Батыс Қазақстан облысында 2025 жылғы 11 айдың қорытындысы бойынша медициналық мекемелерде негізсіз есепке алудың 4 798 дерегі анықталып, оның жалпы сомасы 71 млн 557 мың 687,21 теңгеге жеткен, - деп жазады Kazinform.

Сурет сайт архивінен
«Әлеуметтік медициналық сақтандыру қоры» КЕАҚ Батыс Қазақстан облысы бойынша филиалынан мәлім еткеніндей, мекемелер көрсетілмеген қызметті көрсетілді деп төлеуге ұсынған.
2025 жылдың қорытындысы толық жабылған жоқ, деректері нақтыланып, кейін берілетін болады.
Kazinform тілшісінің арнайы сауалына жауап берген филиал мәліметіне қарағанда, 2025 жылы 963 шағым түскен. Шағымдардың басым бөлігі медициналық көмектің сапасына, ұзақ күту мәселелеріне, дәрі-дәрмектің уақтылы берілмеуіне, сондай-ақ расталмаған медициналық қызметтердің көрсетілуіне қатысты болды.
Аталған арыздардың 510-ы шағымданушылар тарапынан кері қайтарылып алынды. Бұл қор филиалының арыз берушілермен дер кезінде байланысқа шығып, медициналық ұйымдардағы пациенттерді қолдау және ішкі бақылау қызметімен бірлесе отырып, науқастардың мәселелері бойынша жедел шешім қабылдауының нәтижесінде жүзеге асты.
— 2025 жылғы 31 желтоқсандағы жағдай бойынша Батыс Қазақстан облысында МӘМС жүйесінде 105 955 адам сақтандырылмаған еді. Қазіргі таңда сақтандырылмаған азаматтар саны 81 809-ға дейін азайды. Бұл нәтиже қабылданған заң аясында жүзеге асырылып отыр. Яғни міндетті әлеуметтік медициналық сақтандыру жүйесі аясында дағдарысты және шұғыл әл-ауқат деңгейіндегі (D және E санаттары) азаматтар үшін жарналар жергілікті бюджет қаражаты есебінен төленеді, — деп хабарлады ведомстводан.