Жақында Бөрлі ауылдық округінде «Ақсай» мәдени-бұқаралық ат спорт кешені жанынан «Бөрлі» ат спорт клубы ашылып, өз жұмысын бастады. Осыған орай Бөрлі ауылдық округінде жаппай көкпар және аударыспақтан аудандық турнир ұйымдастырылды.

Аталған ұлттық ойын жарыстарына аудандық дене шынықтыру және спорт бөлімінің басшысы Исатай Қарабаев, Бөрлі ауылдық округінің әкімі Әзілхан Зарифов, Бөрлі аудандық бәйге федерациясының жетекшісі Ахмет Италиев, «Шыңғырлау» спорт клубының директоры Жұбаныш Түймешов, Бөрлі ат спорт клубының жетекшісі Серік Калимолла, Бөрлі ауданында ұлттық ат спорт түрінің негізін қалаушы, жарыстың бас төрешісі, аға жаттықтырушы Берік Мұқашев, ұлттық ат спорт түрлерінің жанашырлары Азамат Таженов, Илияс Дүйсенбиев, «Ақсай» мәдени-бұқаралық ұлттық ат спорт кешенінің директоры Бауыржан Мухтубаев қатысты. Жарысқа Ақсай қаласы, Қызылтал шағынауданы, Бумакөл, Қанай және Бөрлі ауылдық округ командалары қатысты.

Аударыспақтан 70 келі салмақ дәрежесінде І орынды Бекнұр Абдрахманов (Ақсай қаласы), ІІ орынды Мұрат Абигов (Қанай а/о), ал ІІІ орынды Аслан Абдулкаримовтер (Қызылтал ш/а) жеңіп алды. 80 келі салмақта Абай Кенжебаев І орын, ал Эльдар Мифхатов (Ақсай қаласы) пен Кенжемұрат Бисенғалиев (Қызылтал ш/а) ІІ және ІІІ орындарға ие болды. 80+ салмақта Райымбек Сабырғали (Бөрлі а/о) жеңімпаз атанса, Арсен Мукашев (Бумакөл а/о) пен Нұрқанат Теңізбай (Қызылтал ш/а) ІІ және ІІІ орындармен марапатталды.

Ұлттық спорт түрінен ұйымдастырылған турнирдің қорытындысы бойынша жеңіске жеткен спортшыларға «Ақсай» мәдени-бұқаралық, ұлттық ат спорт кешенінің дипломдары, медальдары және қаржылай сыйлықтары табысталды.
Айдана Абдрахманова,
Бөрлі ауданы