23 маусым – Мемлекеттік қызметкерлер күні
Қоғамның рухани дамуы мен ұлттық құндылықтардың сақталуында мәдениет саласы қызметкерлерінің еңбегі ерекше. Осындай жауапты міндетті абыроймен атқарып жүрген жандардың бірі – облыстық мәдениет, тілдерді дамыту және архив ісі басқармасы мәдениет ұйымдарының қызметін үйлестіру және талдау бөлімінің бас маманы Әйгерім Ділмағамбетова. Ол өз қызметінде тек құжаттармен жұмыс істеп қана қоймай, өңірдегі мәдени өмірді ұйымдастырып, оның дамуына тікелей әсер ететін маңызды мемлекеттік қызметті жүйелі дамытуға сүбелі үлес қосып келеді.

Ол 1986 жылдың 31 мамырында Орал қаласында дүниеге келген. Ұстаздықты өмірлік мұрат еткен отбасында тәрбиеленген Әйгерім бала кезінен білім мен еңбекке құлшынып өсіпті. Әкесі Мәулен Ділмағамбетов пен анасы Светлана Нұғманова ұзақ жыл бойы мектепте мұғалім болып қызмет атқарған.
Отбасындағы тәрбиенің, ата-анасының өнегелі жолының ықпалы Әйгерім Мәуленқызының тұлға болып қалыптасуына ерекше әсер етсе керек. Ағасы Момыш Ермеков те мемлекеттік қызмет саласында еңбек етіп, ел игілігі жолында қызмет атқаруда. Осындай еңбекқор әрі зиялы отбасында тәрбиеленген Әйгерім бүгінде мәдениет, тілдерді дамыту және архив ісі басқармасында табысты еңбек етіп, өз ісінің шебері екенін дәлелдеп келеді.
Талапты маман жоғары білімді М. Өтемісов атындағы Батыс Қазақстан мемлекеттік университетінің Мәденет және өнер институтында алып, режиссура мамандығы бойынша тәмамдады. Жоғары оқу орнын аяқтағаннан кейін еңбек жолын «Жастар практикасы» бағдарламасы арқылы Орал қаласының мәдениет және тілдерді дамыту бөлімінде бастады. Практика мерзімі аяқталған соң мемлекеттік қызметке қабылданып, аталған мекемеде жемісті еңбек етті. Қызмет барысында мәдениет саласын дамытуға бағытталған көптеген жоба мен іс-шараларды жүзеге асыруға белсенді қатысып, кәсіби тәжірибесін шыңдады. Осы саладағы еңбек өтілі он бес жылға жуық уақытты құрайды.
Кәсіби біліктілігін арттыру мақсатында 2023 жылы Астана қаласындағы ҚР Президентінің жанындағы мемлекеттік басқару академиясына оқуға түсіп, бір жылдық оқу бағдарламасын сәтті аяқтады. Нәтижесінде «Бизнес және басқару» бағыты бойынша магистр дәрежесін иеленді. Академияда алған білім мен тәжірибе оның кәсіби көкжиегін кеңейтіп, мемлекеттік қызметтегі жаңа мүмкіндіктерге жол ашты. Оқу аяқталғаннан кейін туған өңіріне оралып, мәдениет саласындағы қызметін жалғастырды.
Әйгерім Мәуленқызы – кәсібіне адал, ізденімпаз әрі жауапкершілігі жоғары мемлекеттік қызметші. Оның негізгі міндеті – облыстағы мәдениет мекемелерінің жұмысын үйлестіру, мемлекеттік мәдениет саясатын жүзеге асыру және мәдениет саласының дамуына бағытталған жұмыстарды ұйымдастыру. Өзінің айтуынша, мемлекеттік қызметті таңдауға бірнеше фактор әсер еткен.
– Біріншіден, мамандығым мәдениет саласымен тікелей байланысты. М. Өтемісов атындағы Батыс Қазақстан мемлекеттік университетінде режиссура мамандығы бойынша білім алдым. Екіншіден, отбасымдағы тәрбие мен орта да ықпал етті деп ойлаймын. Ағам мемлекеттік қызметте еңбек етеді. Бала кезден көрген тәлім-тәрбие, жауапкершілікке негізделген отбасылық құндылықтар мемлекеттік қызметке деген қызығушылығымды арттырды. Негізінде режиссер мамандығы бойынша театрда немесе өзге де мәдени мекемелерде шығармашылық бағытта еңбек етуге мүмкіндік болды. Дегенмен мен өз таңдауымды мемлекеттік қызметтен көрдім. Өйткені мәдениет саласының дамуына ұйымдастырушылық әрі басқарушылық тұрғыдан үлес қосуды мақсат еттім.
