29.05.2026, 16:30
Оқылды: 52

Қылқалам мен қайсарлық тоғысқан тағдыр

Очерк

Денсаулықтағы шектеу оның жолына тосқауыл бола алмады. Керісінше, ол әлсіздікті күшке айналдырып, қылқалам мен қайсарлықты қатар ұстаған тағдыр кешті. Құбайдолла Хамзаұлы Хасановтың ғұмыры – үнсіз өрілген, мағынасы терең дастан. Ол – бояу тілімен сөйлеп, ісімен дәлелдеп, өмірімен өнеге көрсеткен жан.

Хасанов К

Соғыстың салқыны әлі сейілмеген 1946 жылғы 10 сәуірде Приурал (Бәйтерек) ауданының Петров елді мекенінде дүниеге келген оның балалық шағы  ауыл тіршілігінің қарапайым, бірақ тағылымға толы көріністерімен өрілді. Әкесі –  Ұлы Отан соғысының ардагері, майданнан бір қолынан айырылып оралған жан. Алты жасар баланың иығына түскен жауапкершілік оны ерте есейтті: әкесінің жанынан табылып, шаруашылыққа араласты, атқа мініп, қой бақты. Бұл оның болашақтағы қайсар мінезінің алғашқы мектебі еді.

Январцев ауылындағы мектепті орыс тілінде тәмамдаған Құбайдолланың жан дүниесінде өнерге деген іңкәрлік ерте оянды. Алайда тағдыр оны әуелі басқа бағытқа бұрды.

– 1966 жылы Оралдағы ауыл шаруашылығы институтының зооветеринарлық факультетіне оқуға түстім. Негізі суретшілікке барғым келген, бірақ ол кезде қаламызда ондай оқу орны болмады. Ин­ституттың бір курсын бітірген соң академиялық демалыс алып, Алматыға барып, Н. Гоголь атындағы көркемсурет училищесіне тап-сырып едім, түсіп кеттім, – деп сөзін  бастады кейіпкеріміз.

Бұл оның өміріндегі үлкен бетбұрыс еді. Училищедегі жылдар оның өнерге деген көзқарасын кеңейтті. Мәскеу мен Ленинград музейлеріндегі жауһар туындылармен жүздесу оның жанарында жаңа әлемнің есігін ашты. Сол сәттен бастап қылқалам – оның тіліне, ал кенеп – сырлас досына айналды. Ол өнерді жай кәсіп емес, жүрекпен жазылған жыр, бояумен өрілген тағдыр деп қабылдай бастады. 1972 жылы училищені аяқтаған соң түрлі шаруашылық мекемесінде суретші-безендіруші болып еңбек етті.

70-ші жылдардың соңында оның алғашқы графикалық туындылары республикалық көрмелерден көріне бастады. Бұл оның өнердегі өзіндік қолтаңбасының қалыптасқанын көрсетті. Кейін Шымкенттегі көркемөнер шеберханасында еңбек етіп, үлкен сипаттағы күрделі  жұмыстарға  араласты.

Автопортрет, 1979 ж.

1981 жылы әкесінің денсаулығына байланысты туған жерге оралуы – оның өміріндегі маңызды шешімдердің бірі болды. Оралға келген соң ол туған жердің тынысын шығармашылығына арқау етті.

– Федоровкада жаңа ашылған аудандық музей мәдени іс-шаралар өткізетін орталыққа айналып үлгеріпті. Жергілікті кәсіби және әуесқой суретшілер бірігіп көрме өткізуді жоспарладық. Сөйтіп, жеті суретшінің 24 жұмысы көрмеге қойылды. Оның ішінде менің «Әбілхайырдың күйзелуі», «Чапаев сарбазы – В.Г.Грищенко» портреттері мен «Солған гүлдер» натюрмортым болды, – дейді қылқалам шебері.

