20.07.2026, 10:30
Оқылды: 51

Қамшы өрудің қыр-сыры көп

Қамшыны кез  келген  адам жасай алмайды. Оны сабыр мен шеберлікті, ептілік пен төзімділікті қажет ететін қасиетті қолөнер деп білеміз. Осындай қолөнерді жалғастырып жүрген жандардың еңбегі ерекше құрметке лайық. 

39e52826-40e5-4b45-a72a-fb78de453ad8

Сырым ауданындағы Бұлдырты ауылының тумасы Мұрат Рамазанов – ұлттық қолөнердің жанашыры.

Көпбалалы қарапайым отбасында дүниеге келген ол ұстаздықпен қатар қолөнерді де жанына  серік  еткен.

– Әкем – Кішібек Рамазанов Ленин орденінің иегері, саналы ғұмырын мал шаруашылығына арнаған еңбекқор жан болды. Анам – Баян Құсайынова көпбалалы батыр ана. Екеуі де қарапайымдылық пен адал еңбекті өмірлік ұстаным еткен жандар еді. Сол кісілердің тәрбиесі менің өмірлік жолыма үлкен бағыт-бағдар берді.

Отбасымда Динара атты зайыбым мен Альфинұр, Айдана есімді қос қызым бар. 1993 жылы Орал қаласындағы А. Пушкин атындағы педагогикалық институтты сызу, бейнелеу өнері және еңбек пәндерінің мұғалімі мамандығы бойынша тәмамдадым. Қазіргі таңда өзім туып-өскен Бұлдырты ауылындағы жалпы орта білім беретін мектепте көркем еңбек пәнінен сабақ беремін. Сонымен қатар Сырым аудандық білім беру бөлімінің «Балалар-жасөспірімдер шығармашылық орталығы» МКҚК жанындағы «Атамұра» қолөнер үйірмесінде балаларға ұлттық қолөнердің қыр-сырын үйретіп келемін, – дейді Мұрат Кішібекұлы.

71b275d9-7341-439e-82c4-bd7e6c1dd3e2

Ата-ана балаға өмірлік тәжірибе беріп, қиындықтарды еңсеруді үйретеді, бойындағы қабілет пен талантты дамытуға жол ашады. Сонымен бірге ұлттық дәстүр мен тәрбие де отбасынан бастау алады. Әкесі мал баққан адам болғандықтан, Рамазанов Мұрат бала кезінен қамшының жасалу жолын, тері илеуді, қайыс дайындауды, қамшы өруді көріп өскен. Бүгінде сол атадан қалған өнерді ұстаздық жолында шәкірттеріне дәріптеп келеді.

– Қамшы – қазақтың рухын, тектілігін танытатын қасиетті мұра болса, оны өріп, жан бітіретін адам шебер екені даусыз. Менің ойымша, қамшы жасайтын адам ең алдымен еңбекқор болуы керек. Себебі қамшы бір күнде дайын болмайды. Алдымен қыстық, күздік соғым сойылған кезде малдың терілерін өңдеп, тұздап, су тигізбей сақтаймын. Күн жылынғанда ағаш бөшкеге салып, иіні қанғанша илеймін. Кептіріп, илеп, жұмсартып, қайыс дайындаймын. Одан кейін жіңішке таспалар тіліп, қамшы өремін. Әр өрімнің өз әдісі мен ерекшелігі бар. Кейін қамшының сапасына, беріктігіне және әсемдігіне  мән  беремін.

Қамшы бірнеше бөліктен тұрады: сап (сабы), бүлдірге, өрім, таспа және шашақ. Сап – қамшының ұстайтын бөлігі. Көбіне тобылғыдан жасалады. Бүлдірге – саптың ұшына тағылатын ілмек. Ол қамшыны қолға іліп ұстауға немесе іліп қоюға арналған. Ал өрім – қамшының негізгі ұзын бөлігі. Былғарыдан өріледі. Өрімі жіңішке  әрі тығыз болған сайын қамшының сапасы жоғары болады. Сонымен қатар таспа – өрімнің ең ұшындағы бөлігі. Ол қамшының беріктігін арттырады. Ең соңғысы, шашақ – қамшының ұшына сәндік үшін немесе дыбыс шығару мақсатында тағылады, – дейді шебер.

Қамшы өруге арналған теріні дайындау  бірнеше кезеңнен тұрады:

Теріні сыпыру – мал сойылғаннан кейін теріні бүтіндей, жыртпай сыпырып алады.

Тазалау – терінің ішкі жағындағы май мен ет қалдықтарын мұқият қырып тастайды.

Тұздау – тері бұзылып кетпеуі үшін тұздалады. Тұз ылғалды тартып, шіруден сақтайды.

Кептіру – теріні көлеңкелі, жел өтетін жерде кептіреді. Тікелей күн көзіне қоюға болмайды, өйткені қатайып кетуі мүмкін.

Жібіту – кепкен теріні қайтадан суға салып жібітеді, сонда ол жұмсарады.

Илеу – теріні арнайы ерітінділер мен табиғи қоспалар арқылы илейді. Бұл былғарыны әрі берік, әрі икемді етеді.

Созу және жұмсарту – теріні тартып, уқалап, созып жұмсартады. Бұл оның сапасын арттырады.

Тілгілеу – дайын болған теріні жіңішке таспаларға кеседі. Сол таспалардан қамшы өріледі.

«Осылайша қарапайым тері сапалы қайысқа айналып, ұлттық өнер туындысы – қамшы жасауға дайын болады», – дейді Мұрат Кішібекұлы.

1b6ed65a-79b9-4d5e-8d53-543e83211724

Қолөнер шеберімен әңгіме барысында үйдегі кішкентай қос қызының қамшы өретінін де ести қалдық. Әдетте ұл балаға тән деп саналатын бұл өнерді қыз балалардың меңгеруі бізді таңғалдырмай қоймады. Әкеден дарыған қамшы өру шеберлігі Альфинұр мен Айдананың қолында жаңғырып, ұлттық өнердің жалғасына айналып отыр.

Жас шеберлер аудандық және облыстық деңгейдегі көрмелерге қатысып қана қоймай, өзге жастарға да шеберлік сыныбын өткізіп жүр. Өрімдері берік, өнерлері ғұмырлы болсын демекпіз.

Ұлттық қолөнер – ата-бабадан қалған асыл мұра. Сол мұраны кейінгі ұрпаққа үйретуді ұстаздық әрі азаматтық парызы санайтын кейіпкеріміз ұлттық өнерді ұлықтап, көнеден жеткен қолөнер дәстүрін дәріптеп келеді. Оның әрбір туындысынан қазақы болмыс пен шеберлікке деген  құрмет  айқын  сезіледі.

0c865bd5-9be5-4012-918a-e716c5e7329b

Әр өрімінде тарих жатқан қамшыны жасау – тек кәсіп емес, ол ұрпақтан-ұрпаққа жалғасқан киелі қолөнер. Қамшы шеберіне қайысты ғана емес, қазақы дәстүрді де өргізе беріңіз деп өз атымыздан тілек білдіреміз.

Гүлфия Қолғанатова,

«Орал өңірі»

Узнайте первым о важных новостях Западного Казахстана на нашей странице
в Instagram и нашем Telegram - канале