15.06.2023, 9:00
Оқылды: 91

Орал қаласы: Мәметова көшесіне көңіл бөлінсе...

Орал қаласы жыл сайын көркейіп келеді. Десе де, Мәншүк Мәметова көшесін дамытуға қатысты түйткіл бар.

маметова жолы

Елімізді, халқымызды жаудан қорғап, майдан даласында қаза тапқан батыр қызымыз Мәншүк Мәметова көшесінің асфальты қала орталығынан бермен Неусыпова көшесімен қиылысатын тұсқа дейін салынған. Осы жолдың ар жағындағы бөлігі көктем мен күзде балшық, жазда бұрқыраған топырақ болады. Жаяу жүргіншіге де,  көлікке де жүруге мүмкіндік жоқ. Көше тар, жаяу жүргінші жолы да салынбаған. Аутобос жүрмейді, қатынасқа өте қиын. Орал қаласындағы Н. Назарбаев зияткерлік мектебінде, №19 ЖОББМ-да оқитын ұл-қызымызды таксимен тасимыз. Күн сайын такси жалдау да қалтаға соғады. Көшеде жарық болмады. Осы жағдайларды бұрынғы облыс әкімі Ғали Есқалиевке бірнеше мәрте баяндадым, былтыр ғана шам қондырылды.

аялдамасы

Ендігі мәселе – жол. Мектепке баратын балалар қыста таңғы алагеуімде үйден шықса, түсте оқитындар кеш бата келеді. Көше толы – бұралқы иттер. Осы орайда Жуков пен Мәметова көшелері қиылысына аялдама салу керек. Сонда №7 автобус Селекционныйдан қайтқанда сол жерге аялдайды. Сондай-ақ қалалық орталық мәдениет саябағына бұрылатын айналма жол да қажет. Қоғамдық көлік сол жерден айналып, Н. Назарбаев даңғылымен жүріп, бағытын әрмен қарай жалғастыра береді. Тұрғындар үшін базарларға, орталық көшелерге баруға үлкен мүмкіндік болар еді. Бұл – Мәметова көшесіндегі Киров шағынауданы жағындағы халықтың сұранысы. Президентіміз Қасым-Жомарт Кемелұлы Тоқаев халықтың мұң-мұқтажын тыңдау үшін жергілікті басшылардан ашықтықты талап етеді. Облыс әкімінің қабылдауына екі мәрте жазылдым. Бірақ қабылдау бөлімінен қай күні кіре алатындығым туралы жауап ала алмадым. Сондықтан «Орал өңірі» облыстық газетіне беруіме тура  келді.

Халық өзін толғандыратын мәселелер мен талап-тілегін жеткізуге құқылы екендігін ескерген жөн.

 

Жаңылғаным Ахмулдина,

Орал қаласы

Узнайте первым о важных новостях Западного Казахстана на нашей странице
в Instagram и нашем Telegram - канале