Музей – елдің рухани қоры, мәдени мәйегі. Ауданымыздағы Чапаев атындағы Ақжайық тарихи өлкетану музейінде ықылым заманнан бері бүгінгі күнге мұра болып жеткен көне жәдігерлерді көріп, тарихи кезеңдерді кезіп, оқиғаларға ой жүгіртіп, белгілі дәуірдегі тұрмыс-салтпен танысып, тағлым алуға, келешекке кемел көз жүгіртуге әбден болады. Өлке тарихын келешек ұрпаққа жеткізу жолында бабаларымыздан қалған құндылықтарды жинап, көздің қарашығындай сақтап отырған бұл ғимарат қоғамның рухани дамуына орасан үлес қосып келеді. Әсіресе, арайлы Ақжайық өңірінің талантты тұлғалары мен құнды мұраларына қатысты жәдігерлерге бай. Осындай баға жетпес құндылықтарымызды жиып-теріп, мұражай төріне қойып қана қоймай, оны ұзақ жылдар сақтауға әрі жаңаша кейіпке енгізіп, ескі ғимаратқа әдемі өң беруге күш салған музей қызметкерлерінің еңбегі қашан да биік.

Аудан орталығына келген кез келген жан өңірімізбен танысуды алғаш музейден бастайтыны белгілі. Әрі үйімізге сыйлы мейман келсе де, өткенімізді мақтан етіп, бар жақсылығымызды көрсету үшін апаратын бірден-бір орын осы. Көптен бармаған екенбіз, осы мақаланы жазар алдында музейге біз де бас сұғып, тарихтың тереңінен сыр шертетін залдарды аралап шықтық.
Рухани бұл орынға әр сапарың алғаш рет келгеніңдей ғой, деміңді ішіңе тартып, ерекше аура, сыбырсыз тыныштықты бұзғың келмейді. Иісі де бөлек бұл жердің. Көне заттар, өткеннің көзіне айналған жәдігердің әрқайсысы жақындап кетсең, талай сырды ақтарып салғысы кеп тұрғандай.

Есікті ашып, ішке кірген бізді музейдің экскурсия жетекшісі Юлия Нұрланқызы жымиып қарсы алды. Қонақ күтуге әбден төселген ғой, «Қош келдіңіздер, қуаныштымыз сізді көргенімізге» деп, жылыұшырап әңгімесін бастады. Нағыз кәсіби шеберлік ісіне адал маманның әр сөзі, әр қимылынан анық көрініп тұр. .«Жақсының жақсылығын айт, нұры тасысын» демекші, сынаптай сырғыған кейде жаныңда жүрген осындай жайдары жандардың қарапайым болса да, ізгі осындай істерін бағалап жүргеніміз жөн.

Юлияға қойған ең алғашқы сұрағымыз музейдің ең құнды жәдігері туралы болды. Ойланбастан, тарихтың күзетінде тұрған маман «Музейдің өзі» деп жауап берді. Расында да, өткенімізден қалған жәдігерлерді көздің қарашығындай сақтап отырған бұл мекеме тарихи маңызды ғимаратта орналасқан. Іргетасы сонау 1854 қаланған бұл ғимарат – көненің нағыз көзі.

