17.07.2026, 16:15
Оқылды: 11

Ақсайлық ұстаз ұлттық аспап жасауды өмірлік миссиясына айналдырған

Ақсайлық ұстаз Тілек Мәуленов ұлттық аспап жасауды өмірлік миссиясына айналдырған.

WhatsApp Image 2026-07-17 at 14.55.59

Қара домбыраның қоңыр үні – қазақтың жаны. Ал сол үнді дүниеге әкелетін шеберлердің еңбегі екінің бірінің қолынан келе бермейді. Ақсай қаласының тұрғыны, бейнелеу өнері және сызу пәнінің мұғалімі Тілек Мәуленов бүгінде домбырамен қатар прима домбыра мен қобыз жасап, ұлттық өнердің өрісін кеңейтіп жүрген жандардың бірі. Бала күнгі қызығушылықтан басталған іс бүгінде оның кәсібіне ғана емес, өмірлік миссиясына айналған.

Балалық әуестік – бүгінгі кәсіп            

Тілек Әлібекұлының қолөнерге қызығушылығы мектеп қабырғасынан басталған. Ол домбыра жасауды емес, ең алдымен ағаштың табиғатын танып өсті.

– Бірден домбыра жасап кеткен жоқпын. Бала күнімнен ағашпен жұмыс істегенді ұнаттым. Түрлі ыдыстар жасап, ат әбзелдерін, жүген, қамшы тоқып, шана құрастыратынмын. Мектепте оқып жүргенде осы іске қызығушылығым артып, кейін домбыра жасауға бет бұрдым, – дейді шебер.

Алғашында ол кәдесый ретінде шағын домбыралар жасап жүрді. Кейін «Неге нағыз домбыра жасап көрмеске?» деген ой туып, өздігінен іздене бастайды. Интернеттен мәліметтер қарап, арнайы әдебиеттерді зерделеп, әр жасаған аспабынан тәжірибе жинақтайды.

Домбыраны өзі де тартып, ән айтатындықтан, аспаптың үнін, табиғатын сезіну оған жат емес еді. Бұл қасиет кейін кәсіби шеберлігінің қалыптасуына үлкен ықпал етті.

Ұстаз көргеннің ұстанымы бөлек

Тілек Мәуленов өзіне бағыт-бағдар берген ұстаздарын ерекше құрметпен атайды.

– Ұстазым деп Орал қаласының белгілі домбыра шебері Сансызбай Ахметовті айта аламын. Кейін оның ұстазы, күйші әрі домбыра шебері Едіге Нәбиевтен де тәлім алдым. Бұл өнерде үйренудің шегі жоқ, – дейді ол.

Бүгінде оның қолынан тек қара домбыра ғана емес, прима қобыз да шығады. Әр аспаптың өзіндік құрылымы мен ерекшелігін меңгеру ұзақ жылғы ізденістің жемісі екенін айтады.

«Домбыраның әрқайсысының өз үні бар. Сол үнді табу – шебердің ең басты міндеті.»

Үн іздеу – ең қиын жұмыс

Көпшілік домбыра жасаудағы негізгі жұмыс ағашты өңдеу деп ойлайды. Ал шебердің айтуынша, ең күрделі кезең – домбыраның үнін қалыптастыру.

– Уақыттың көбі домбыраның үнін іздеумен өтеді. Қақпағын қайта ашып, қайта жабасың. Әр домбыраның өзіндік үні болады. Ол ашық, анық, тұнық шығуы керек. Мұны сөзбен түсіндіру қиын. Кейде бірнеше күн бойы тек үнін шығару үшін жұмыс істейсің, – дейді ол.

Жақсы үнді қалыптастыру тәжірибемен келеді. Сондықтан қай жерде сапалы домбыраның үнін естісе, оны зердесіне тоқып, әр дыбыстың ерекшелігін есте сақтауға тырысады.

– Қазір домбыраның сапасын бір қарағаннан-ақ шамалайтын деңгейге жеттім. Өкінішке қарай, бүгінде сыртқы көрінісі әдемі болғанымен, үні көңіл көншітпейтін аспаптар аз емес, – дейді шебер.

WhatsApp Image 2026-07-17 at 14.56.39

Жақсы ағаш – жақсы үннің кепілі

Соңғы уақытта экзотикалық ағаштан жасалған домбыралар туралы жарнама көбейген. Бірақ Тілек Әлібекұлы үшін ең маңыздысы – ағаштың атауы емес, сапасы.

– «Шетелдің ағашынан жасалған» деген сөз көп айтылады. Негізінде әр халық өз табиғатында өсетін ағашты пайдаланған. Мен көбіне қайың, үйеңкі, қарағай ағаштарын қолданамын. Ал домбыраның қақпағына міндетті түрде шырша, қарағай немесе балқарағай секілді қылқанжапырақты ағаштар қажет. Оның да жақсы кепкенін таңдаймыз. Сонда ғана дыбыс дұрыс шығады, – дейді ол.

Шебердің айтуынша, домбыраны асығыс жасауға болмайды. Бір мезетте бірнеше аспап қатар дайындалады. Бірінің шанағы құрастырылса, екіншісінің қақпағы кептіріледі, үшіншісі өңделеді. Әр бөлшек өз уақытын күткенде ғана сапалы аспап дүниеге келеді.

Хоббиден – миссияға

Алғашында бос уақыттағы сүйікті іс болған шеберлік бүгінде Тілек Мәуленовтің негізгі кәсібіне айналған. Оның жасаған ұлттық аспаптарына сұраныс жыл өткен сайын артып келеді.

– Басында бұл жай ғана хобби болды. Қазір кәсібім. Тіпті миссиям деп айта аламын, – дейді шебер.

Расында, Тілек Мәуленовтің еңбегі – ағаштан аспап жасау ғана емес. Бұл – ұлттық өнерді ұлықтау, қара домбыраның қоңыр үнін келер ұрпаққа саф қалпында жеткізу жолындағы жанашырлық. Әр аспаптың үнін іздеп, әр бөлшегіне жан жылуын дарытып жүрген шебердің еңбегі – халқымыздың рухани мұрасын байыта түсетін құндылықтардың бірі.

 

Сәнім Меңдібай

Бөрлі ауданы

Узнайте первым о важных новостях Западного Казахстана на нашей странице
в Instagram и нашем Telegram - канале