Құбайдолла Хасановтың әрбір туындысы – үнсіз сөйлейтін тарих. Натюрморттарында тұрмыстың тынысы сезілсе, пейзаждарында туған жердің лебі аңқиды, ал портреттерінде адам жанының терең қатпарлары ашылады. Құбайдолла аға үшін сурет салу – жай кәсіп емес, ол – жүрекпен жазылған жыр, бояумен өрілген тағдыр.

– 1983 жылы Мәскеуде КСРО халықтарының VIII жазғы спартакиадасына арналған «Дене тәрбиесі мен спорт – бейнелеу өнерінде» тақырыбындағы бүкілодақтық көрме өтетінін естіп, ешбір ұйымның жолдамасынсыз өзім бардым. Ол кезде Суретшілер одағына мүше емес едім. Көрмеге қатысу үшін комиссия төрағасы, КСРО Көркемсурет академиясының академигі, Халық суретшісі Таир Салаховқа өтініш жаздым. Сараптама комиссиясына апарған үш графикалық жұмысымның біреуін көрмеге қабылдады. Ол – самбо күресінен жасөспірімдер арасындағы әлем шемпионы, жерлесіміз Нұрлан Байыровтың портреті болатын, – дейді суретші.

Республикалық және бүкілодақтық көрмелерге қатысып, өз еңбегін өнерсүйер қауымға ұсынған суретшінің туындыларынан өмірдің тынысы, адамның ішкі әлемі, уақыттың ізі айқын сезіледі. Белгілі тұлғалардың портреттерін сомдаудағы шеберлігі оны кәсіби суретші ретінде танытты. 1990 жылы Қазақстан Суретшілер одағына мүшелікке қабылдануы – соның айқын дәлелі.

Дегенмен оның өмірі тек бейнелеу өнерімен шектелмеді. Он жасында ауылда саман соғып, атқа мініп саз басып жүргенде құлап, аяғы аттың астында қалып мертігеді. Ұзақ емделіп, ота да жасалады. Алайда ол мұны әлсіздік емес, рухты шыңдайтын мүмкіндікке айналдырды. «Денемде шектеу болғанмен, еркіме шектеу жоқ» деген сөз оның өмірлік ұстанымы еді. Осы ұстаным оны спортқа алып келді.

– 1990 жылдың басында маған ІІІ топ мүгедегі санатын берерде қандай спорт түріне қабілетім бар екенін сұрады. Мен кез келген спорт түрінен нәтиже көрсете алатынымды айттым. Көп ұзамай жарыстарға қатысып, кросстан бірінші орын, қолкүресінен және тоғызқұмалақтан үшінші орын, бадминтоннан төртінші орын алдым. 1994 жылы Алматыда өткен тірек-қозғалыс жүйесіне зақым келген жандар арасындағы республикалық жарыста да жүлделі орындарға ие болдық, – дейді Құбай аға.

1997 жылы Канаданың Торонто қаласында өткен «Спешиал Олимпикс» қысқы ойындарында да табысты өнер көрсетті. Шәкірті екі алтын алса, өзі бір күміс пен бір қола медаль жеңіп алды. Қарсыластары өрімдей жас, өте тәжірибелі спортшылар болса, Құбекең ол кезде 51-де  болатын. Бұл – тек спорттық  жетістік емес, рухтың да жеңісі еді.

Оның қайсарлығы  ерекше бастамаларынан да көрінеді. 1995 жылы Абайдың 150 жылдығына орай 150  шақырымды жаяу жүріп өтуі – физикалық төзімділік қана емес, рухани биіктіктің көрінісі.

– Иә, басында Абайдың образын бейнелейтін туынды жазамын деп ойлағанмын. Кейін жаяу марафон жасау туралы шешім қабылдадым. «Орал – Қызыл ту – Шідерті – Жымпиты – Абай» бағыты бойынша мақсатымды  орындадым. Өткен жылы Жеңістің 80 жылдығына орай – 80 шақырым,  Қадыр Мырза Әлидің 90 жылдығына арнап – 90 шақырымдық маршрутты жаяу жүріп өттім, – дейді марафоншы.

