27.08.2026, 17:40
Оқылды: 17

Қаратөбе ауданында үш ауылға ауыз су келді

Қаратөбе ауданында елді мекендерді сапалы ауыз сумен қамту бағытындағы ауқымды жоба жүзеге асты. Төлен, Сәуле және Қарақамыс ауылдарына жаңа тармақ өткізіп, магистральдық сумен жабдықтау жүйесін салу жұмыстары толық аяқталды.

WhatsApp Image 2026-08-27 at 15.52.41 (4)

Ауыз су – ауыл тұрмысының ажырамас бөлігі. Сондықтан елді мекендерді таза әрі тұрақты ауыз сумен қамтамасыз ету – халықтың әл-ауқатын арттыруға бағытталған маңызды міндеттердің бірі. Осы орайда Қаратөбе ауданындағы үш елді мекен үшін қолға алынған жоба тұрғындардың көптен күткен мәселесін шешуге мүмкіндік берді.

WhatsApp Image 2026-08-27 at 15.52.41 (7)

Жоба аясында Төлен, Сәуле және Қарақамыс ауылдарына жаңа тармақ тартылып, магистральдық сумен жабдықтау жүйелері салынды. Құрылыс жұмыстары 2025 жылдың сәуір айында басталып, 2026 жылдың тамызында аяқталды.

Жобаның жалпы құны 2 млрд 168 млн 529 мың 233,26 теңгені құрайды. Құрылыс жұмыстарын «Ақмешіт-Мелиоратор» ЖШС мердігер ұйымы атқарды.

Жаңа су жүйесінің іске қосылуы нәтижесінде үш елді мекендегі 1675 тұрғын сапалы ауыз сумен қамтамасыз етілді. Бұл – ауыл тұрғындарының тұрмыс сапасын жақсартып, елді мекендердің әлеуметтік және инженерлік инфрақұрылымын дамытуға жасалған нақты қадам.

Жаңа нысанның пайдалануға берілуіне орай Сәуле ауылында салтанатты шара ұйымдастырылып, оған Батыс Қазақстан облысының әкімі Нариман Төреғалиев қатысты. Шара барысында өңір басшысы ауыл тұрғындарын маңызды нысанның іске қосылуымен құттықтап, елді мекендерді абаттандыру және халыққа қолайлы жағдай жасау бағытындағы жұмыстардың маңызына тоқталды.

Ауыл халқын қуанышымен Батыс Қазақстан облысының прокуроры Нұрбек Ұласбекұлы құттықтап, аталған жоба Мемлекет басшысының тапсырмасымен қайтарылған активтер есебінен салынған әлеуметтік нысандардың бірі екендігіне тоқталып өтті.

Салтанатты жиында еңбек ардагері, Қаратөбе ауданының Құрметті азаматы Рамазан Қыдырашев те ақжарма тілегін білдірді. Бұдан соң ауыз су жүйесін пайдалануға беру рәсімі өтіп, жоба нысанымен танысу ұйымдастырылды.

Ауыз су жүйесінің іске қосылуы – Төлен, Сәуле және Қарақамыс тұрғындары үшін үлкен қуаныш. Енді ауыл халқы сапалы ауыз суға тұрақты қол жеткізіп, күнделікті тұрмысқа қажетті маңызды инфрақұрылым игілігін көрмек.

Облыс әкімі Нариман Төреғалиұлы Қаратөбеге сапары барысында Шөптікөл ауылындағы мәдени-спорт кешенінің жұмысымен танысты.

С.Хасанов

 

Узнайте первым о важных новостях Западного Казахстана на нашей странице
в Instagram и нашем Telegram - канале