Қазталов аудандық мәдениет үйінде халықтық «Гүлдерайым» әжелер ансамблінің құрылғанына 15 жыл толуына арналған «Әжелердің сара жолы» атты мерекелік концерт өтті.

Идея авторы әрі жүргізушісі, ансамбльдің ұзақ жыл бойғы жетекшісі Нұрия Хабибуллина жүргізген кеште ұлттық өнер насихатталып, ұжымның шығармашылық жетістіктері дәріптелді.

Мерейтой аясында ансамбль мүшелері марапатталып, ансамбльдің негізін қалаушы Зәуреш Базарғалиева Қазақстанның салалық мәдениет, спорт, туризм және ақпарат қызметкерлерінің кәсіптік одағының «Еңбек даңқы» төсбелгісіне ие болды.

Кеш соңында аудан әкімінің орынбасары Серік Ерболатұлы, округ әкімі Ернар Бақтиярұлы және ардагерлер ұйымының төрағасы Жүсіп Шакуов құттықтау сөз сөйлеп, ақжарма тілек арнады.
Жайна Қабиболла,
Қазталов ауданы