Бұл – рухтың сапары, жүректің серті. Әр қадамы – табандылықтың таңбасы, әр тынысы – өмірге деген шексіз сүйіспеншіліктің  белгісі.

Ферма

Пауэрлифтингтегі жетістігі – өз алдына бөлек әңгіме.

– 2004 жылы осы спорт түріне келдім. Жаттықтырушым  Владимир Шкирман мені бірден Азия шемпионатына дайындады. Үндістанда өткен жарыста рекордтық салмақты көтеріп, алтын медаль иелендім. Кейін Манилада өткен шемпионатта да топ жардым және біз бұл жарыста Азия шемпионатының он рекордын жаңарттық, – деп еске  алады  шемпион  ағамыз.

Олимпиада төрінде ел намысын қорғап, жүлдеге ие болуы қайсарлықтың шыңы еді. Ал ауыр атлетикада Азия шемпионы атануы – мүмкін емес деген ұғымның тек әлсіздерге тән екенін дәлелдегендей.

Құбайдолла ағаның өмір салты да ерекше. Табиғилық  пен тәртіпті ту еткен ол салауатты өмірдің жарқын үлгісін көрсетіп келеді. Оның ұзақ жыл бойы сергек жүруінің барлық сыры осында жатса керек.

– 70-жылдардың соңында өмірімде үлкен өзгеріс болды. Салауатты өмір салтына көштім. Оған тұрақты оқып жүретін «Советский спорт» газетінің, сондағы «Салауатты өмір салты» айдарының ықпалы болды ма, әйтеуір түгел өзгердім. Таңғы 5-те тұрып, 10 минуттық таңғы жаттығуды екі сағатқа дейін ұзартып, ал күнделікті жаяу жүруді 20 шақырымға дейін жеткіздім.

80-жылдардың басында  америкалық ғалым Поль Брэггтің аштықпен емдеу  әдісін оқып, өз өміріме енгіздім. Апта сайын 24-36-48 сағаттан ашығып, табиғи, қарапайым тағамдармен тамақтануға көштім. Таңғы жаттығу жасап, суық сумен шайынудан кейін екі алма жеп, күндіз бір рет қана тамақтанатын болдым. Онда да

шикілей, пісірілмеген, тек суға салып бөрттірілген бидай, қарақұмық, бұршақ, қызылша сияқты тамақтармен қоректенемін. Тұз бен наннан бас тарттым. Арасында кепкен жеміс-жидекті дәкеге орап, суға салып сусын ретінде ішемін. Ауырсам болды, үш күн аузымды тыямын. Ең дәмді тағам – ең зиян тамақ екенін және қандай ауру да тамақтан келетінін түсінуіміз керек. Қазір толықсып кеткен жастар көп. Көлікке мінбеймін, шаруаларымды жаяу жүріп атқарамын. Адам денсаулығы – өз қолында.

Мен шамамен, айына Атырауға барып-қайтқандай жолды жаяу жүремін. Бұл аз ба, көп пе өзіңіз бағамдай беріңіз, – дейді Құбай аға сөзінің соңында.

Ол үшін өмір – күрес емес, өзін-өзі жетілдіру жолы. Қылқалам мен қайсарлықты қатар ұстаған Құбайдолла ағаның ғұмыры – адам ерік-жігерінің шексіз мүмкіндігін дәлелдейтін тағылымды жол. Мұндай тұлғалар – қоғамның рухани тірегі, ал олардың өмірі – кейінгі ұрпаққа мәңгілік өнеге.

Қуандық Мәдір,

«Құрмет» орденінің   иегері, 

ҚР  Суретшілер  және  Журналистер  одағының мүшесі,

«Тұран»  халықаралық  көркемөнер сыйлығының  лауреаты, 

композитор,

Орал қаласы

Узнайте первым о важных новостях Западного Казахстана на нашей странице
в Instagram и нашем Telegram - канале