Кеше облыс әкімдігінде Қазақстан Республикасы жаңа Конституциясының күшіне енуіне орай Мемлекет басшысы тапсырмаларын іске асыруын талқылау жөніндегі актив отырысы өтті.

Өңір басшысы Нариман Төреғалиев төрағалық еткен осы алқалы жиынға облыстық басқармалар мен департаменттердің басшылары қатысты. Сондай-ақ өңірге қарасты аудандардың әкімдері де бейнебайланыс арқылы атсалысты. Алдымен облыс әкімі жаңартылған Ата заң теңдіктің темірқазығы, мемлекетіміздің мызғымас тірегі екенін айтып, оның 1 шілдеден бастап күшіне енуімен құттықтады.
– Тәуелсіз мемлекетіміздің бас құжаты – жаңа Конституция 1 шілде күні ресми түрде күшіне енді. Баршаңызды Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Кемелұлы Тоқаевтың бастамасымен қолға алынған, Әділетті Қазақстанның
жаңа кезеңіне қадам басуымызбен құттықтаймын! Құжаттың алғы сөзіндегі «Ұлы даланың мыңдаған жылдық
тарихының сабақтастығын сақтау» деген қасиетті ұғым өткеніміз бен болашағымызды тұтастырған терең саяси-философиялық мәлімдеме екені анық. Жаңа Конституцияда еліміздің егемендігі, тәуелсіздігі, унитарлы құрылымы мен аумақтық тұтастығы мызғымас құндылық ретінде сақталды. Сонымен қатар халықтың мүддесін тікелей білдіретін, заң шығару құқығына ие жоғары консультативтік құрылым – Қазақстан Халық кеңесі құрылады.
Конституциялық соттың, сот жүйесінің және билік құрылымдарының жауапкершілігі нақтыланды. Бұған қоса, заңсыз әрекеттерден келтірілген зиянды өтеу міндеті, зияткерлік меншік, дербес деректерді қорғау және цифрлық қауіпсіздікке кепілдік беру мәселелері алғаш рет конституциялық деңгейде шегеленді. Жауапты отаншылдық, еңбексүйгіштік, білім, экологиялық мәдениет пен төл мұрамызды сақтау міндеті де Бас құжаттан көрініс тапты. Мемлекет басшысы атап өткендей, жаңа Конституция еліміздің ұзақ мерзімді дамуының берік құқықтық негізін қалыптастырып, жаңа қоғамдық келісімнің өзегіне айналады. Осы тарихи құжатты қабылдау барысында батысқазақстандықтар жоғары белсенділік танытты. Референдумда Ата заңды қолдаған өңір тұрғындарына, ел болашағына бейжай қарамаған барша жерлесіме зор ризашылығымды білдіремін. Біздің аймақтың даму жоспары мен тыныс-тіршілігі Конституция қағидаттарымен толық үндеседі.
Ендігі кезекте алдымызда үлкен жауапкершілік тұр. Алдағы уақытта қабылданатын барлық заң осы Конституцияға сәйкестендіріледі. Бас заңның әрбір нормасы мемлекеттік басқаруда, құқық қорғау саласында және өңіріміздің өмірінде нақты көрініс табуы тиіс. Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Кемелұлы Тоқаев Конституцияда айқындалған қағидаттарды толыққанды жүзеге асыру, заң үстемдігін қамтамасыз ету, азаматтардың құқықтары мен бостандықтарын қорғау, өңірлердің әлеуметтік-экономикалық дамуын
жаңа деңгейге көтеру жөнінде нақты міндеттер қойды. Біздің басты мақсатымыз – Президенттің тапсырмаларын сапалы әрі уақтылы орындап, әрбір қабылданған шешімнің нақты нәтижесін халықтың тұрмыс сапасынан көрсету. Бұл ретте мемлекеттік құрылымдардың үйлесімді жұмысы, заң талаптарын бұлжытпай сақтау, ашықтық, есептілік және халықпен тиімді кері байланыс ерекше маңызға ие. Бүгінгі актив отырысында өңірде атқарылып жатқан жұмыстардың жай-күйіне тоқталып, алдағы кезеңге арналған негізгі міндеттерді айқындаймыз, – деді өңір басшысы Н. Төреғалиев.

