23.11.2021, 9:30
Оқылды: 47

«Қор тұрғындарға үздік қызмет түрлерін ұсынуда»

Еліміздің барлық өңірінде дерлік шектеу шараларының сақталуына қарамастан, БЖЗҚ салымшыларының жеке зейнетақы шоттарына жарналар түсіп жатыр. Өткен және биылғы жылдары есептелген инвестициялық табыс одан бұрынғы көрсеткіштерден асып түсті. БЖЗҚ салымшылар мен  алушыларға өз шоттарын бақылау және басқа да зейнетақы қызметтерін алу мүмкіндігін жеңілдету  үшін барынша заманауи әрі ыңғайлы қызметтерді ұсынуда. Бұл туралы бізге «БЖЗҚ» АҚ Батыс Қазақстан облыстық филиалының директоры Қайрат Ихсанов баяндап берді.   

48

– Қайрат Ибрагимұлы, ағымдағы жыл зейнетақымен қамсыздандыру мәселелеріне елеулі өзгерістер енгізілгені белгілі. Олардың ең бастыларына тоқталып  өтсеңіз...

– Иә, қазақстандықтар өз жинақтарының бір бөлігін ағымдағы кезек күттірмейтін қажеттіліктерге, атап айтсақ, тұрғын үй жағдайларын жақсарту мен емделуге пайдалануға құқылы. Сондай-ақ салымшыға инвестор болу – инвестициялық портфельді басқарушыны таңдау және оған өзінің зейнетақы жинақтарының бір бөлігін аудару мүмкіндігі де пайда болды. Жинақтарын мерзімінен бұрын пайдалану және инвестициялық портфельді басқарушыларға аударудың басты шарты – жинақтардың жеткіліктілік шегінен асатын бөлігі болуы тиіс. Нақтылап айтқанда, бұл мүмкіндікті көп жыл бойы тұрақты түрде аударымдар жасап және зейнетақының ең төменгі мөлшерін қамтамасыз ету үшін қажетті соманы жинақтағандар пайдалана алады.  Зейнетақы жинақтарының ұлғаюына және кейін оларды ұзақ мерзімді пайдалануға ықпал ететін басқа да маңызды жайттар бар. Мысал ретінде БЖЗҚ-дан төленетін зейнетақы төлемдері әдістемесінің, ерікті зейнетақы жарналарын ашу және төлеу шарттарының өзгеруін айтуға болады.

– Зейнетақы жинақтарын мерзімінен бұрын пайдалану үдерісінде БЖЗҚ-ның атқаратын рөлі қандай?

– Айта кетейік, БЖЗҚ-да міндетті зейнетақы жарналары (МЗЖ) және  міндетті кәсіптік зейнетақы жарналары (МКЗЖ) есебінен қалыптастырылған зейнетақы жинақтары бар тұлғалар өздерінің зейнетақы жинақтарының бір бөлігін тұрғын үй жағдайларын жақсарту немесе емделу ақысын төлеу үшін пайдалана алады. Ол үшін:

1) жеке зейнетақы шотындағы МЗЖ немесе МКЗЖ есебінен жинақталған сомасы зейнетақы қаражатының ең төменгі жеткіліктілік шегінен асып түсуі тиіс.

Бұл ретте біржолғы зейнетақы төлемінің мөлшері салымшының (алушының) МЗЖ және МКЗЖ есебінен жинақталған қаражатының сомасы мен зейнетақы қаражатының ең төменгі жеткіліктілік шегі арасындағы айырма сомасынан аспауы керек;

2) ал отставкадағы судьялар үшін зейнетақы мөлшері ҚР Үкіметі бекіткен тәртіппен айқындалатын 40 пайыздан төмен емес деңгейде алушының орташа айлық табысын алмастыру коэффициентін қамтамасыз етеді. Бұл коэффициентті есептеу кезінде алушының зейнеткерлікке шығу күнінің алдындағы, бірақ республика бойынша орташа айлық табыстан аспайтын табысы ескеріледі.

Бұл ретте біржолғы зейнетақы төлемінің мөлшері салымшының (алушының) МЗЖ және МКЗЖ есебінен зейнетақы жинақтары мөлшерінің 50 пайызынан аспауы  тиіс;

3) сақтандыру ұйымымен зейнетақы аннуитеті шартын  жасағандар.

