18.05.2020, 14:37
Оқылды: 557

Айналайын, замандас, неге жүрсің жалаңбас?

Қыс артынан көктем келіп, күн сәл жымың қақса жеңіл киінеміз. Біздің өңірге «бесқонақ», «құралай» деген ұғымдар таңсық емес. Кішкентай күнімізде әжелеріміз «күн алдамшы», «бесқонақ өтсін», «құралай кетсін» деп жиі айтушы еді. Ол кезде балаң көңіл оны ұқсын ба, қар еріп, қара жер жылт етсе қысқы киімдерден құтылып, жеңіл киімге сытылып кетеміз ғой.

ED01087B-EFA5-450A-A8D8-E5F4DCAE43D5

Негізінде күн шуақты болып тұрса, бойымыз да қуатты деп желдің өтіне жартылай жалаңаш шығатынымыз бар. Жартылай жалаңаш дегенім, басымыздан бөркімізді шешіп, кеудеміздегі қалың күртемізді күртешемен алмастырып, етіктің орнына тобығымыз тойтиып жеңіл бәтеңке киюдеміз. Замандас қыздар жылы шалбардың орнына сән қуып биттің қабығындай былғары шалбарға көшкелі қашан...

1B79C3B5-10E6-4763-90CC-994A5DB4C9DB

Сән деп жүріп, денсаулыққа мән беруді ұмытпадық па? Жалаңбас жүрудің салдары қандай ауруларға шалдықтырады? Осы сауалдарды аудандық аурухананың оториноларинголог дәрiгері Мәншүк Құрмашеваға арнайы барып қойдық.

Мәншүк Негметқызының айтуынша, бас киімсіз жүрудің денсаулыққа айтарлықтай зардабы ең алдымен жедел респераторлық инфекцияға әкеліп соқтырады. Алғашында аса біліне қоймайтын, алайда соңы өкінішке апаратын ауру түрі өте көп. Мысалы, гайморит, атит, ангина сияқты қауіпті түрлері бар. Соның ішінде, атит (ортаңғы құлақтың атиты) қай-қай жастағы адамның болмасын есту қабілетіне кесірін тигізеді. Оның белгілеріне, баланың тілінің жай шығуы мен кез келген жастағы адамның психологиясындағы ауытқушылықтарды жатқызамыз. «Ауырып ем іздегенше, ауырмаудың жолын ізде» демекші, дүниеге келген сәттен бастап, жылы киініп, денсаулығымызды күткеніміз абзал екен.

Ата-аналар көбінесе, балаларына салқын тиіп немесе қатты науқастанғанда ғана дәрігерге жүгінеді. Бірақ ол ауруларға жеткізбей, ата-ана өзі балаларына үлгі бола білсе, ешқандай ауру да болмас еді.

Ал бүгінгі таңда жастар қауымынан қыздардың өзі бұрымдары белден төмен болса да, өріп емес, өзгеге көрсетіп көрік еткенді жөн көретін сияқты. Болашағын толғандырар бүгінгінің ұл-қыздарына айтарым, жастық жалын мәңгі емес, жалаңбас жүру де сәнді емес, ең бастысы ел ертеңін ойлап, болашақта дүниеге дені сау ұрпақ әкелу үшін дәл бүгін өз денсаулығыңызды күтіңіз! - дейді Мәншүк ханым. 

Иә, осындай мысалдар айта берсек өмірде көп. Ересектер былай тұрсын, мектеп оқушыларының арасында «Қызым үйде, қылығы түзде» деп жүргендерді кездестіреміз. Олай дейтініміз, үйден бас киіммен шығып, іле-шала бас киімді сөмкеге салып жіберіп, шаштары ұйпа-тұйпа болып жүреді. Бұрын «шаштарын он күн тарап, бес күн өрген» деген сөзді жиі естуші едік. Оқушы кезімізде, анамыз шашымызды тастүйін етіп өріп қоятын. Ойын баласы дегеннің өзінде, қыз бала жинақы, таранып, ұқыпты жүргені дұрысырақ болар еді.

Қала берді, сән қуамыз деп жалаңаштанып бара жатқанымызды байқамайтындаймыз. «Жазғытұрғы жел жардай атанды құлатады» демекші, қазір жер аяғы кеңіп, жазғытұрым жеңіл аяқ киімдер, спорттық аяқ киімдер киеміз. Бірақ сол жеңіл аяқ киім ішінен тобығымыз тойтиып, қымқа шұлық кию сәнге айналды. Ұлдар да, қыздар да киетін болды. «Сұлуынан жылуы» деген сөз қайда қалды? дейсің осындайда. Сонда ұзын, жылы шұлықтар сәнді емес пе? Есіңізде болсын, қай-қай киімнің де сәнді болуы, өзіңізге байланысты. Бастысы, үйлестіріп, жарастырып кие білуде. Бірақ заман талабы қысқа шұлықтар ғой дейтін шығарсыз. Сол заман талабындағы шұлықтар, кейіннен белсіздікке әкеліп, сан соқтыратынын да ойлағаныңыз дұрыс. Соңыңыздан дені сау ұрпақ өсіргіңіз келсе, бүгіннен бастаңыз, замандас!

