22.07.2026, 10:45
Оқылды: 28

«Кейіпкер дауысын дыбыстау – сүйікті ісім»

Әрбір дені сау бала кез келген ақпаратты, құбылысты, көріністерді көзбен көріп, қолмен ұстап қабылдайтыны әлімсақтан белгілі. Көз жанарынан айырылған бүлдіршіндер ше?! Осы орайда зағип және нашар көретін жандарға көзбен көргендей сезімде болсын деп түрлі оқиғаға дыбыстық өңдеу жасап, жасанды интеллект (ЖИ) арқылы мультимедиялық ертегі ұсынған Гүлмайра Саменова мен әріптестерінің еңбегі әңгімелеуге тұрарлық.

Гүлмайра Саменова
Жасанды интеллектінің пайда болуы адамзат қоғамына соны серпіліс әкелді. ҚР Президенті Қасым-Жомарт Тоқаевтың биыл «Цифрландыру және жасанды интеллект жылы» деп атауы да тегін емес. ЖИ шығармашылықты бұрын-соңды болмаған жаңа деңгейге шарықтатып, ән сағатта шығарма дайын болатыны әмбеге аян. Ұзақ уақытты, үлкен ізденісті талап ететін көп дүние жасанды интеллектімен лезде жүзеге асады. Осы орайда облыстық зағип және нашар көретін азаматтарға арналған кітапхананың әдіскері, ертегі кейіпкерлерін дыбыстаушы Гүлмайра Саменова мультимедиялық нұсқадағы ертегінің жай-жапсарын бізге былайша әңгімелеп беріп еді.
– Оқырманға кітапты, әдеби шығармаларды насихаттау, заманауи сипатта ұсыну кітапхананың басты міндетінің санатында. Осы тұрғыда, облыстық зағип және нашар көретін азаматтарға арналған кітапханасы жасанды интеллект мүмкіндіктерін тиімді пайдалануға тырысады. Кітаптарды, мерзімді басылымдарды оқырманға жарнамалау арқылы оқуға тарту – кітапханамыздың басты миссиясы. Балаларға арналған «Қуырмаш» атты жобамыздың «Балаларға базарлық» айдарында біз ертегілерді ғаламтордағы сайттардан емес, кітапхана қорындағы әдебиеттер мен мерзімді басылымдардан таңдап аламыз. Былтыр кітапханамыздың қоры ақынұстаз, Қазақстан Жазушылар одағының мүшесі Талап Таймасұлының балаларға арналған бірқатар кітабымен толыққан еді. Кітапты парақтай отырып, ақынның бала ой-санасын, ұлттық танымын, қиялын ұштауға бағытталған тамаша туындысынан мультимедиялық нұсқасын жасауды ойға алдық. Сөйтіп, шағын оқиға желісінен құралған «Мысалдар» кітабында балаларға құр мақтаншақтық, даңғойлықтан аулақ болуға, әмбе жақсы-жаман қасиеттерді айыра білуге үйрететін «Бұлбұл мен қарға» мысал-ертегісіне тоқталдық. Айта кететін жайт, кейде ертегілерді дыбыстау барысында балаларға одан сайын қызықты ете түсу үшін импровизация жасап, мәтінін аз-мұз өңдейтін кезіміз болады. Бұған дейін аудиоподкаст түріндегі ертегілерімізге тек халық ертегілерін алатынбыз. Бұл жолы мультимедиялық нұсқада жасауға таңдап алған ертегіміз ауторлық ертегі болғандықтан, алдын ала аутордың рұқсатын алдық, – дейді Гүлмайра Беркінқызы.

Тәтмира Қалиолла
Одан әрі әдіскер әңгімесін былайша өрбітті: «Кітапхана зағип және нашар көретін жандарға қызмет көрсететін арнайы кітапхана болғанымен, инклюзивті мәдениет, орта қалыптастыруға атсалысатын бірден-бір мәдени ошақ десем, асылық айтқаным болмас. Қызмет көрсетуде тек арнайы мекеме, мектептермен ғана емес, серіктестікте басқа мекемелер, оның ішінде балабақша-бөбекжайлар да бар. Демек, бұл мультимедиялық ертегімізді көру қабілеті бұзылған арнайы мектеп-интернаты балаларының назарына ұсыну өз алдына, сонымен қатар осы мекемелердегі кішкентай көрерменге де көрсетеміз.
Ұсынған мультимедиялық ертегіні көзбен көруге, кейіпкерлердің сөздерін оқуға мүмкіндік бар. Одан кейін дыбыстарды, дауыстарды барынша көп қолдануға тырысамыз. Мысалы, оқиға желісін қосымша дыбыстармен әрлейміз. Ертегіні толық жеткізу үшін мәтін түгел дыбыстандырылады. Бұл көз жанарынан айырылған балалар үшін кадрда ертегі кейіпкерлерінің диалогынан тыс басқалай не болып жатқанын толық түсінуге мүмкіндік беретін тифлокомментарий рөлін атқарады.
Мультимедиялық ертегімізді ұсынғанға дейін «Балаларға базарлық» тақырыбында ертегілерге аудиоподкасттар жасап келдік. Аудиоподкасттар дегеніміз – ертегілерді дыбыстандыруға қабілеті бар екі немесе үш кітапханашының кітапханамыздың дыбыс жазу студиясында ертегіні таңдаудан бастап, яки қай кейіпкердің дауысын салатынын өзара ақылдаса отырып, дыбыстандыру. Әрине, кейін арнайы бағдарламаларда ертегінің мазмұнына сай бір ғана суретпен әрлеп, содан соң көру қабілеті төмен балалар көзбен көргендей сезімде болсын деп ертегіде айтылатын оқиғаларға сәйкес түрлі дыбыстық өңдеулер істеп жүрдік. Мысалы, орманда келе жатқан кейіпкерді сезіну үшін жапырақтардың сыбдыры, кейіпкер «суға гүмп етті» десе, судың сылдыры т. с. с. Ертегі әлеужелідегі парақшаға жүктелетіндіктен, ол баршаға қызықты, тартымды болуы біз үшін өте маңызды. Мультимедиялық сипаттың артықшылығы – мәтін, дыбыс және көрнекі элементтердің үйлесімі арқылы шығарманы жеңіл әрі әсерлі жеткізілуінде», – дейді кітапхана әдіскері Гүлмайра Саменова.
Үш минуттық мультимедиялық ертегі бас-аяғы бір апта көлемінде кітапхана қызметкерлерінің арқасында жасалып шықты. Кейіпкерлердің дауысын дыбыстауда Гүлмайра Саменова мен әріптесі Тәтмира Қалиолла аянбай еңбек етті. Жазылған аудионы артық дыбыстан тазартып, дауыс көлемін ұлғайту ісіне кітапхананың дыбысты кітаптарды өндіру бөлімінің мамандары да біраз тер төкті. Кітапханашылардың игі істері мен жұмыстарына риза болдық.
Заманның талабына сай тың бағытта жұмыстанып, кітапхана қызметінің жаңа деңгейге көтерілуіне атсалысқан жұмыстары өркендей бергей.

Гүлфия Қолғанатова,
«Орал өңірі»

Узнайте первым о важных новостях Западного Казахстана на нашей странице
в Instagram и нашем Telegram - канале