Жақында Теректі аудандық тарихи-өлкетану музейінде сенсациялық оқиға өтті. Алғаш рет қордағы барлық қыш жәдігер басын қосқан «Сиқырлы құмыра құпиясы» атты ерекше көрме ұйымдастырылды.

Бұл көрме жай ғана ыдыстар шеруі емес, тарихшы мен археолог үшін өткен ғасырлардың мөрі басылған нағыз тарихи құжат болды. Бүгінде музейде құмыраның 20-дан астам түрі сақталған, ал бұл бірегей жәдігерлер – музей меңгерушісі, белгілі археолог әрі өлкетанушы Аманжол Салимовтың өмір бойы археологиялық қазба жұмыстары кезінде тауып, музейге сыйлаған жеке коллекциясы.
Құмыралардың құпия тілі: Пішін мен технология
Музей қорындағы қыш ыдыстардың жасалу технологиясы мен пішіні әртүрлі. Мұнда қолмен илеп жасалған алғашқы көне ыдыстар да, кейінгі дәуірлерде арнайы станокпен (құмыра шарығымен) мінсіз соғылған бұйымдар да кездеседі. Кейбірінің түбі дөңгелек болып келсе, бабаларымыз оны ас пісіргенде күлге немесе отқа тығып қою үшін әдейі солай жасаған. Сонымен қатар, көлемі бала ойыншығындай кішкентай заттардан бастап, ішіне қысқы астық сақтайтын алып қойма-құмыраларға дейін орын алды. Археологиялық жәдігерлер арасында өзеннен суды өздігінен суырып алып, егістік арықтарына құятын су шығырларында пайдаланылған ерекше қыш ыдыстардың да орны бөлек.

Бабалар нанымы мен көне дүниетаным
Құмыра тек тұрмыстық ыдыс емес, ол көне дәуірдің наным-сенімін жеткізуші ғылыми құжат. Ежелгі сарматтар адам қайтыс болғанда, оның жаны о дүниеде аш жүрмесін деп қабіріне тамақ немесе қасиетті сусын құйылған қыш ыдыстарды бірге көмген. Музейдегі құмыралардың ернеуі сыртқа қарай сәл қайырылып, бүйірінің жұмырланып келуі бұл бұйымдардың сонау сақ-сармат дәуіріне тән ортақ қолтаңбасы екенін дәлелдейді. Ыдыстардың сыртына салынған әртүрлі сызықтар, иректер мен геометриялық өрнектер жай ғана сән емес, олар тайпалық белгі, қорғаныс тұмары және табиғат күштеріне табынудың көрінісі болды.
Өткеннің көзіндей болған саз балшыққа жазылған мыңжылдықтар тарихын паш еткен бұл көрме көшпелілер мәдениетінің тереңдігін тағы бір мәрте дәлелдеді.
Гүлім Елемесқызы,
Теректі аудандық музейінің экскурсия жүргізушісі