Жеті жасынан спорттың каратэ түрімен шұғылданған Аида, ата-анасы мен тәлімгерінің үмітін ақтап, алдымен аудандық, кейін облыстық, республикалық жарыстарда талай мәрте жүлделі орындарға ие болды. Осы уақытқа дейін 28 мәрте чемпион болып үлгерген ол 8 рет екінші, 5 қайтара үшінші жүлделі орын иеленген. Сайыс сайын құр қол қайтпай, спорт шеберлігінен үміткер атанып үлгерген Аида бүгінде қара белдіктің І дан иегері.
Інісі Исламбекке қамқор болып жүретін Аида - оқу озаты. Спортты өмірлік серік еткен оның болашақта менеджерлік маман-дық игерсем деген асқақ арманы бар.
- Ұлттық құрама сапында Түркия, Ресей секілді елдерде бақ сынадым. Самарада орыс қызымен өткен жекпе-жек қиынға түсті, намысты бермей, жеңіске ұмтылып, есемді жібермедім. Ел намысын қорғағанымды мақтан тұтамын. Өзге елде туымыздың көкке көтерілгенін көру - үлкен бақыт. Спорттағы тырнақалды жетістіктеріме рухани дем беретін әжем Зылиха мен жеке бапкерім Фархат Жалмурзиннің еңбегі ұшан-теңіз, - дейді Аида бізбен әңгімесінде. Қазақтың батыр қыздарының қайсарлығын танытып, ерлікке толы ізін жалғаған Аиданың көк байрағымызды әлем төрінен желбірете беруіне тілекшіміз.
Динара НАСЫРОВА,
Белес ауылы,
Зеленов ауданы