Одан кейін облыс әкімінің орынбасарлары Қайыржан Меңдіғалиев, Мирас Мүлкәй, Қалияр Айтмұхамбетов және облыс әкімі аппараты басшысының міндетін уақытша атқарушысы Жалғас Ғұмаров өздері жетекшілік ететін сала бойынша көлемді баяндама жасады.
Қайыржан Ермекұлының мәліметінше, бүгінде облыс аумағында тарихи-мәдени ескерткіштердің 2 134 нысаны мемлекеттік тізімге енгізіліп, қорғауға алынған. Оның ішінде республикалық маңызы бар – 30, жергілікті маңызы бар – 2 104 ескерткіш тіркелген.
– 2025 жылы облыс аудандарында 20 жаңа нысан пайдалануға берілді. Олардың қатарында мәдени-спорт кешендері мен ауылдық мәдениет үйлері бар. Сонымен қатар алғаш рет «Қазақстан халқына» қоғамдық қорымен бірлесіп, 25 ауылдық кітапхананы жаңғырту жобасы жүзеге асырылды. Жоба жоспарында 6 аудандық және 19 ауылдық кітапхана болды. Кітапхана ғимараттарына жөндеу жұмыстары жүргізіліп, заманауи құрал-жабдықтармен қамтамасыз етілді әрі кітап қорлары жаңартылды. Мемлекеттік тілдегі құжат айналымына жүргізілген мониторинг қорытындысы бойынша облыстағы көрсеткіш 96 пайызды құрады. Қазіргі таңда облыстағы мектептердің 81 пайызы қазақ тілінде білім береді. Сондай-ақ мектепке дейінгі ұйымдардың 87 пайызы мемлекеттік тілде қызмет көрсетуде. Мемлекет басшысы креативті индустрияны еліміздің зияткерлік әлеуетін арттырудың стратегиялық бағыты ретінде айқындады. Осыған орай 2025 жылы Орал қаласындағы «Жастар» мәдениет сарайы базасында «Özge Epic Oral» креативті хабы ашылды. Бұл жобаға «Samruk Kazyna Trust» әлеуметтік жобаларды дамыту қоры тарапынан 212 миллион теңге бөлінді, – деді Қ. Меңдіғалиев.
Мемлекет басшысының өңірлердің қарқынды дамуын қамтамасыз ету, халықтың өмір сүру сапасын арттыру және инженерлік көлік инфрақұрылымын жаңғырту жөніндегі тапсырмаларын іске асыру аясында өңірде бірқатар жоба қолға алынып, жұмыс жүргізілуде. Мәселен, 2023-2025 жылдары «Қуатты өңірлер – ел дамуының драйвері» ұлттық жобасы және «Ауыл – ел бесігі» бағдарламасы аясында облысқа 258 млрд теңге бөлінді. Осы қаражат есебінен барлық деңгейдегі 1 542 шақырым аутомобиль жолы жөнделді. Оның ішінде 56 елді мекенге кіреберіс жол жаңартылды. Бұл туралы облыс әкімінің орынбасары Мирас Мүлкәй кеңінен тоқталды.
– Облыс орталығы мен оңтүстігіндегі Казталов, Жәнібек, Бөкей ордасы аудандары арасындағы қатынасты жақсарту үшін 245 шақырым жол күрделі жөндеуден өтті. Республикалық маңызы бар «Подстепный – Федоровка – РФ шекарасы» аутожолының 144 шақырымы қайта жаңғыртылуда. Қазіргі таңда 83 шақырым аутомобиль жолына жаңа асфальтбетон жабыны төселіп, осы жылы қалған бөлігі аяқталады. Биыл облыс бойынша 97,2 млрд теңгеге 387,7 шақырым аутомобиль жолын жөндеу жоспарланған (оның ішінде республикалық маңызы бар жолдар – 236 шақырым, жергілікті маңызы бар жолдар – 97 шақырым, ауылішілік жолдар – 54,7 шақырым). Сонымен қатар өңір басшысы Нариман Төреғалиұлының бастамасымен және Үкіметтің қолдауымен «Ақтөбе – Орал – РФ шекарасы» аутомобиль жолындағы Жайық өзені арқылы өтетін қолданыстағы апаттық жағдайдағы көпірдің орнына жаңа көпір мен ұзындығы 34 шақырым болатын Орал қаласының оңтүстік-батыс айналма жолын салу жобасы қолдау тапты. Қазіргі уақытта аталған жобаның техникалық-экономикалық негіздемесі толық әзірленіп, мемлекеттік сараптамадан өтуде. Өңір басшысының бастамасымен «Индербор – Орал» жаңа теміржол желісінің құрылысы ҚР Үкіметінің перспективалы жобалар тізіміне енгізілді.

