Орал қаласының тұрғынына бес күн ішінде жылдамдықты асырғаны үшін 1 млн 500 мың теңге айыппұл салынды, деп хабарлайды БҚО ПД баспасөз қызметі.
«Бүгін «Suncar Smart Qorgau» жүйесінің көмегімен облыс орталығының көшелерінде жол қозғалысы кезінде жылдамдықты бірнеше рет асырған «Ваз 2112» автокөлігі анықталды.
Орал қ. ПБ патрульдік полиция батальонының қызметкерлері аталған автокөлікті шамамен сағат 10:10-де Есенжанов көшесінің бойында тоқтатты. Жауап алу кезінде жүргізушінің Орал қаласының 19 жастағы тұрғыны екені анықталды.
Ол бес күн ішінде жылдамдықты 33 рет асырғаны белгілі болды. Жалпы айыппұл сомасы 1 миллион 500 теңгені құрайды. Жүргізуші айыппұлды оңайлатылған тәртіпте 50%-ын өтей алады, яғни, ол 500 мың 250 теңгені құрайды, - деп хабарлады ведомстводан.
Қазіргі уақытта автокөлік арнайы тұраққа қойылған.
zhaikpress.kz