Сауда нүктелерінде де көздің жауын алар киімдер көп. Соның ішінде белі қысқа киімдер, шалбарлар да сатылады. Шалбардың өзі мықынның үстіне шығады, кофта, футболкалар кіндікке шақ жетеді. Әрине, саудагерлерді кінәлай алмаймыз. Себебі нарықтағы тауарлардың барлығы дерлік осындай. Ешкімге ақыл айтып, «бастан-аяқ жабық киін», «ананы киме, мынаны ки» деуден аулақпыз! Деніміз сау болуы үшін, болашақ ұрпағымыздың денсаулығы үшін кінәраттың алдын алу қолымызда.

Ата-бабаларымыз денсаулықты, тақуалықты, тыйымдарды ұстанып өмір сүрген. Қазақтың ырым-тыйымы жалаңбас жүру туралы не айтады? Дәретханаға бас киімсіз кірмейтін, түнде жалаңбас жүрмейтін тақуалық қазір қайда деген сауалды жасы 90-нан асқан, ауылдың сыйлы ақ жаулықтысы Қалима Мұханбетжановаға қойдық. Қалима әженің айтуынша, бұрын дәстүр бойынша келіндер дәретханаға кіргенде жалаңбас кірмей, орамал тартып, кірерде бісмілләсын айту керек, әйтпесе шайтан қағып кетеді. Үлкендердің алдын кеспей, олардың өмірін, ұлағатын үлгі етіп өскен жастардың, жолы ашық болмақ. Дәретханаға кіргенде, шыққанда дұға айтып, қараңғыда жалаңбас жүрмей, «Қызға қырық үйден тыйымды» естен шығармаса екен. «Халық айтса, қалып айтпайды» деген сөздің жаны бар. Расымен, Қалима әже айтқандай, ырым-тыйымдарды ұстанып өмір сүрген кесел келтірмесі анық. 

ТүйінЖастар андай, жастар мұндай деп сөгуден де аулақпыз. Жастарға не үшін кінә тағамыз? Әжелердің барлығы дерлік Қалима әжедей болса ғой... Өкінішке орай, жастары 60-70-ке келген әйелдер қызыл, сары түске шашын бояп, қастарына татуаж жасатып, сыздырып, тырнақтарын соядай қылып өсіріп, түрлі-түске бояп, секеңдеп жүр. Әрине, бәрі емес. Ол аз десеңіз, садақаларда басына салфетка салып, Құран тыңдап отыратындар бар. Ұят емес пе? Бәрі сыйған сөмкеге орамал сыймағаны ма деп қаласың. Оларды көргенде анаға деген, әжеге деген құрмет сезімі оянбайды. Қазақ анасының келбеті жоғалып бара жатқан жоқ па? Ал ер адамдар арасында ұлттық бас киім - тақиясын киюге ұялатындар бар. Тақия дейміз-ау, ол тек ерлердің ғана бас киімі емес. Қазақтың жар-жар, сыңсыма айту, т.б. ғұрыптарында айтатын: 

Бөркім, бөркім, бөркім-ай!

Басыма киген көркім-ай!

Ерте жатып, кеш тұрған,

Үйдегі менің еркім-ай! – деген жолдардан бөрікті тұрмыс құрмаған қыздар да кигендігін байқатады.

Қыздардың тақиясын қызыл, күлгін, жасыл, тағы басқа бір түсті шұға, барқыт, мауыты сияқты кездемелерден, өңді маталардан қабаттап сырып тіккен. Тақия төбесі, әлбетте, төрт сай немесе дөңгелек келеді. «Таңдай», «ирек», «қабырға» тігістермен сырылып, жібек, алтын, күміс, зер жіптермен кестеленіп, моншақ асыл тастармен безендіріледі. Үкінің үлпілдек қауырсынын әсемдік үшін және тұмар ретінде тақияның төбесіне қадайды. Үкі қадалған тақия қазақ қыздарының ерекше ұнатып киетін баскиімі болған.

Сән қуамыз деп сұлулықты ойлап, жүректегі жылулықты, денсаулықты ысырып қойып жатқандаймыз. Денсаулықты бүгінде күн тәртібінде тұр. Ең өкініштісі, елдегі кеселдің таралуы да иммунитеттің әлсіздігі. Иммунитеттің әлсіздігіне жалаң бас жүру, ашық-шашық жүру себеп болып жатыр.

Бұрын әке-аналарымыздың басынан бөрігі мен бөкебайы, бұрымдылардың бұрымынан орамал түспеген. Ол кездің де сәнінде киімнің түр-түрі болған ғой. Әрине, жастық жалының бойыңда жалындап тұрғанда сәннен қалмай киімнің түр-түрін кигің келеді, ол - заман талабы. Бірақ заман көшінен қалмау дегенді қымбат киіммен, жылуы да анау айтқандай керемет емес, тек сырты жылтыраған дүниемен шектеу қате! Одан да жүрегіңіз иманға, қанағатқа толса сіз бен біз үшін нағыз сән сол емес пе, замандас? 

Айжан Амангелдина,

Сырым ауданы

 zhaikpress.kz

Узнайте первым о важных новостях Западного Казахстана на нашей странице
в Instagram и нашем Telegram - канале