Жуырда Шыңғырлау аудандық мәдениет үйінде Ардақ және Ақтау ауылдық округі көркемөнерпаздарының қатысуымен ел Тәуелсіздігінің 30 жылдығына орай «Тәуелсіздікке тарту» атты концерт ұйымдастырылды.
Көрермендер алдымен көгілдір экраннан осы округтердің жетістіктерін насихаттаған бейнебаянды тамашалады. Концерттік бағдарламада әннен шашу шашып, домбыра шанағынан күмбірлеген күй төгілткен өнерпаздардың өнері жұртшылықты бір серпілтіп тастады.
Қос округтен келген өнерпаздар Николай Барабаш пен Аружан Қажымұқан, Кенжетай Даулетьяров, Сәния Жанғалиева, Мереке Сабиров, Әсия Ысқақова мен Оразхан Абдукалимов және басқаларының өнерлеріне көрермендер қошеметпен қол соқты.
Бұл күні «Еркем-ай» бишілер тобының қыздары да тыңғылықты әзірліктерін көрсете алды.
Концерт соңында Шыңғырлау аудандық ардагерлер кеңесінің төрағасы Сабыр Сәмиев қос округ көркемөнерпаздарына тамаша концерттік бағдарламалары үшін ризашылығын білдіріп, аудан әкімі Ә.Мұханбетжанованың атынан Алғыс хат табыс етті.
Б.Баймағамбетова,
Шыңғырлау ауданы
zhaikpress.kz