Білімді, тәрбиелі әрі дені сау ұрпақ – ұлттың ең қымбат байлығы. Олай болса, жастардың оқумен қатар, өнер үйреніп, спортпен шұғылданып, жан-жақты жетілуіне қолайлы жағдай жасау – мемлекеттің мойнындағы борышы. Сол себепті Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев өзінің Жолдауында бұқаралық спортты дамыту мәселесіне назар аударған болатын.
Бүгін Теректі ауданының әкімі Әлия Мұханбетжанова бір топ спортшыларды қабылдап, емен-жарқын жүздесті. Олардың қатарында спорттық бағдарлаудан ҚР чемпионаттарының бірнеше дүркін чемпиондары, спорт шеберлігінен үміткер, ҚР ұлттық құрама мүшелері – Шынар Амангелдиева, Бекзат Жаңғожиев, Алина Ғұбашева, талантты футболшы Саят Сейпулла, дзюдо, самбо, қазақ күресінен бірнеше дүркін чемпионы Қуанышбек Досқалиев бар. Тінін тарқатсақ, Шынар өткен жылы желтоқсан айында Қытайдың Гонк-конг қаласында өткен жастар арасындағы Азия чемпионатының қатысушысы, «Бурабай – 2024» халықаралық турнирінен екінші орынды иеленді. Ал Бекзат 2022 жылы Францияның Нормандия қаласында өткен Бүкіл әлемдік оқушылар гимназиясының қатысушысы. Сондай-ақ Алина «Бурабай – 2023», «Бурабай – 2024» халықаралық турнирінің чемпионы. Спорттың қыр-сырын үйретіп, тәлім-тәрбие беріп жүрген жаттықтырушысы Ерлан Сағыналин. Подстепное ЖОББМ түлегі Саят – 19 жасқа дейінгі жастар арасында футзалдан «Бәйтерек» футбол командасы сапындағы чемпион, Орал қаласы бірінші лига жеңімпазы, «Орал КАП – 2022» турнирінің жүлдегері. Қазіргі таңда «Бәйтерек U-19» команда ойыншысы. Оның жаттықтырушысы белгілі спортшы Қажет Джалитов екенін айта кеткен жөн. Ал Қуанышбек – республикалық, халықаралық турнирлердің жүлдегері. Облысымызда өткен «Қазақстан Барысы» іріктеу турнирінің ІІІ-орын иегері.
– Енді Астана қаласында өтетін «Қазақстан Барысы» турниріне жолдама алды, – дейді жаттықтырушысы Нұрсұлатан Болат.
Кездесуде аудан басшысы сан түрлі додаларда ел абыройын асқақтатып, олжалы оралып жүрген спортшыларға игі тілегін арнады.
– Сіздер спорт бәсекелерінде жеңімпаз жүлдегер атанып, ел мерейін өсірдіңіздер! Өзге де мықты спортшылар бақ сынасқан бәсекелерде теректіліктердің топ жаруы біз үшін қуанышты жаңалық. Спортшыларымыздың үздіксіз жалықпай жаттығып, жарысқа жауаптылықпен қарауы мен жаттықтырушылардың дайындық процесін дұрыс ұйымдастыра білуінің арқасында осындай зор жетістіктерге қол жеткізіп отырмыз. Өлкенің мерейін асқақ еткен қандай да болмасын жетістіктеріңіз біз үшін зор абырой. Алдағы уақытта да табандылық пен жоғары спорттық шеберліктеріңізді паш етіп, елімізді халықаралық сайыста лайықты көрсете беріңіздер, – деді Әлия Биғазықызы.
Аудан әкімімен жүздесу барысында жаттықтырушылар Подстепный ауылына футбол алаңы және жарыстарға жарқырап киіп шығатын спорттық киім қажет екенін тілге тиек қылды. Сонымен қатар спортшылар мен жаттықтырушылар алға қойған мақсаттары хақында айтып, жоспарларымен бөлісті. Қабылдау соңында аудан басшысы меймандарды алғыс хатпен марапаттап, арнайы сый-сыяпаттарды табыстады.
Самал Жамет,
Теректі ауданы