Бударин ауылындағы Мәдениет үйінің қабырғасы 1968 жылы қаланған. Бұдан үш жыл бұрын жөндеуден өткен ғимарат жаңарып-жарқырап тұр. Онда қосымша бөлмелер салынып, би залына кеңірек бөлме берілген. Кітапхана басқа бөлмеге көшіріліпті. Енді би залына қажетті жабдықтарға сұраныс берілген. Ауылдың мәдени шамшырағы саналатын орталық жанында халықтық атағы бар «Жайдарман» әжелер ансамблі жұмыс істейді. Осыған байланысты негізгі екі штатқа (жетекші, сүйемелдеуші) қоса тағы екі штатқа қызметкер алынған. Одан басқа бір кіші қызметкер және үш күзетші жұмыс істейді. Қыстық маусым кезінде операторлар жұмысқа қабылданады.

«Осының өзінде түрлі деңгейдегі жиындарда ауылдық жердегі Мәдениет үйіне төрт қызметкер аздық етеді деп айтып жүремін. Бізге хореограф керек. Аспаптарда ойнайтын мамандар жетіспейді. Хореография, домбыра үйірмелеріне балалар ынтамен қатысуда. Алайда арнайы маман болмаған соң, жұмыс нәтижелі болмайды. Үлкен типтік ғимаратта он шақты маман болса, жарасар еді. Костюмер, декораторлар болса, тіптен ғанибет қой», – дейді ауылдық Мәдениет үйінің директорі Күлім Әлмұқанова.

Мәдениет үйінің залы 150 орындық. Іші айнадай таза, жарқырап тұр. Ұжымдағылар жылдық көпшілік іс-шара және айлық жоспар бойынша жұмыстанады. Айына төрт мәдени іс-шара өткізіледі. Онда ауыл тұрғындарының жас деңгейі ескеріледі. Біз барғанда «Жайдарман» әжелер ансамблінің есептік концертіне дайындық жүруде екен. Мәдениет үйінің кіші қызметкері Гүлшат Кенжеғалиева, кітапхананың кіші қызметкері Назымгүл Стамғазиева, кітапхана меңгерушісі Әсима Жанұзаққызы «Жайдарман» әжелер ансамблінің соңына ілесіп келе жатқан жас әжелердің «Мейірім» деген ансамбль құрамында ән салады. «Ел іші өнер кеніші» демекші, ауылдың қарапайым адамдары өнерге жақын. Ауылдық округ әкімі Шоқан Мұсағалиев те ән айтады.
«Артық ғылым кітапта, ерінбей оқып көруге»
– 1991 жылдан бері мәдениет саласында еңбек етудемін. Ауылдық кітапхананың жұмысы сырт көзге көп көріне бермейді. Бірақ ілім-ғылымның жаршысы кітапхана халыққа мәдени-рухани қызмет көрсетеді. Мемлекет басшысының «Кітап оқу мәдениетін дамыту және зерделі ұлт қалыптастыру жөніндегі шаралар туралы» Жарлыққа қол қойғаны белгілі. Бұл құжат ел руханиятын жаңа сапалық деңгейге көтеруге бағытталған стратегиялық құжат ретінде көңілімізді тасытты. Ел Президенті білімді ұлт қана жаһандану дәуірінде табысқа жете алатынын айтып келеді. «Кітап оқитын ұлт» жобасы аясында жас балаларды кітап оқуға тарту мақсатында түрлі іс-шара, әдеби және тақырыптық, поэзиялық кештер өткізудеміз, – деді ауылдық кітапхана меңгерушісі Әсима Құлетова (суретте). Оның айтуынша, кітапхананы заман көшінен қалдырмай дамытсақ, интеллектуалдық қуаты мол, шығармашылыққа бейім, креативті ойлайтын жастар толқынын қалыптастыруға болады. Ондай жастар елдің бәсекеге қабілеттілігін арттырады. Жалпы кітаптан алыстамаған адамзат баласы рухани азғындыққа аяқ баспайды.
Кітапхана қорында 20 мыңның үстінде кітап бар. Соның 10 500-ден астамы қазақ тілінде. Жылда жаңа кітаптар жақсы келеді. Келушілер саны 700-дің үстінде. Тұрақты оқырмандары баршылық, олардың ішінде зейнеткерлер, әлеуметтік қызметкерлер, басқа да сала мамандары бар. Жастар жағы мотивациялық әдебиетке құмар. Соған қарамастан жас буынға көркем әдеби кітаптарды да насихаттап, оқуға ұсынып отырады. Мысалға, жасы 70-тің үстіндегі ауыл тұрғыны Амантай Сапаров тарихи кітаптарды көп оқиды. Бұрын осы ауылдағы «Чуйков» колхозын басқарған салиқалы ақсақал рухани киелі шаңырақтағы іс-шаралардың ортасында жүреді. Жасы 88-ге алқынбай жеткен Құбайдолла Мұсағалиев те кітапханаға жиі келіп, мерзімдік басылымдарды парақтайды. Соның ішінде «Орал өңірі» газетінің әр нөмірін қалыс қалдырмай оқиды. Бұл кітапхананың Самал және Коловертный ауылдарындағы екі бөлімшесі халыққа қызмет көрсетеді. 31 мамыр – Саяси қуғын-сүргін және ашаршылық құрбандарын еске алу күніне орай «Құнсыз қан, сұраусыз жан өтеуі» атты кітап көрмесі дайындалды. Мұның алдында «Абайдың қара сөздері – тәрбиенің қайнар көзі» атауымен жасақталған, QR-кодпен оқылатын қабырғалық көрнекілік оқырман көңілінен шықты. Ауылда жақсы үрдіс қалыптасқан. Ауылдан облыс орталығына көшкен кей зейнеткер өздерінің жеке кітапханасындағы кітап, газет-журналдарын ауыл кітапханасына тапсырады. Кітапхана қоры осындай жолмен де толығуда. «Артық ғылым кітапта, ерінбей оқып көруге» деп хәкім Абай айтқандай, кітап оқымайтын адамның білімсіз, жолы тұйық болатыны ақиқат. Кітапханашы Әсима Жанұзаққызы осы дана сөзді жастар арасына насихаттап, талмай еңбек етуде.
«Әуелі қолдан келсе, еліңді сүй...»
Бударин ауылдық округінде 435-тей түтін бар. Соның 335-і округ орталығында, өзгесі Коловертный және Самал елді мекендерінде. Округте 1560 адам тұрады. 2024 жылы екі пәтерлік баспана пайдалануға берілген. Биылғы ақпан айында көпбалалы жас отбасыларға екі пәтерлік үй салынған. Жекелер де баспана салуға бей-жай қарамайды. Тұрғындар қаладағыдай отын-суы кірген жайлы үйлерде тұрады. Оралға бір сағатта жетесіз, 86 шақырым қашықтықта. Таксилер қатынайды. Содан да шығар, ауылдан қоныс аударушылардан гөрі көшіп келіп жатқандар басымдау. Басқа жердегі өзге де округтегі секілді мұнда да мемлекеттік мекемелер, әлеуметтік нысандар қызмет етеді.
– 2022 жылы ауылға ұзындығы 700 метр болатын кіреберіс жол салынды. Өткен жылы екі шақырымдық ауылішілік (Қазақстан, Астана, Ж. Молдағалиев көшелеріне) жолға қатқыл табанды жабын төселді. Осы жолдың жобалық құжатына 3 млн, мемлекеттік сараптамаға қажетті 650 мың теңге демеушілердің қаражаты есебінен жұмсалды. Жобалық құны 246 млн теңге болатын жолды «Жайық Сити» компаниясы сапалы етіп салды. Енді төрт шақырым шамасындағы ауыл ішіндегі жолдар жаңаланса деп отырмыз. Сонда жолдарымыз жарқырап, ауыл сәні келісер еді. Әйтпесе, күзгі-көктемгі лайсаңда жолдардың күйі кетеді, - деді ауылдық округ әкімі Шоқан Мұсағалиев.
Округте 56 шаруа қожалығы, 40-тай кәсіпкерлік нысаны жұмыс істейді. Шаруашылықтар негізінен төрт түлік мал өсіреді және суармалы екпешөп егуді қолға алуда. Қожалықтар мен ауыл тұрғындары бау-бақша баптайды. Будариндіктер мал бағымын ұйымдастырған. Ал бойдақ малды қырдағы шаруашылықтарға қосады. 2019 жылы салынған спорт алаңы былтыр жаңадан жасақталды. Мұны Марат Меңдіғалиев бастаған ауыл жастары 2 млн теңгеден астам қаражатты өз қалталарынан шығарып, жүзеге асырған. 1971 жылы салынған Майдангерлер алаңы да жаңартылуда. Оған соғыс ардагерлерінің ұрпақтары, тұрғындар 2 млн теңге жинады.