Тұрғын үй құрылысы саласына 2023-2025 жылдары 63 млрд теңге бөлініп, жалпы көлемі 319 мың шаршы метр немесе 3 698 пәтер пайдалануға берілді. Оның ішінде 1 733 пәтер ауылдық елді мекендерде салынды. Жыл соңына дейін жалпы құны 42,2 млрд теңгені құрайтын 2 400-ден астам пәтерді пайдалануға беру көзделіп
отыр, – деді М. Мүлкәй.
Соңғы үш жылда өңірімізде агроөнеркәсіп кешенін қолдауға 190 млрд теңгеден астам қаржы бағытталған (114,1 млрд теңге кредиттер, 76,0 млрд теңге субсидия). Бұл қаражат ауыл шаруашылығы өндірісін дамытуға, инвестициялық жобаларды іске асыруға, ауыл шаруашылығы тауарын өндірушілерді мемлекеттік қолдауға, сондай-ақ саланың материалдық-техникалық әлеуетін нығайтуға мүмкіндік берді. Қалияр Айтмұхамбетовтің айтуынша, биылғы жылдың қаңтар-мамыр айларында ауыл шаруашылығының жалпы өнім көлемі 4,2%-ға өсіп, ол 82,2 млрд теңгені құраған.
– Биыл облыс бойынша ауыл шаруашылығы дақылдарының жалпы егіс алқабы 676 мың гектарға жетті. Егіс алқаптарын әртараптандыру саясаты аясында ауыл шаруашылығы тауарын өндірушілер жоғары маржиналды дақылдарды өсіруге басымдық беруде. Соның нәтижесінде биыл бидайдың егіс алқабы 41 мың гектарға қысқартылып, оның орнына майлы дақылдардың егіс алқабы 53 мың гектар, арпа 18,7 мың гектар және малазықтық дақылдар 5 мың гектарға ұлғайтылды. Көктемгі далалық және егін ору жұмыстарын несиелеуге облысқа 17,9 млрд теңге бөлінді. Суармалы егіншілік – суды тиімді пайдалану мен өнімді арттырудың негізгі бағыты. Су үнемдеу технологияларын енгізу нәтижесінде суармалы алқап көлемі 2019 жылы 2,1 мың гектарды құраса, осы жылы 12,8 мың гектарға дейін ұлғайды. Ал 2030 жылға қарай суармалы жер көлемін 36,2 мың гектарға жеткізу жоспарлануда, – деді Қ. Айтмұхамбетов өз баяндамасында.
Спикер сөзіне сүйенсек, кейінгі жылдары мемлекет тарапынан көрсетілген жүйелі қолдаудың нәтижесінде өңірде мал шаруашылығы қарқынды дамып, мал басы тарихи ең жоғары деңгейден де асты. Бүгінде облыста шартты мал басы 1 млн 291 мыңға жеткен. Осы жылдан бастап Мемлекет басшысының тапсырмасына сәйкес Мал шаруашылығын дамытудың кешенді жоспары қабылданып, оның аясында «Береке», «Игілік» және «Жайлау» бағдарламалары іске қосылды. Аталған бағдарламаларды іске асыру үшін республика бойынша 300 млрд теңге көлемінде қаржы қарастырылған.
Содан кейін сөз алған Жалғас Ғұмаров 2026 жылдың қаңтар-мамыр айларындағы түрлі салалардың оң нәтижесімен бөлісті. Атап айтсақ, ауыл шаруашылығының жалпы өнімінің көлем индексі 82,3 млрд теңге, негізгі капиталға салынған инвестициялар көлемі 235 млрд теңге, құрылыс жұмыстарының көлемі 93,1 млрд теңге, пайдалануға берілген тұрғын үй көлемі 168,6 мың шаршы метрді, ішкі сауданың нақты көлем индексі бөлшек сауда көлемінің 0,8%-ға өсу есебінен 483,6 млрд теңгені құраған.
