Бүгін облыс әкімі Нариман Төреғалиев Ұлы Отан соғысының ардагері Анастасия Чегнахаева мен еңбек және соғыс ардагері, «І және ІІ дәрежелі Отан соғысы» ордені, «Қызыл Ту» ордені, «Құрмет белгісі», «Ерлік үшін» медалінің иегері Хамза Сафиннің жесірі Ралида Арслановаға арнайы барып, 9 мамыр Жеңіс күнімен құттықтады. Құттықтау хатын беріп, мерекелік сыйлықтар табыс етті.

Аймақ басшысы алдымен Анастасия Федоровнаның үйіне барды. Ұлы Отан соғысында радист болған майдангерді Жеңіс күні көрші-көлем құттықтап, үйдің ауласында сый-құрмет көрсетіп жатыр екен. Ұлттық ұланның 5517-әскери бөлімінің оркестрі де музыкамен сүйемелдеді.
Нариман Төреғалиұлы сұрапыл соғыстағы майдангердің көрсеткен жаужүрек ерліктеріне бүгінгі ұрпақ бас иетінін айта келе, бізге бейбіт өмір сыйлаған жауынгерге зор денсаулық пен ұзақ ғұмыр тіледі.

Айта кетейік, Анастасия Федоровна 1921 жылы 1 мамырда Орынбор қаласында дүниеге келген. 1938 жылы Орал қаласына көшіп келеді. 1942 жылы Қызыл Армия қатарына шақырып, Қиыр Шығыста 34-ші дивизияның ауыр бомбалаушы ұшағында қызмет еткен. Дүниежүзілік соғыстың ІІ дәрежелі орденімен және «Жапониямен соғыста жеңіске жеткені үшін» медалімен марапатталды. Соғыстан кейін Орал қаласына қайта оралып, 1962-1982 жылдары есту қабілеті нашар төменгі сынып балаларына тәрбиеші қызметін атқарып, сол қызметтен зейнетке шығады. «Қазақ КСР халық ағарту ісінің үздігі» атағы берілген.

Ал Ралида Арсланованы мерекемен құттықтаған Нариман Төреғалиұлы Хамза Сафин туралы естелігімен бөлісті.
- Хамза Абдрахманұлымен бірге жұмыс жасадық. Өмірде қандай жақсы адам болғанына куә болдық. «Мүгедектер қоғамының» төрағасы қызметін атқарды. Жұмысына үнемі жаяу барып келетін. Ал кеште саяжайда бақша баптайтын. Ол кісінің бейнесі мәңгілік есімізде, - деді өңір басшысы.
Көрсетліген құрметке риза болған қос ана алғысын айтып, ел тыныштығын тіледі.



Динара Насыр,
Фото: Әділет Ғабдрешев
zhaikpress.kz