Орал қаласында «Жасанды интеллект негізіндегі интеллектуалды телемедицина» тақырыбында Қазақстан–Корея халықаралық симпозиумы өтті. Іс-шараға Қазақстан мен Корея Республикасының жетекші медициналық ұйымдарының өкілдері, сала мамандары және өңірлік медицина қызметкерлері қатысты.

Жиынға Католиктік Квандонг университетіне қарасты «Әулие Мария» халықаралық клиникасының президенті Ко Донг Хён және халықаралық байланыстар департаментінің директоры, профессор Ким Хе Юн арнайы қатысты.

Жиында сөз алған Батыс Қазақстан облысының әкімі Нариман Төреғалиев телемедицина мен цифрлық денсаулық сақтау жүйесінің маңыздылығына тоқталды.

Әкім Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев айқындаған 2029 жылға дейін халықтың орташа өмір сүру ұзақтығын 77 жасқа жеткізу міндетін атап өтіп, бұл мақсатқа жетуде цифрлық медицина мен жасанды интеллект технологияларының рөлі ерекше екенін айтты.

Сондай-ақ ол өңірде телемедицина жүйесінің нақты нәтижелерін атап өтті. Қазіргі таңда облыста 38 медициналық ұйым телемедицина жүйесіне қосылған. 2026 жылдың бірінші тоқсанында 383 телемедициналық консультация өткізілген, оның 50-і республикалық клиникалармен бірлесіп жүзеге асқан. Ал көрсетілген жалпы 315 мың медициналық қызметтің 24 мыңы қашықтан көрсетілген.
Әкімнің айтуынша, облыс дәрігерлері Кореядағы «Әулие Мария» клиникасымен тығыз байланыста жұмыс істейді. Ынтымақтастық аясында өңірдің 10 білікті дәрігері шетелдік клиникада тәжірибеден өтіп, мамандармен тұрақты видеоконсультациялар жүргізуде.
Сондай-ақ, облыста ауылдық денсаулық сақтау жүйесін дамытуға ерекше көңіл бөлініп отыр. Соңғы жылдары ауылдарда медициналық инфрақұрылым жаңартылып, жаңа нысандар салынған, заманауи құрал-жабдықтармен қамтамасыз ету жұмыстары жүргізілуде.

Симпозиум барысында Теректі ауданында жүзеге асқан «Онлайн медицина» жобасының нәтижелері таныстырылды. Жоба аясында ауылдық медициналық ұйымдарға HES-7 диагностикалық жүйесі орнатылып, Damumed жүйесімен интеграция жасалған.
Сонымен қатар Орал қалалық көпсалалы ауруханасында ми инсультін ерте анықтауға мүмкіндік беретін «CEREBRA» жасанды интеллект жүйесін енгізу жоспарланып отырғаны айтылды.

Айта кетейік, 2026 жыл Қасым-Жомарт Тоқаев бастамасымен Қазақстанда цифрландыру және жасанды интеллект жылы болып жарияланған.
Автор және фото: Бекзат Қанәділ