– Ақ тілегі мол Ақ Жайық тұрғындары атынан елімізге, жерімізге ат басын тіреп тұрған қадірлі қонағымыз Әлібек Дінішевке алғысымызды білдіреміз. Бүгінгі концертке облыс әкімі Ғали Есқалиев біздің үкіметіміздің басшысы бастаған делегация құрамында Ресей Федерациясына ресми сапарға кеткендіктен қатыса алмады. Дегенмен Әлібек Мұсаұлының Ақ Жайық өңіріне деген ерекше ілтипатына орай сізге деген ыстық сәлемін жеткізді. Бүгінгі кешіміз сәтті өтсін. Құрметті Әлібек Мұсаұлы, адам өміріндегі мәнді де сәнді белестердің бірі - 70 жасқа толған мерейтойға жетіп отырсыз. Осынау киелі сахнада ән шырқап жүргеніңізге де жарты ғасырдан астам уақыт өтіпті. Еліміздің жүрегі Астана, мәдени орталық Алматы, киелі топырақ Түркістан қалаларынан кейін өзіңіздің ата-бабаңыздың кіндік кесіп, кір жуған жері - Ақ Жайық өңіріне келуіңіз біз үшін үлкен қуаныш болып саналады. Шындығында да, Әбіш ағамыз айтқандай, бүгін өзіміздің Оралымызды қазақтың Венасы іспеттес сезініп отырмыз. Орал қаласының тұрғындары мен қонақтары қазір өзіңіздің жауһар дауысыңызды естіп, тебіреніс пен шаттыққа бөленеді. Еліміздің Тәуелсіздігінің 30 жылдығында осындай зәулім мәдениет ошағы - «Атамекен» өнер ордасында сіздің дауысыңызды есту – оралдықтар үшін үлкен арман. Соған, міне, бүгін жетіп отырмыз. Өзіңізге ұзақ ғұмыр, зор денсаулық тілейміз. Ешкімге ұқсамайтын ерекше дауысыңызбен көрермен қауымды қуантып жүре беріңіз, - деді Бақытжан Хаберұлы.