23.09.2021, 17:25
Оқылды: 43

Ауылға сыйлы асыл жан

Бүгінгі әңгіме тыл және еңбек ардагері, көп балалы ана, «Алтын алқа» иегері, сексеннің сеңгіріне шыққан ардақты әже Мәриям Әлбидаққызы Әнесова жөнінде болмақ.

WhatsApp Image 2021-09-23 at 17.22.55

Әжеміз Мәриям Әнесова 1936 жылдың 16 шілдесінде Батыс Қазақстан облысының сол кездегі Фурман сельсоветі Көнеккеткен ауылында дүниеге келген. Әкесі Әлбидақ Ордабаев соғыстан аман келгенмен, 2 ағасы соғысқа аттанғаннан оралмаған. Әкесі өте қамқоршы болып, көмекке зәру кісілерге қол ұшын созғаны көзкөргендердің әлі жадында. Ал анасы – Жұмағаным қарапайым жұмысшы, колхоздың сауыншысы болған. Балалық шағы мен бойжеткен күндері соғыс жылдарының қиындығымен тұспа-тұс келді. Аға-інілерінің ортасында еркелеп өскен ол сол күндерді былай деп еске алады: «Шешем марқұм айтатын еді: «Мәриям көңілі соқса, екі шелек су әкеледі, көңілі соқпаса, ол да жоқ. Бірақ өмір бәрін үйретті. 7 жылдық білім алған соң,  еңбекке араласып,  шөп шабу, масақ теру, қой қырқу секілді  жұмыстарға араластық. Көп қиындық көрдік. Жазатын сия жоқ, қазанның қара күйесін суға езіп, сия ретінде пайдаландық. Киіміміз жұпынылау болса да, сабақтан қалмайтынбыз. Қазір заман басқаша. Оқимын, өсемін дейтін жастарға бүкіл мүмкіндік бар».

1955 жылы он тоғыз жасында осы ауылдың тұрғыны Қапез  Әнесов есімді  азаматпен көңіл жарастырып, отбасын құрып, шаңырақ көтереді. Атасының мінезі жайлы болғанымен,  енесінің қаталдығы бетіне кісі қаратпайтындай орасан еді. «Өзім жалғыз қыз, ерке өстім, келін боп түскенде көп қиналдым. Күріштің жаңа шыққан уақыты. Енем үйде жоқ. Атам 3 келі күріш алып келіп: «Күріш пісіру білесің бе?», - де»ді, «білмеймін» деп айтуға ұялып: «Білемін» дей салдым. Қайынатам әкелген күріштің бәрін қара қазанға бір салып жіберіп, суды құя салыппын. Бір мезгілде қарасам, күрішім өсіп, үлкен бір қазан болды. Сондағы атамның күліп тұрып айтқаны: «Келінімнің көңілі кең екен, дүйім елге жететін болды күріш».

Жалпы 14 құрсақ көтерген ана қазір 4 қыз, 6 ұлдан тараған ұрпақтың қызығына бөленіп отыр.  Колхоздың жұмысымен қоса, әжеміз үй тірлігін де дөңгелетіп, ұл-қыздарын тазалыққа, еңбекқорлыққа үйрете білген. Үйге келген талай қонақты шаңырақтарында күтіп, дастархандарынан  дәм татқызған. Кісі арылмайтын өте қонақжай жанұя болғаны қазір де байқалады. Кеңінен жайылған дастарханда бір мейман болмаса, әженің көңілі ортайғандай.

Жары Қапез екеуі де ауыл шаруашылығы жұмысына белсене араласып, Тасжеген, Қызыл ақырап деген жерлерде колхоз тарағанға дейін 30 жыл бойы қой бағып, алдыңғы қатарлы шопан болған. Ауыл басқармасы Әжіғұл Шканов 1965 жылы аға шопан бол деп қолқалап, 1 отар қойды ұсынды. Осындай жауапты жұмысты қолға алып, тынбай еңбектенудің арқасында әр 100 аналық саулықтан 125 қозыдан алған. Кеңес дәуірінде жеңіл автокөлік алудың өзі қиын болғаны белгілі. Автокөлікті алу үшін кезекке тұрасың. Алайда озат шопанға жеңілдік жасалып, Қапез аға кезектен тыс су жаңа «Жигули» автокөлігінің кілтін Есенсай ауылындағы шопандардың кезекті жиналысында салтанатпен алыпты.

Шопандардың еңбектегі жетістігі аудан, облысқа жария болып, 1986 жылы облыс басшысы Нәжімеден Есқалиевтің қолынан «Ерен еңбегі үшін» медаль алған. Ұлы Жеңістің 65, 70, 75 жылдық мерекелік мадальдарының иегері, КСРО Жоғарғы  Кеңесі төралқасы Жарлығымен I, II және III дәрежелі «Ана даңқы» медальдарымен марапатталса. Елбасының  Жарлығымен 2002 жылы «Алтын алқаны» иеленді.

«Жас кезінде бейнет болса, қартайғанда зейнет бар»  деген. Қазіргі таңда қадірлі ана, аяулы әже еңбектің арқасында барлық қиындықтарды жеңіп, ұлдарын ұяға қондырып, қыздарын қияға ұшырған асыл әже кенже ұл-келіні  Болат пен Салтанаттың қолында бақуатты тірлік кешуде. Ұл-қызынан 18 немере, 14 жиен, 10 шөбере тарады.  Мәриям әжеміз тек Әнесовтар әулетінің ырыс-ынтымағының ұйытқысы әрі ағайын-тумасының арқасүйері ғана емес, барша ауыл-аймағының сыйлы анасы.

Нұргүл Темірғалиева,

 жастар ісі жөніндегі кеңесші маман

Ақжайық ауданы

Узнайте первым о важных новостях Западного Казахстана на нашей странице
в Instagram и нашем Telegram - канале