10 шілде – Ветеринария қызметкерлері күні
Баршамызға мәлім, ҚР Еңбек және халықты әлеуметтік қорғау министрлігі кәсіби мерекелердің тізімін кеңейтіп, оған сегіз тармақ қосты. Олардың қатарында 10 шілдеде атап өтілетін ветеринариялық қызметкер күні бар.
Бұған дейін Ауыл шаруашылығы министрлігі ветеринарлардың кәсіби мерекесін 10 шілдеде атап өтуді ұсынған болатын, өйткені бұл күні Қазақстанда «Ветеринария туралы» бірінші заң қабылданды.
Осы орайда бүгін Жәнібек ауданы әкімі Тимур Шиниязов аудандағы ветеринария саласы қызметкерлерімен жүздесіп, кәсіби мерекемен құттықтады.
– Жалпы ветеринария қызметкерлері қоғамда үлкен рөл атқаратын мамандар. Сіздердің жұмыстарыңыз өте ауқымды. Жануарлардан таралатын қаншама ауруларды емдеумен айналысып, өз өмірлеріңізді тәуекелге тігіп, жұмыс жасайсыздар. Сонымен қатар ауыл шаруашылығы өнімдерінің қауіпсіздігін қамтамасыз ету де сіздердің мойындарыңызда. Осындай жауапкершілігі үлкен қызметтеріңізге алдағы уақытта сәттілік тілеймін. Еліміздің дамуына қосып жүрген үлестеріңіз үшін өз атымнан алғыс білдіремін. Жұмыстарыңыз жемісті болсын, - деп аудан басшысы бір топ маманға өз атынан алғысхат пен естелік сыйлықтар табыстады.
Дәлірек айтсақ, Меруерт Кенжеғалиева, Асхат Абдығалиев, Роллан Нарынов, Жайхат Қыдырғалиев, Бекнұр Темірәлиев, Алмат Болатов, Раушан Айтқалиева, Ботакөз Бөкенова, Әділғазы Ералиев кәсіби мерекеге орай марапатталды.
Өз кезегінде аудандық аумақтық инспекциясының басшысы Амангелді Телағысов пен аудандық ветеринариялық стансаның директоры Мирболат Теміров сөз алып, аудан басшысына алғыс білдіріп, әріптестерін кәсіби мерекемен құттықтады.
Аудандық лабораторияның маманы Меруерт Мақсотқызы да қуанышын жасыра алмай, рахмет айтып, жылы лебізін жаудырды.
Гүлзара Мәди
Жәнібек ауданы