Кейде адамның жан дүниесінде бір адамға деген сағынышы жатады. Дәл осындай беймәлім сезімге толы сағыныш біздің кейіпкеріміз Дамир Буранбаевты да ес білгелі мазалап келеді. Ол Бөрлі ауданының Ақсай қаласында дүниеге келген. 1998 жылы өмір есігін ашқан Дамир тағдырдың жазуымен ата-ана мейірімін көрмей өсті. Оның балалық шағының ең алғашқы естеліктері Орал қаласындағы балалар үйімен байланысты. Төрт жасында сонда түскен балақайдың жадында туған үйдің жылуы да, анасының әлдиі де сақталмаған. Қолындағы құжаттарында анасы ретінде Әсемгүл Буранбаеваның аты-жөні жазылғанымен, әкесі туралы мәліметтің орнында тек сызық қана тұр.

Бала жүрегі бәрін сезеді. Балалар үйінде өскен жылдары өзге балаларды іздеп келетін туыстарды көрген сайын Дамир де үмітін үзбейтін. Неге екенін қайдам, әсіресе әр айдың он бесінші жұлдызында анасы іздеп келердей күтетіні есінде. Терезе алдында ұзақ отырып, сыртқа телміре қарайтын. Бәлкім, бүгін келер... Бәлкім, дәл бүгін мені іздеп табар... Осындай үмітпен күтетін. Бірақ күткен адам келмейтін. Көшеге қарап отырып көңілі құлазып, көзіне жас алған кездер де жадында жатталып қалған. Өзін бұл дүниеде ешкімге керек емес секілді сезінген сәттері де аз болмады. Алайда өмірдің ауыр сынақтары оның жігерін жасыта алмады.
Он бес жасында Дамирді Тасқала ауданындағы Ынтымақ ауылынан бір отбасы қамқорлығына алады. Сол кезде тағдыр оған жаңа үміт сыйлағандай көрінді. Отбасы, ата-ана, бауыр деген ұғымдардың жылуын сезінуге мүмкіндік туды. Бірақ бұл кезең де оңай болған жоқ. Жасөспірім шақта оның денсаулығы сыр беріп, эпилепсия дертіне шалдықты. Кейін оған ІІ топ мүгедектігі тағайындалды. Ол туғалы бері өмірдің түрлі сынағын көрсе де мойымауға тырысты. Білім алып, еңбек етті. Үш жыл бойы жанармай құю бекетінде жұмыс істеді. Қолынан келгенше айналасына көмектесіп, өз орнын табуға ұмтылды. Уақыт өте келе балалар үйінің түлегі ретінде мемлекеттен бір бөлмелі баспана алып, Орал қаласына қоныс аударды.
– Ауылдағы өмір де маған көп нәрсе үйретті. Өйткені мен асфальтта өскен қала баласымын ғой. Маған бар білгенін үйретіп, тәрбиелеген ата-анама ризамын. Бірақ біздің мінезіміз, көзқарасымыз үйлеспеді. Сондықтан үй алған соң өзіммен-өзім өмір сүргенді жөн көрдім. Дегенмен ол кісілерге ренжімеймін, тек жақсылық тілеймін, – дейді Дамир.
Бүгінде Дамир өз еңбегімен, ізденісімен өзін жан-жақты дамытуға тырысып жүр. Баспанасы бар, алға қойған мақсаттары жетерлік. Болашақта отбасын құрып, шаңырақ көтеруді де армандайды.
Әйтсе де, оның жүрегінде әлі күнге дейін бір ғана орын бос тұр. Ол өзіне жарық дүниені сыйлаған анасына деген сағыныш. Дамирдің ең үлкен арманы туу туралы куәлігінде жазылған Әсемгүл Буранбаеваны бір рет болса да көру. Ол анасын өзін тастап кеткені үшін кінәламайды. Керісінше, сол кездегі ауыр тұрмыс пен өмірдің қиын жағдайлары осындай шешімге мәжбүр еткен шығар деп ойлайды.
– Маған одан ақша да, үй де, көмек те керек емес. Тек анамды бір рет болса да көргім келеді. Оның аман-есен жүргенін білгім келеді. Өмірде әртүрлі жағдай болады. Мен оны баяғыда кешіргенмін, – дейді Дамир.
Біз де өз тарапымыздан ағынан ақтарылған ақкөңіл азаматтың анасын көрсем деген асыл арманы тезірек орындалғай деп тілейміз.
+7 776 679 19 98 Дамир
Гүлжамал Кенжеғалиева,
«Орал өңірі»