Альцгеймер ауруы: алғашқы белгілері мен себептері
АҚШ-та 65 жастан асқан 7,2 миллионға жуық адам Альцгеймерге шалдыққан. Болжамдарға сәйкес, егер алдын алудың немесе емдеудің тиімді әдістері табылмаса, 2060 жылға қарай олардың саны 13,8 миллионға жетуі мүмкін. Қазіргі уақытта шамамен әрбір 65 секунд сайын деменцияның жаңа жағдайы тіркеледі.
Көптеген адам Альцгеймер ауруының алғашқы белгілері - тұрмыста көп айтылатын бастың мең-зең болуы, ұйқының бұзылуы, жадтың нашарлауы және зейіннің төмендеуіне мән бермейді.
Оларды стресстің немесе шаршаудың салдары деп есептейді. Бірақ дәл осы сәтте адамдар бағалы уақытты жіберіп алады, ал ерте диагностика мен қауіп факторларын өзгерту мидағы қайтымсыз өзгерістердің дамуын бәсеңдетіп, жад пен өмір сапасын ұзақ уақыт сақтауға көмектесер еді.
Ұзақ жылдар бойы басты қауіп жас мөлшері деп есептеліп келді, алайда 2024 жылы Lancet Commission 14 қауіп факторын атап көрсетті:
- артериялық гипертензия,
- есту қабілетінің төмендеуі,
- семіздік,
- шылым шегу,
- депрессия,
- төмен физикалық белсенділік,
- әлеуметтік оқшаулану,
- қант диабеті,
- алкогольді асыра пайдалану,
- бас сүйек-ми жарақаттары,
- ауаның ластануы,
- ұйқының бұзылуы,
- гиперлипидемия (қандағы май деңгейінің жоғарылауы),
- білім деңгейінің төмендігі.
Lancet комиссиясының бағалауы бойынша, деменция жағдайларының 45 пайызына дейін дәл осы қауіп факторларына әсер ету арқылы алдын алуға немесе шегеруге болады.
Әйелдерде Альцгеймер ауруы қаупін не арттырады?
Әйелдердің Альцгеймермен ауыру ықтималдығы жоғары, себебі олардың ми денсаулығы бүкіл өмірі әсер етеді. Менопауза кезіндегі дене ерекшеліктері мен гормоналды өзгерістер ғана емес, сонымен қатар күнделікті факторлар да рөл атқарады.
Бірақ бұл факторлар деменция мен Альцгеймер ауруының дамуына өздігінен емес, жиынтық түрде әсер етеді. Биологиялық ерекшеліктер, қауіп факторлары мен өмір сүру жағдайлары көптеген жыл бойы жинақталып, соңында мидың саулығына және когнитивті функцияларға әсер етуі мүмкін.
Әйелдерде Альцгеймер ауруының дамуына әсер етуі мүмкін беймәлім факторлар да бар.
Алғашқы босану жасы және босану саны
Алғашқы босану жасының болашақта мидың саулығына әсер ететін-етпейтіні ғылыми ортада әлі де талқыланып жатқан мәселе.
2025 жылы аустралиялық зерттеуші Вэньпэн Ю (Wenpeng You) 204 елдің деректерін талдап, алғашқы босану жасының кеш болуы әйелдер арасында деменцияның таралу қаупінің жоғарылауымен байланысты болуы мүмкін екенін анықтады.
Талдау нәтижесі аурудың ықтимал дамуына әлеуметтік-экономикалық жағдайлар да әсер ететінін көрсеткен:
- кірістің төмендігі мен орташа деңгейі,
- медициналық көмекке қолжетімділіктің шектеулі болуы,
- білім деңгейінің төмендігі және басқа да әлеуметтік факторлар.
Ерте немесе кеш босану, сондай-ақ ақшаның аздығы Альцгеймер ауруының расталған қауіп факторы емес екенін түсіну маңызды. Олар басқа факторлар - жоғары қан қысымы, ұйқының бұзылуы, шылым шегу, қант диабеті және тағы басқаларымен бірге ми жұмысына әсер етуі мүмкін.
Босану саны ондаған жылдардан кейін когнитивтік функцияларға әсер етуі мүмкін бе? Ұлыбританиялық ғалымдар 253 611 әйелдің деректерін талдау арқылы осы сұраққа жауап іздеп көрді.
Талдау нәтижесі үш немесе одан да көп бала туған (сондай-ақ алғашқы баласын 25 жасқа дейін дүниеге әкелген) ұлыбританиялық әйелдерде бала саны аз немесе алғашқы босану жасы кешірек әйелдермен салыстырғанда Альцгеймер ауруының даму қаупі жоғары екенін көрсетті.