Бұл ретте біржолғы зейнетақы төлемінің мөлшері салымшының (алушының) жеке зейнетақы шоттарындағы МЗЖ немесе МКЗЖ есебінен жинақталған зейнетақы қаражатының мөлшерінен аспауы  тиіс.

Осылайша, азаматтардың өз пайдасына және жұбайының немесе жақын туыстарының тұрғын үй жағдайларын жақсартуға (емделуіне) зейнетақы жинақтарын алу үшін аталған шарттардың біріне сай келу жеткілікті.

Ең алдымен, азаматтар зейнетақы жинақтарының бір бөлігін пайдалану ьқұқығын іске асыру үшін өздерінің зейнетақы жинақтарын тексеріп, БЖЗҚ-дағы жеке зейнетақы шотында алуға қолжетімді соманың бар екеніне көз жеткізулері тиіс. Қордың enpf.kz корпоративтік сайтындағы жеке кабинетте, сондай-ақ  БЖЗҚ жаңартылған мобильді қосымшасында осы жылдың қаңтар айынан бастап алу үшін қолжетімді сома туралы ақпаратты онлайн режімінде тексеру мүмкіндігі іске асырылды. Зейнетақы жинақтары туралы қажетті мәліметтерді egov.kz порталы арқылы  да  алуға  болады.

БЖЗҚ-дағы өзінің зейнетақы жинақтарын тексергеннен кейін тұрғын үй жағдайларын жақсартуға немесе емделуге ақы төлеу мақсатында зейнетақы жинақтарының бір бөлігін пайдалану туралы шешім қабылдаған салымшылар (алушылар) арнайы шот ашу және электрондық цифрлық қолтаңбаны (ЭЦҚ) пайдалана отырып, біржолғы зейнетақы төлеміне өтініш беру үшін уәкілетті операторға интернет-порталы арқылы жүгінуі  тиіс.

Бұл ретте уәкілетті операторға төлем жасауға өтініш берген кезде салымшы (алушы) біржолғы зейнетақы төлемі кезінде жеке табыс салығын (ЖТС) төлеу тәсілін өзі таңдауы тиіс (жарналарды БЖЗҚ-ға аударған кезде ЖТС алынбайтынын естеріңізге саламыз). Яғни азаматтар БЖЗҚ-ға ЖТС-ті біржолғы зейнетақы төлемі сомасынан қай уақытта ұстап қалу керектігін өздері көрсетеді. Оның екі жолы бар: бірден толық көлемде немесе кейінге қалдырылған кезеңде (зейнетақы төлемдерінің кестесі бойынша зейнетақы жасына жеткен кезде ай сайын тең үлестермен).

Уәкілетті оператор екі жұмыс күні ішінде БЖЗҚ-ға электрондық хабарлама жібереді. Оны алғаннан кейін Қор 5 жұмыс күні ішінде уәкілетті операторға салымшының (алушының) біржолғы зейнетақы төлемінің сомасын аударады, ол өз кезегінде оны салымшының (алушының) арнайы шотына салады.

Біржолғы зейнетақы төлемінің сомасы уәкілетті операторда (егер бұл «Отбасы банк» АҚ болса) ашылған салымшының (алушының) арнайы шотында 45 жұмыс күнінен аспайтын мерзімде болуы мүмкін. Осы мерзім ішінде уәкілетті операторға нысаналы мақсаттарға арналған құжаттар ұсынылуы қажет. Олар көрсетілген мерзімде берілмеген жағдайда біржолғы зейнетақы төлемі салымшының (алушының) БЖЗҚ-дағы жеке зейнетақы шотына қайтарылады.

Осылайша, азаматтардың тұрғын үй жағдайларын жақсартуға немесе емделуге ақы төлеу мәселелері жөніндегі барлық өтінішін уәкілетті оператор «бір терезе» қағидаты бойынша қарайды және азаматтар тарапынан БЖЗҚ-ға жеке өтініш жасау талап етілмейді.

Биылғы 2 қарашадағы жағдай бойынша БЖЗҚ салымшылардың (алушылардың) тұрғын үй жағдайларын жақсарту үшін зейнетақы жинақтарын пайдалануға берген 485 772 өтінішін орындады. Уәкілетті оператор-банктерде ашылған қазақстандықтардың арнайы шоттарына БЖЗҚ 1,96 трлн теңге аударды. Біржолғы зейнетақы төлемдерінің орташа сомасы – 4,0 млн теңге.