– Ынтымақ, ырыс, келісім – ең үлкен бақыт ел үшін демекші, осындай ынтымақтың арқасында ауылымызда игі істер атқарылуда. Ауылымыздың жолдары жаңартылды. Әлі де жаңарады деп күтудеміз. Осындай берекелі іске демеуші болған азаматтар Нұрлан Ақатов, Марат Молдашев, Ғабиден Баянғалиев, Амантай Сапаров, Бақтығали Темірғазиевтердің есім-сойларын мақтанышпен айтамыз. Еңбек ардагері, кеңес заманында басшылық қызмет атқарған Амантай Сапаров 12 қанат киіз үйді өз қаржысына жасатып, ауылға тарту етті. Ол да тұрғындардың қуанышын үстеді. Коловертный ауылындағы Тілек Шаяхметов «Ауыл аманаты» бағдарламасы бойынша ауыл шаруашылығы кооперативін құрып, кәсіпкерлік жұмысын бастады, – деді ауыл тұрғыны, зейнеткер-ұстаз Ғайни Машаева (суретте).
Будариндіктер ақын-ағартушы, ойшыл-ғұлама Ғұмар Қараштың: «Әуелі қолдан келсе, еліңді сүй, Ел үшін еңбек еткен еріңді сүй. Қағбаға тауап ету керек болса, Кір жуып, кіндік кескен жеріңді сүй!» деген азаматтық қағиданы ұстануда.
Гүлбаршын Әжігереева,
«Орал өңірі»,
Ақжайық ауданы