Әлеуметтік оқшаулану және жалғыздық
Әлеуметтік оқшаулану мен жалғыздық - жиі синоним ретінде қолданылғанымен, екеуі екі бөлек ұғым. Жалғыздық - қарым-қатынас пен эмоционалды жақындықтың жетіспеушілігін сезіну (субъективті сезім). Әлеуметтік оқшаулану - қоғамдық өмірге араласу мен байланыстардың объективті түрде шектелуі.
Әлемдік зерттеу деректері бойынша, эмоционалдық әл-ауқат - ми саулығының маңызды құрамдас бөлігі. Сонымен қатар, субъективті жалғыздық сезімі емес, дәл осы әлеуметтік оқшаулану деменцияның даму қаупінің артуымен байланысты болуы мүмкін.
Жұмыстың болуы немесе болмауы
Жұмыс - тек табыс көзі ғана емес, сонымен қатар когнитивті денсаулықты сақтаудың маңызды факторы. Кәсіби қызмет тұрақты ой белсенділігіне ықпал етеді, әлеуметтік байланыстарды кеңейтеді және ой ұшқырлығын сақтауға көмектеседі.
2025 жылы оңтүстіккореялық зерттеушілер 45–54 жас аралығындағы 1 130 665 адам қатысқан ауқымды когорттық зерттеудің нәтижелерін жариялады. 14 жылдық бақылау барысында тұрақты жұмысы бар ерлердің 0,31 пайызында және әйелдердің 0,29 пайызында деменция анықталды.
Ал жұмысынан айырылған қатысушылар арасында деменция жиілігі айтарлықтай жоғары болды: ерлерде - 0,64 пайыз, әйелдерде - 0,5 пайыз.
Барлық зерттеу нәтижелері, әсіресе әйелдердегі деменция мен Альцгеймер ауруының қауіп факторларын талқылау кезінде өте маңызды. Жүктілік, бала босану және оларды күту кезеңдері әлеуметтік оқшаулану, жоғары эмоционалдық және тұрмыстық жүктеме, сондай-ақ кәсіби қызметтегі ұзақ үзілістермен қатар жүруі мүмкін.
Ауруды неғұрлым ерте анықтау неге маңызды?
Жеке тәжірибемізге сүйенсек, жадының нашарлауы немесе ми функцияларының төмендеуі бойынша шағымданған әрбір үшінші емделушіде ерте когнитивтік бұзылыстар - деменция алдындағы кезең анықталады. Бұл кезеңде адамға көмектесіп, аурудың өршуін бәсеңдетуге әлі де мүмкіндік бар.
10 жылдан аса уақыт бойы біз стандартталған нейрокогнитивтік шкалаларды қолданып келеміз - бұл миға арналған өзіндік "таразы" іспеттес. Олар адамның күнделікті өмірде байқамайтын ерте өзгерістерін анықтауға көмектеседі.
Әріптестерімізбен бірге Алматының егде жастағы тұрғындары арасында зерттеулер жүргізіп, осы топта жеңіл когнитивтік бұзылыстардың кең таралғанын растадық.
Екі түрлі өмірді елестетіп көріңізші: біріншісі - белсенді, сіз қозғалыстасыз, араласасыз, толыққанды өмір сүресіз. Екіншісі - сіз жылдар бойы өзіңіз толықтай тәуелді болып қалған жақындарыңызды танымай өтесіз. Және бұл жағдай 10–20 жылға созылуы мүмкін. Келіссеңіз, бұл мүлдем екі бөлек тағдыр.
Алғашқы шағымдар - ұмытшақтық, бастың мең-зең болуы, зейіннің төмендеуі байқалған кезеңде дәрігер мен емделуші үшін бірегей мүмкіндіктер терезесі ашылады. Егер бұл уақытты өткізіп алса, әлі де тоқтатуға болатын аурудың қайтымсыз күйге ауысуы мүмкін.
Деменциямен күрестің негізгі бағыттарының бірі тек деменция мен Альцгеймер ауруы бойынша ұлттық стратегия құру ғана емес, сонымен қатар алғашқы медициналық-санитарлық көмек деңгейінде когнитивтік бұзылуларды ерте анықтау бағдарламаларын - емхана дәрігерлері жүргізе алатын күнделікті когнитивтік скринингті енгізу болуы тиіс. Бұл жұмыс басталып та кетті - мәселе туралы тек дәрігерлер ғана емес, пациенттердің өздері де ойланғаны маңызды. Ал әйелдер қауымы күнделікті күйбең тірлікке беріліп, өзі мен денсаулығы туралы ұмытпауы тиіс.
