Бүгін Бөрлі және Ұялы ауылдық округтерінде жаңа ветеринариялық пункттерінің ашылу салтанаты өтті.

Аталмыш шараға облыс әкімінің орынбасары Қалияр Айтмұхамбетов, аудан әкімі Нұрлыбек Даумов, БҚО ветеринария басқармасының басшысы Абзал Бралиев, округ әкімдері және ветеринариялық станция қызметкерлері мен ауыл тұрғындары қатысты.

Өз кезегінде өңір басшысының орынбасары барша шараға қатысушыларды құттықтап, ветеринария қызметкерлердің жұмысына сәттілік тіледі. Сонымен қатар Қалияр Шадиярұлы ауыл шаруашылық саласы өңіріміздің мақтанышы екенін айтып, бұл жоғары көрсеткіш біздің, яғни Бөкей Ордасы ауданына тиесілі екенін жеткізді.

Су жаңа ғимараттың лентасын кесу құрметі облыс әкімінің орынбасары Қалияр Айтмұхамбетовке және ауыл шаруашылық саласының ардагерлері Ерсайын Құбышев (Бөрлі) пен Мұқси Бекқалиев (Ұялы) ағаларымызға ұсынылды.

Лента қию рәсімінен кейін жиналған қауым ғимаратқа бас сұқты. Өз кезегінде Қалияр Айтмұхамбетов сала қызметкерлерінен ғимарат күтіміне назар аударуын сұрады. Сала мамандары жұмыс жасауға толық жағдай жасалғанын айтып, бір ауыздан алғыстарын жеткізді.

Айта кетелік, әр ғимараттың құрылысына 15 млн қаражаттан жұмсалған екен. Бөрлі ауылында бой көтерген ғимарат құрылысына жеке кәсіпкер Алтай Қитанов жауапты болса, Ұялы ауылында ғимаратты салған Дәулет Бақтығалиев.
Еркебұлан Рахметолла
Сурет автордікі