Ал Батыс Қазақстан облысының салымшылардың (алушылардың) тұрғын үй жағдайларын жақсарту үшін зейнетақы жинақтарын пайдалануға берген 17 432 өтініш орындалды. Уәкілетті оператор-банктерде ашылған батысқазақстандықтардың арнайы шоттарына БЖЗҚ 87 374 млн теңге аударды. Біржолғы зейнетақы төлемдерінің орташа сомасы –  5 млн теңге.

Айта кетейік, шамамен 270,5 млрд теңге өтініш берушінің өтініші бойынша және өзге де себептер бойынша қазақстандықтардың біржолғы зейнетақы төлемдерін белгіленген мерзімде пайдаланбауына байланысты уәкілетті операторлардан салымшылардың (алушылардың) жеке зейнетақы шоттарына (ЖЗШ) қайтарылды. Сондай-ақ  БЖЗҚ емдік шараларға қолдану мақсатында жалпы сомасы 54,0 млрд теңге болатын 59 464 өтінішті орындады. Бұл ретте алымдардың орташа сомасы 0,9 млн теңге болды. Сонымен қатар салымшылардың (алушылардың) БЖЗҚ-дағы ЖЗШ-на уәкілетті оператордан («Отбасы банк» тұрғын үй құрылыс жинақ банкі» АҚ) 7,9 млрд теңге қайтарылды, бұл қаражат өтініш берушінің өтініші және өзге де себептер бойынша белгіленген мерзімде пайдаланылмаған.

Батыс Қазақстан облысына қатысты деректерді келтіретін болсақ, 2021 жылдың 2 қарашасы бойынша зейнетақы жинақтарын емдік шараларға қолдану үшін берілген 1 548 салымшының 1 307 млн теңге көлеміндегі өтініші орындалды. Бұл ретте алымдардың орташа сомасы 0,8 млн теңге болды.

– Әрине, тұрғын үй алуға және емделуге алынған біржолғы төлемдер болашақ зейнетақының мөлшеріне әсер етуі мүмкін екенін елемеуге болмайды. Зейнеткерлікке шыққан кезде салымшы үшін біржолғы зейнетақы төлемдерінің салдары қандай болуы мүмкін?

– Иә, жинақтардан алынған кез келген біржолғы төлем салымшының болашақ зейнетақысына әсер етуі мүмкін. Болашақта ол біржолғы төлем алу мүмкіндігін пайдаланбаған салымшыларға қарағанда төмен зейнетақы алатынын есте ұстаған жөн. Зейнетақы жинақтарын алуға мүмкіндік беретін ең төменгі жеткіліктілік шегі қарастырылған.  Ең аз жалақы алатын салымшының жеке зейнетақы шотында базалық зейнетақы төлемінің ең төмен мөлшерін алып тастағандағы ең аз мөлшері БЖЗҚ-дан ай сайынғы төлемдерді алу үшін жеткілікті сомаға ие болатындай етіп есептелген. Жалпы, оның көлемін БЖЗҚ-ның болжамды зейнетақы калькуляторы қызметі (enpf.kz сайтында немесе БЖЗҚ мобильді қосымшасында) арқылы болжауға болады.

– Биыл ең көп талқыланып жатқан жайттардың бірі – БЖЗҚ-дан төлем жасау әдістемесінің өзгеруі. Жалпы, түзету неге байланысты енгізілді?

