Бүгінде саяхат десе, көпшіліктің ойына шетелдің көрікті қалалары, биік таулар мен көгілдір теңіздер оралады. Алайда туған өлкенің әр төбесі мен әр соқпағының өз тарихы бар екенін кейде ұмытып кетеміз. Біз өмір сүріп жатқан өңірдің киелі орындарын, ел жадында сақталған аңыздарын, тарихи мекендерін толық танып жүрміз бе?

Осы сауалға жауапты жол үстінен іздеп жүргендердің бірі – Қаратөбе ауданының Шөптікөл ауылында дүниеге келген Абат Азатұлы. Соңғы екі жылда Қаратөбе, Сырым, Тасқала, Бөрлі, Жәнібек, Казталов және Бөкей Орда аудандарын шайтанарбамен аралап шыққан. Ол үшін велосипед – жай ғана көлік емес. Бұл – туған жердің тарихын, табиғатын жақыннан тануға бастайтын жол.
Абаттың айтуынша, мұндай сапарға шығуға бір күнде бел буған жоқ.
– Жалпы, саяхатқа шығу туралы ой 25 жасымнан бастап мазалайтын. Бірақ бірден жолға шыққан жоқпын. Алдымен өзімді дайындадым. Өйткені далалық жерде барлық жауапкершілік өзіңе жүктеледі. Сондықтан алдымен өзімді физикалық әрі рухани тұрғыдан дайындадым. Ең бастысы, өзімнің туған өлкемді толық білмейтінімді түсіндім. Қаратөбеде өссем де, өз ауданымның тарихынан әрі аса қоймаппын. Сол кезде Батыс Қазақстанның әр ауданын аралап, тарихымен танысуды мақсат еттім, – дейді ол.
Алғашқы сапарын 2025 жылы Теректі мен Бөрлі аудандарынан бастаған саяхатшы содан бері бағытынан жаңылған емес. Әр ауданға барар алдында тарихи орындар туралы деректерді жинап, жол бағытын белгілейді. Дегенмен, сапардың ең қызықты тұсы алдын ала жоспарланған бағыттан тыс басталатынын айтады.
– Ғаламтордан көп мәлімет табуға болады. Бірақ кейбір тарихи орындарды тек сол ауылдың үлкендері ғана біледі. Кейде бір ақсақалдың айтқан әңгімесіне қызығып, бірнеше шақырымға бұрылып кететін кездерім болады. Сондайда бұрын еш жерде жазылмаған дүниелерге жолығасың. Мен үшін сапардың ең қызықты сәттері де – сол, – дейді Абат.

Оның пікірінше, бүгінде саяхат туралы түсінік өзгеріп кеткен.
– Қазір көпшілік саяхат десе бірден шетелді ойлайды. Ал меніңше, саяхат ең алдымен туған жерді танудан басталуы керек. Өз еліңнің тарихын, табиғатын білмей тұрып, басқа мемлекеттің мәдениетін зерттеу толыққанды таным емес сияқты. Туған жеріңді таныған сайын оған деген құрметің де арта түседі, – дейді ол.
Көпшілікті таңғалдыратыны – оның барлық сапарын велосипедпен жасауы. Мұның да өзіндік себебі бар.
– Көлікпен жүрсең, межеге тез жетесің. Бірақ жолдың өзін сезіне алмайсың. Ал велосипедпен жүргенде әр шақырымды еңбектеніп өтесің. Самал желдің лебін де, аптап ыстықты да, жаңбырды да сезесің. Кейде қарсы жел күні бойы жоспарлаған қашықтықты жүріп өтуге мүмкіндік бермейді. Сондай сәтте желдің де қадірін түсінесің. Бірде түнде межеме жете алмай, айдың жарығымен жүрген кезім болды. Сол кезде ай сәулесінің өзі жол көрсететін серікке айналды. Біз бір нәрсеге мұқтаж болмай қалсақ, оның қадірін ұмытып кетеміз ғой. Табиғаттың қадірі де дәл солай сезіледі. Технология қанша дамыса да, адам табиғатқа тәуелді екенін ұмытпауы керек, – дейді саяхатшы.

Абаттың айтуынша, ұзақ жол адамға табиғатты ғана емес, адамдарды да қайта танытады. Жол бойында талай шаңырақтың төрінен дәм татып, талай адамның ақ тілегін арқалап шыққанын әңгімелегенде оның жүзіне еріксіз күлкі үйірілді. Әсіресе ауыл адамдарының кеңпейілдігі оған әр сапар сайын ерекше әсер қалдырады.
– Қазақтың қонақжайлығы – жол үстінде анық көрінетін қасиет. Үйлеріне шақырып, ас ұсынып, жолға су мен тамақ беріп жататындар көп. Кейде «қазір көлігімде ештеңе жоқ» деп ақша ұсынғандар да болды. Жол сақшылары да жағдайымды сұрап, көмек керек болса хабарласуымды айтып жатады. Осындай жанашырлықтан кейін шаршағаныңды ұмытып кетесің, – дейді кейіпкеріміз.
Батыс Қазақстанның туристік әлеуеті туралы әңгіме қозғалғанда да Абаттың айтар сөзі нақты. Оның пікірінше, дархан даланың кереметін көре білетін көз керек.
– «Жазық далада көретін ештеңе жоқ» деген пікірді жиі естимін. Бірақ мен онымен келіспеймін. Бұл – батырлардың ізі қалған, күйшілердің күйі туған, ақындардың сөзі қалған өлке. «Жұмыр қылыш» күйін бәріміз білеміз. Алайда сол күйдің кейіпкерлеріне қатысты тарихи орындардың біздің өңірде екенін көпшілік біле бермейді. Осындай жерлерді сақтап, қалпына келтіріп, кеңінен насихаттай алсақ, туристердің қызығушылығы да арта түсер еді, – дейді Абат.
Табиғатты сүю де, туған жерді қадірлеу де адамға өздігінен келмейді. Ол тәрбие арқылы қалыптасады деп есептейді саяхатшы.
– Бала табиғатты кітаптан ғана емес, табиғаттың өзінен тануы керек. Таңның атуын бірге қарсы алып, далаға шығып, айналасындағы дүниені көрсетіп өсірсе, табиғатты аялау да, туған жерді сүю де бойына сіңеді. Үлкендердің әр ісі – балаға үлгі, – дейді ол.
Қазір ол Жаңақала, Шыңғырлау және Тайпақ өңірлеріне, кейін көне Сарайшыққа сапарлауды жоспарлап жүр. Бірақ оның айтуынша, басты мақсат барған жердің санын көбейту емес.
– Мен үшін ең маңыздысы – туған өлкемді толық танып шығу. Осы жердің тарихын біліп болған соң ғана Қазақстанның басқа өңірлеріне жол тартқым келеді. Өйткені саяхат мен үшін ең алдымен туған жерден басталады, – дейді Абат Азатұлы.
Бекзат Қанәділ