Бөкей ордасы ауданының бас прокуроры Қанәбіл Төремұратов әкімдік мәжіліс залында интернет алаяқтыққа қатысты жиын өткізді.
−Қазіргі таңда интернет алаяқтық маңызды мәселенің бірі болып отыр. Өкінішке орай, бұл қылмыс түрі ауданымызды айналып өтпеді. Бүгіннің өзінде аудан көлемінде интернет алаяқтық салдарынан кем дегенде екі азаматымыз опық жеп отыр.
Соңғы уақытта алаяқтар өздерін танымал банктердің қызметкерлері ретінде таныстыратын әдіс белең алуда. Мұндай жағдайларда белгісіз тұлғалар қазақстандық ұялы байланыс операторларының абоненттерінен азаматтарға қоңырау шалып, өздерін белгілі бір банктің қызметкері ретінде таныстырады. Бұдан әрі, үшінші тұлғалардың өздерінің шотындағы ақша қаражатын алуға тырысып жатқандығын айтып, осыған байланысты барлық банктік шоттар мен карточкаларды сақтандыруды ұсынады. Алаяқтар дерекқорда растау және жаңарту операцияларын жүргізу үшін азаматтарға Anydesk секілді программаны жүктеуді сұрап өз деректерін сол программаға енгізуді талап етеді. Жоғарда аталған бағдарлама арқылы сіздің шотыңызды қолдануға толықтай рұқсат алған алаяқтар бірнеше несие рәсімдеп, қаржыны өз шоттарына аударады. Whatsapp жүйесіне қоңырау шалған өтірік қауіпсіздік бөлімінің қызметкері жүйе суретіне ІІБ логотипын қойыпты. Суретті көрген жәбірленуші «расымен алаяқтар шотымды бұзбақ болған шығар» деген ойымен телефон шалғандардың нұсқауларын орындаған. Нәтижесінде, миллиондаған кредит мойына іліп алды десек болады, − деді Қанәбіл Төремұратов.
Аудан прокуроры алаяқтықтың алдын алуда бірнеше бейне ролик ұсынды. Бұл роликтерде кең таралған алаяқтардың схемалары көрсетілген.
Өз кезегінде Қанәбіл Төремұратов мекеме басшыларына дәл осындай роликтерді қарамағындағы қызметкерлер арасында насихаттап, әлеуметтік желілерде кеңінен таратуды сұрады.
Еркебұлан Рахметолла,
Бөкей ордасы ауданы
zhaikpress.kz