13.07.2026, 23:00
Оқылды: 70

Будапешттегі турнир Азия ойындарына баратын балуандарды анықтайды

Olympic.kz сайтына берген сұхбатында грек-рим күресінен Қазақстан ұлттық құрамасының бас бапкері Қонысбек Кәрімұлы Будапештте (Венгрия) өтетін халықаралық рейтингтік турнирдің маңызы мен команданың жоспарлары туралы айтты.

1783951232

Фото: olympic.kz

15 шілдеде басталатын бұл жарыс ерекше мәнге ие, өйткені оның қорытындысы бойынша 2026 жылғы Азия ойындарына баратын палуандардың басым бөлігі анықталады. Қазіргі таңда құрама спортшылары 29 маусым мен 15 шілде аралығында Түркістанда Түркия, Марокко және Ресей балуандарымен (жалпы саны 150-ге жуық спортшы) бірлескен халықаралық оқу-жаттығу жиынын аяқтауға жақын.

Бас бапкердің сөзінше, Будапешттегі турнирге негізінен Азия ойындарына үміткерлер барады. Сондай-ақ құрамда біраз өзгерістер бар: Демеу Жадыраев бұл жолы өзін 82 келіде сынап көреді (бірақ Азия ойындарында 77 келіде күреседі), ал Тимур Оспанов жарақатына байланысты Германияға емделуге кеткендіктен жарыстан тыс қалды. Будапештке бармайтын балуандар Германиядағы Гран-при турнирінде бақ сынайды. Сонымен қатар 60 келіде Ербол Камалиев пен Ернұр Фидахметов, ал 67 келіде Мейіржан Шермаханбет бастаған үш палуан Азия ойындарының жолдамасын өзара сарапқа салады. Құрама көшбасшысы Айдос Сұлтанғалиев болса елімізде өтетін әлем чемпионатына арнайы дайындалуда.

Венгриядағы жарыстан кейін команда тамызда Алматы облысының таулы аймағында, кейін Түркістанда Азия ойындары алдындағы шешуші жиындарын өткізеді.

Узнайте первым о важных новостях Западного Казахстана на нашей странице
в Instagram и нашем Telegram - канале