Сәрсенбіде ауданымыздың ардагерлері Ғабдығали Текебаевқа аранайы барып Қазақстан Республикасы «Ауыл шаруашылығы ардагерлер Кеңесі» Қоғамдық бірлестігі атынан «Құрметті ардагер» төсбелгісін тақты.

Тоқсанның төріне шығып, тоғыз асуды артқа тастаған ақсақал саналы ғұмырын туған өлкесінің өсіп-өркендеуіне арнап, маңдай терімен аудан шежіресіне өзіндік өнегелі қолтаңбасын қалдырған. Алқалы жиынға аудандық ардагерлер кеңесінің төрағасы Қайырғали Жайымов, ардагерлер кеңесінің алқа мүшелері Тыныштық Өтешқалиев, Марат Нұрғалиев және Ермек Меңдіхан қатысты.

Басқосу барысында ардагерлер жылы лебіздерін білдіріп, құттықтау сөз сөйледі. Марапат иесі өзіне көрсетілген ілтипат пен құрмет үшін ризашылығын білдіріп, ақжарма тілегін арнады. Кездесу соңында ардагерлер естелік суретке түсіп, көтеріңкі көңіл-күймен тарқасты.
Аянат САДЫҚ
Жаңақала ауданы