– 2023-2026 жылдары облысымыздың бюджет көлемінің оң динамикасы байқалады. Оның ішінде, өзіндік кірістер 148,2 млрд теңгеден 282,5 млрд теңгеге және бюджет көлемі 382,1 млрд теңгеден 588,3 млрд теңгеге өсті. Соңғы жылдары шетелдік инвесторларды тарту бағытында ауқымды әрі нәтижелі жұмыстар атқарылуда. Осының ықпалымен өңірдің инвестициялық белсенділігі артып, негізгі капиталға тартылған инвестициялар көлемі тұрақты өсім көрсетіп келеді. 2023 жылдан 2025 жылға дейін негізгі капиталға тартылған инвестиция көлемі 675,2 млрд теңгеден 874,4 млрд теңгеге дейін ұлғайып, облыс экономикасының қарқынды дамып келе жатқанын айқын көрсетуде. Ал 2026 жылға жоспар негізінде инвестиция көлемі 1,052 трлн теңгені құрап отыр. 2026 жылдың қаңтар-мамыр айларында 235 млрд теңге инвестиция тартылды, оның 94,3%-ы жеке және 5,7% мемлекеттік инвестиция. Іске асқан инвестициялық жобалар нәтижесінде 10 мыңнан аса жаңа жұмыс орындары ашылып, халықтың әл-ауқаты көтерілді.
Мемлекеттік әлеуметтік қолдау іс-шаралары бойынша жыл басынан бері өмірлік қиын жағдайдағы 15 804 отбасыға атаулы әлеуметтік көмек көрсетілді. Халықтың орташа айлық көрсеткіші соңғы 3 жылда 71,4 мыңға
артты (2023 жылы – 316,3 мың тг, 2026 жылы – 387,7 мың тг). Ал ең төменгі айлық еңбекақы 29,5%-ға өсті (2023 жылы – 60 мың тг, 2025 жылы – 85 мың тг). 2023-2026 жылдары 102 мың адам жұмысқа орналасты, – деді Ж. Ғұмаров.
2024 жылы облыс әкімі бастамашы болған «Қаладан ауылға» пилоттық жобасы аясында ауылдарға барлығы 223 отбасы (1101 адам, оның ішінде 687 бала) көшіп келді. Оған қоса, «Ауыл аманаты» жобасы бойынша ауыл халқына өз кәсіптерін ашу және жетілдіру үшін төмендетілген пайызбен 6,9 млрд теңге несие беріліп, 783 жаңа жұмыс орны ашылған. Ауылдың кадрлық әлеуетін жақсарту және қамтамасыз ету мақсатында «Дипломмен ауылға!» жобасы негізінде 2009 жылдан 2026 жылдың 1 маусымына дейін ауылдарға 11 382 маман тартылған.

Баяндама барысында спикерлер жаңа Ата заңның қоғамдағы маңызына кеңінен тоқталды. Облыстық «Орал өңірі» газетінің бас редакторы Бауыржан Ғұбайдуллин жаңартылған Ата заңда халық пен биліктің ортақ мүддесін қамтамасыз етуге бағытталған берік құқықтық негіз қамтылғанын сөзіне өзек етті. Содан кейін облыс әкімі Бауыржан Файзоллаұлына, облыстық мәслихаттың төрағасы Мұрат Мұқаевқа, облыстық қоғамдық кеңестің төрағасы Бауыржан Атауовқа Қазақстанның жаңа Конституциясының арнайы басылымын және Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаевтың алғысхатын табыстады. Жиын соңында Нариман Төреғалиұлы Ата заңда айқындалған реформаларды іс жүзінде жүзеге асыру – баршаға жүктелген жауапты міндет екенін атап өтті. «Өңіріміздегі әрбір мемлекеттік құрылым, әрбір жауапты тұлға өз жұмысын Ата заңның жаңа талаптарына сай қайта құруы тиіс. Біз заң мен тәртіптің үстемдігін қамтамасыз ете отырып, халықтың әл-ауқатын арттыру жолында нәтижелі жұмыс істеуіміз қажет», – деді облыс әкімі.
Нұрым Ғұмар,
«Орал өңірі»