Біздің жұмыс мәдениет саласымен тікелей байланысты болғандықтан, шығармашылыққа өте жақын. Сондықтан да мәдениет саласындағы мемлекеттік қызметтің өзіндік ерекшелігі бар деп есептеймін. Күнделікті жұмысымыз құжаттармен, ақпараттық жүйелермен жұмыс істеуді, азаматтардың өтініштері мен арыз-шағымдарын қарауды қамтиды. Сонымен қатар концерттер, театр қойылымдары, мерекелік іс-шаралар мен атаулы күндерді ұйымдастыру және өткізу жұмыстары қатар жүреді. Көпшілік мемлекеттік қызметті белгілі бір қағидалар мен заң талаптарына ғана негізделген, қатаң тәртіптегі сала ретінде қабылдайды. Әрине, бұл пікірдің де жаны бар. Алайда мәдениет саласындағы мемлекеттік қызметтің ерекшелігі – оның шығармашылық ортамен тығыз байланысында. Біз өнер адамдарымен, ақын-жазушылармен, зиялы қауым өкілдерімен жиі жүздесеміз. Өңірдегі маңызды мәдени іс-шаралардың ұйымдастырылуына атсалысып, олардың басы-қасында жүреміз. Сондықтан мәдениет басқармасындағы қызмет тек құжаттық жұмыстармен шектелмейді. Бұл – халықтың рухани өмірімен біте қайнасқан, шығармашылық пен мемлекеттік басқаруды ұштастыратын ерекше сала. Осы қырымен де мен үшін қызықты әрі мағыналы қызмет болып қала береді, – дейді Әйгерім Мәуленқызы.
Бүгінде мәдениет саласындағы мемлекеттік саясатты жүзеге асыру – негізгі міндеттің бірі. Бұл бағытта ұлттық мәдениетті жаңғырту, сақтау және оны келер ұрпаққа жеткізуге ерекше мән беріледі. Осы мақсатта өңіріміздегі шығармашылық орталықтардың жұмысы маңызды рөл атқарады.
– Мемлекеттік жергілікті атқарушы құрылым ретінде біз олардың жоспарлы жұмыстарын қадағалап, әдістемелік және ұйымдастырушылық тұрғыда қолдау көрсетеміз. Сонымен қатар ауыл-аймақтармен, аудандық мәдениет бөлімдерімен тығыз байланыста жұмыс істейміз.
Ұлттық мәдениетті сақтау мен дамытуда халық шығармашылығын қолдаудың орны ерекше. Осы бағытта қарапайым тұрғындар арасындағы өнерпаздарды қолдап, шығармашылық ұжымдардың дамуына жағдай жасауға көңіл бөлінеді. Халықтық өнерді дәріптеу арқылы ұлттық құндылықтарды насихаттау – басты мақсаттардың бірі. Сондай-ақ жыл сайынғы атаулы даталар мен мәдени іс-шаралар тұрақты түрде өткізіліп келеді. Соның ішінде ұлы күйші Мұхит Мерәліұлы мұрасына арналған мәдени іс-шаралар да ерекше орын алады. Дәстүрлі ән, халық биі және өнер ұжымдарының шығармашылығын қолдау арқылы өңірдің мәдени өмірі жанданып келеді. Осылайша мәдениет саласындағы жұмыс тек ұйымдастырумен шектелмей, ұлттық өнерді дәріптеу, рухани құндылықтарды сақтау және халық шығармашылығын дамытуға бағытталған кешенді қызмет болып табылады, – дейді бас маман Әйгерім Ділмағамбетова.

Әйгерім Мәуленқызының көп жылдық еңбегі мен кәсіби біліктілігі әріптестері мен басшылық тарапынан жоғары бағаланып келеді. 2018 жылы ҚР Мәдениет министрінің Құрмет грамотасымен марапатталды. Сондай-ақ облыс әкімі Нариман Төреғалиевтің алғысхатына да ие болған.
Гүлфия Қолғанатова,
«Орал өңірі»