БҚО Полиция департаменті жергілікті полиция қызметі басқармасының назарына!
Жауын-шашынды күндері қала көшелері лайсаңға айналатындығы бесенеден белгілі. (Бізде қай бір сүргіленген тақтайдай теп-тегіс асфальт бар дейсіз?!) Әрине, жаңбыр жауған немесе қар еріген күндері автокөлік нөмірінің армансыз айғыздалатыны әлеуметке әлімсақтан аян жайт. Алайда әлгіндей ауа райынан соң күн ашылғасын да бірнеше күн бойы, тіпті апталап темір тұлпарының нөмірін жумай жүретін автожүргізушілер біздің қалада баршылық.
Ал бұл – Жол жүру ережесіне қайшы жайт. Себебі нөмірі анық көрінбейтін автоарғымақты тізгіндеген жүргізуші жол-көлік оқиғасына жол беріп, тайып тұрса, оны табу қиынға соғады. Сол себепті көлік қозғалысын қадағалайтын полиция қызметкерлері күн ашық кезде де көлігінің нөмірі бес батпан кір болып жүретіндерді уақтылы аңғарып, тәртіпке шақырып отырғандары жөн!
Тіпті біздің газеттің тілшілері мәшинесінің нөмірін жууға салдыр-салақ қарайтындарды тәубесіне келтіру үшін полиция қызметкерлерімен тізе қосып рейдке шығуға да бек пейілді.
Суреттерді түсірген: Бауыржан Әлжан
Редакция алқасы