Оралдағы Петр Атоян атындағы стадионның футбол алаңы жаңартылды. Қазақстан футбол федерациясының «ALAN» жобасы аясында стадион төсеніші жаңа заманғы жасанды көгалға ауыстырылды.

Биыл тамыз айында басталған алаң ауыстыру жұмыс да аяқталды. Жаңа кейіпке енген стадионның ашылуына БҚО дене шынықтыру және спорт басқармасы басшы орынбасары – Мирболат Нұржанов, БҚО футбол федерациясының президенті Ғайса Қапаков, спорт және футбол ардагері, «Уралец» командасының алғашқы жаттықтырушысы Анатолий Бурый және «Жайық» футбол клубының құрылтайшысы «Sawir» ресторандар желісінің иесі Асхат Ишмухаметов қатысты.

- Көп жылдан бері жөндеуді қажет етіп келген өңірдің басты стадионының көгалы жаңарды. Енді жас футболшылар алаңсыз жаттығып, шеберлігін шыңдауға мүмкіндік алды. Жаңарған алаң жаңа футбол жұлдыздарының шығуына септігін тигізетініне сенімдіміз, - деді Мирболат Нұржанов.
Одан соң сөз алған шақырылған қонақтар да жылы лебізін білдірді.
Биыл тамыз айында ҚР Футбол федерациясының «ALAN» жобасы аясында басталған алаң төсеу жұмысы уақтылы аяқталды. Алаңға "CCGRASS" компаниясының FIFA Preferred Provider сертификаты бар, UEFA талаптарына сай жасанды газон төселді.
Жобаны жүзеге асыруға 170 миллион теңгеден астам инвестиция салынды.

Алаңнан бөлек стадионға ағымдағы жөндеу жұмысы да жүргізіліп жатыр. Қазіргі таңда трибуналар мен әжетханасы жаңарды, кіші футбол алаңы да жаңа кейіпке енді. Ішкі әрлеу жұмысы да қолға алынды. Жүгіру жолағы алдағы уақытқа қалыпқа келтіріледі.
2023 жылы басталған "Аlan" жобасы аясында осы кезге дейін ел аумағы бойынша 18 алаң жаңарды. Жыл соңына дейін бұл сан 22-ге жетеді.
Түгелбай Бисен,
фотоға түсірген: Бекзат Қанәділ