршылық. Сондай-ақ Бөкей ордасы ауданымен шекаралас жатқан жерде (Бостандық, Саралжын елді мекені) Баяр деп аталатын үлкен сор бар. Ал осы сор не себепті Баяр деп аталатыны тағы белгісіз. Былайша айтқанда, қазақтың тілдік сөзінде баяр деген мағына беретін сөзді де кездестірген жоқпыз.

Енді өздеріміз де жаз айларында (шілде, тамыз) аудан тұрғындары сорға барып түсетіндерін көріп жүрміз. Яғни, ұрпақтан ұрпаққа жалғасып келе жатқан сорға түсіп емделу әлі күнге дейін жалғасын табуда.

Осыны ескере келе ауданымыздағы осы бір емдік қасиеті бар сорларды инвесторлар неге пайдаланбасқа? Олай дейтініміз, Елбасымыздың «Болашаққа бағдар: рухани жаңғыру» мақаласында айтылған «Туған жер» бағдарламасында қасиетті жерлерді игілікке пайдаланып, оның қадірін жас ұрпақтың бойына сіңіруді белгілеп берді емес пе? Сондықтан өзіміздің емдік қасиеті бар сорларымызға да мойын бұратын уақыт жетті деп білеміз.

Серік ЖҰМАҒАЛИЕВ,

Қазталов ауданы

(Суретте 2016 жылы тікұшақ арқылы түсірілген Баяр соры)

 

Узнайте первым о важных новостях Западного Казахстана на нашей странице
в Instagram и нашем Telegram - канале