– 2021 жылдың 1 сәуіріне дейін қолданыста болған әдістемеге сәйкес БЖЗҚ-дан кесте бойынша зейнетақы төлемдерінің ай сайынғы сомасының мөлшері жылда қайта есептелетін. Сөйтіп, алушының тиісті жасындағы зейнетақы жинақтарының қалдық сомасын олардың ағымдағы құнының коэффициентіне көбейтіндісінің он екіден бірін құрайтын. Ағымдағы құн коэффициенттері 2000 жылдардың басында өзекті болған өмір сүру ұзақтығы, кіріс және т. б. өлшемдерді ескере отырып айқындалды. Алайда зейнетақыны жоспарлаудың әлемдік тәжірибесін, әлеуметтік және демографиялық факторларды ескере отырып, бұл өлшемдерді жаңарту қажеттігі туындады. Мысалы, елімізде өмір сүру ұзақтығы бүгінгі күні ерлер мен әйелдер үшін 80 және 82 жасты құрайды. Сондықтан зейнетақы жинақтарының неғұрлым ұзақ мерзімге төленуі жайлы мәселе туындады. Мұнымен қатар қауіпті және зиянды салалардағы қызметкерлер, мүгедектер сынды азаматтардың жекелеген санаттарының ерекшеліктерін ескеру қажет. Өйткені, олардың күтілетін өмір сүру ұзақтығы Қазақстан бойынша орташа көрсеткіштен өзгеше. Сондықтан арнайы санаттағылар үшін көтермелеп түзету коэффициенттері қарастырылған. Осының барлығы жаңа әдістемеде көрсетілген.

2021 жылдың басынан бастап БЖЗҚ-дан берілетін төлемнің ең төменгі мөлшері өсті. Егер бұрын ол ең төменгі күнкөріс деңгейінің 54%-ын құраса, қазір ол ең төменгі күнкөріс деңгейінің 70%-ы  немесе 24 011 теңге болды.

2018 жылдың 1 қаңтарына дейін БЖЗҚ-дан төлемдерді ала бастаған азаматтар үшін зейнетақы төлемінің жыл сайынғы мөлшері ең төмен зейнетақының отыз еселенген мөлшерінен кем болмайды (2021 жылы 30 х 43 272= 1 298 160 теңге). Төлемдер бұрын таңдалған кесте бойынша жүзеге асырылады.

БЖЗҚ-дан зейнетақы төлемдерін алу құқығын 2018 жылғы 1 қаңтардан бастап 2021 жылғы 31 наурызға (қоса алғанда) дейін іске асырған адамдарға зейнетақы төлемдерінің мөлшерін есептеуді жүзеге асырудың жаңа әдістемесіне сәйкес, 2022 жылғы 1 қаңтардан бастап ай сайынғы зейнетақы төлемдері зейнетақы төлемдерін индекстеудің 5% мөлшерлемесіне ұлғайып отырады. Кейіннен жыл сайын индекстеліп отыратын болады.

– Болашақ зейнетақымызды көбейтудің маңызды құралы – ерікті зейнетақы жарналары (ЕЗЖ) туралы білгім келеді, бұл мәселеде қандай өзгерістер болды?

– Ерікті зейнетақы жарналары (ЕЗЖ) – бұл салымшылардың өз бастамасы бойынша БЖЗҚ-ға салатын ақшасы. Оларды жеке тұлғалар өз пайдасына, жеке және заңды тұлғалар үшінші тұлғаның пайдасына аудара алады. Бұл ретте ЕЗЖ мөлшері мен төлеу кезеңділігін жеке немесе заңды тұлға дербес белгілейді.

ЕЗЖ төлеудің артықшылықтарының бірі – жеке тұлға ЕЗЖ-ны өз табысы есебінен жеке пайдасына төлеген кезде салық заңнамасында ЕЗЖ төленген сомаға салық шегерімінің көзделгендігі.

Бұдан басқа 2021 жылдың 1 қаңтарынан бастап салық агенті (жұмыс беруші) өз қаражаты есебінен қызметкердің пайдасына төлейтін ЕЗЖ корпоративтік табыс салығын есептеу кезінде шегерімге жатқызылады. Сонымен қатар жұмыс берушінің қызметкердің пайдасына төлеген ЕЗЖ сомасы қызметкердің табысына салық салу кезінде  ескерілмейді.

Айта кетейік, ағымдағы жылдың 1 мамырынан бастап ЕЗЖ есепке алынатын жеке зейнетақы шотын ашу үшін БЖЗҚ-ға келіп түскен алғашқы ерікті зейнетақы жарнасы  негіз бола алады. Осылай­ша, салымшыға (алушыға) Қор кеңсесіне  барудың қажеті жоқ.

Сұхбаттасқан Ербол  Серік,

zhaikpress.kz

Узнайте первым о важных новостях Западного Казахстана на нашей странице
в Instagram и нашем Telegram - канале