– Біздің музей ғимараты еліміздің тарихи және мәдени ескерткіштер тізіміне енгізілген. Ғимарат екі корпустан тұрады. Біріншісі – кезінде Чапаевтың штабы орналасқан ғимарат болса, қасындағы жаңасы 1977 салынған. Чапаевтың штабына айналғанға дейін Орал өңіріндегі ықпалды көпес Манжуковтың үйі болған екен, – деді Ю.Нұрланқызы.
Өлкенің тарихын танытатын мекемеге ең бірінші заманауи келбет керек, әлбетте, шынымен қапталған арнайы тақырыптық бұрыштар толы жәдігерлер көненің жаңамен әдемі үйлесімін байқатып тұр. Туған жер табиғатына арналған алдыңғы залда өз жерімізде мекендейтін аң-құс, балықтардың табиғи мүсінінің қойылуы танымдық орталықтың сән-салтанатын арттыра түскен.
– Музей – кез келген елдің тарихи жадын жаңғыртушы қастерлі орын, әрі шежіреміздің баға жетпес қоймасы іспетті. Ол ұрпақтар арасын жалғайды, мәдениеттер арасын жақындатады. Кез келген жерге барғанда алғашқы әсер мен түсінік оның тарихымен танысудан басталады. Сондықтан осы маңызды миссия бізге жүктелген, – деп әңгімесін жалғастырды экскурсия жетекшісі өзіне етене таныс залдарды аралай жүріп, – ауданымыздың бай тарихын түгендеу, дәстүрімен таныстыру, көнені бүгінге жеткізіп, қазіргі құндылықтарды қастерлеуіміз қажет.
Маманның айтқанымен еріксіз келісесің, себебі ауданның тарихы, археологиясы, этнографиясы, табиғаты бойынша музей қорында бүгінде 9047 жәдігер жинақталған. Үздіктері 7 экспозициялық залда көрерменге ұсынылады. Музей жәдігерлерінің ішіндегі ең құнды, маңызды жинақтары ол – археология классификациясына біріктірілген, зергерлік бұйымдар. Бұлар музейдің екінші залынан орын теуіпті. Айталық, қола айналар, жебенің ұштары – изолит дәуірі, сақ, савроматтар кезеңінен, жүзіктер – ХVІІІ-ХХ, тұмарша – ХІХ ғасырдағы. Көрмелерде түрлі елдердің қағаз ақшалары мен тиындары да бар. Осының бәрі әсіресе жас ұрпақты адамзаттың тарихына деген ерекше көзқарасқа, құрметке тәрбиелейді. ХVІІІ-ХХ ғасырларға жататын күміс бұйымдар: білезіктер, жүзіктер, өңір жиек-алқалар, сырға, қапсырмалар және сәукеле бар. Әрине, бұлар – біздің баға жетпес байлығымыз. Қазақта «Ер қаруы – бес қару» деген даналық бар. Осы залда ату қаруы садақ, кесу қаруы семсер, түйреу қаруы найза, шабу қаруы айбалта, соғу қаруы шоқпар қойылған. Ағаш пен теріден жасалынған қазақ халқының тұрмыстық бұйымдарымен де осы жерден танысуға болады. Экскурсия жетекшісінің де міндеті сол – келушілерге әр жәдігердің шежіресін баяндау.
Ал нумизматика көрмесінде түрлі кезеңдегі елдердің қағаз ақшалары мен тиындары көрсетілген. Бұл тек ақшалар жинағының емес, адамзаттың тарихына деген ерекше көзқарастың көрмесі екені сөзсіз. Солар арқылы да қоғам дамуындағы, мәдениеттегі өзгерістер туралы, тарихи маңызды оқиғалар туралы қызықты ақпарат алуға болады.

Музей ісінің негізгі міндеті де – өңіріміздегі жергілікті тұрғындардың қолында сақталған құнды, мәдени мұрамыз көне жәдігерлерді жинақтау. Көп жағдайда тұрғындар ата-аналары кезінде тұтынған тұрмыстық бұйымдарды өз еркімен музейге сыйға береді екен. Әсіресе, этнографиялық жәдігерлер, сурет, құжаттарды көптеп тапсырады.
Қорды жинақтаудың да өз ерекшеліктері бар екен. Бұған музей маманымен сұхбат барысында қанықтық. Әр жәдігер түріне қарай екі қордың біріне тіркеледі. Біріншісі – негізгі қор. Оған заттай жәдігерлер, суреттер, тарихи дүниелер енгізіледі. Музей қызметкерлері бұл затты қорға алып қана қоймай, оның тарихын бүге-шүгесіне зерттейді. Қосалқы құжаттарға құжаттар, фотосуреттер қабылданады екен.
– Жақсы сақталған, құндылығы да қымбат жәдігердің бірі – 18 ғасырда қыз-келіншектеріміз киген етік. Ойлап қараңызшы, сол кездің өзінде біздің әжелеріміз тақалы, ою-өрнекпен зерленген, күміспен күптелген әдемі етік киіпті. Бұл дүние «Музейге жәдігер сыйла» акциясынан олжаланды. Сонымен қатар 1977 жылы салынған «Чапаевшылардың соңғы ұрысы» деп аталатын диораманы атап өткім келіп тұр. Оның авторы – Вениамин Сибирский. Музейімізге келген кез келген адам осы диораманы көргенде, ерекше әсер алғанын айтып кетеді.
Сондай-ақ, Юлия Нұрланқызымет сұқбат барысында әр сөзінен қызметіне шынайы адалдықты байқадық.
– Шыны керек, мұражай – ауданның тарихы, баға жетпес байлығы. Тұрғындардың қолында көп жәдігерлер бар. Бірақ, көпшілігі ата-анамның көзі, үйде тұрсын деп, өздері сақтағысы келеді. Бірақ осындай құнды дүниелердің үйде емес, мұражайда ғұмыры ұзақ болады емес пе?! Бұл жерде тұрған әрбір экспонатқа ерекше күтім жасалады, – деген сөзінен мұражайға деген жанашырлығын байқадық.
Киелі Ақжайығымыздың тарихқа өте бай өлке екені даусыз. Сондықтан өлкетанушылардың да, тарихшылардың да ықылым замандардың қойнауына үңіліп, ізденістер мен зерттеулерді жалғастырып, болашақ ұрпаққа қалдырар мұралары әлі де көп. Осы мақсатта мектептердің өз музейлері ашылып, аудандық туризм орталығымен тығыз байланыс орнатылған. Биыл тарихи-өлкентану музейі солардың арасында үлкен байқау ұйымдастырып, үздіктерінің жұмысын насихаттауды жоспарлап қойыпты. Бұл дегеніміз – өлкені тану, тарихты зерделеу ісінің ұрпақтан ұрпаққа жалғасатынының кепілі.
Әсия Шырай,
Ақжайық ауданы