Жәнібек аудандық орталықтандырылған кітапхана жүйесінде қазақ поэзиясының көрнекті өкілі, сыршыл жырларымен оқырман жүрегінен орын алған ақын Марфуға Айтхожинаның шығармашылығына арналған «Не? Қайда? Қашан?» интеллектуалдық ойыны ұйымдастырылды.

Шараның негізгі мақсаты – нәзік сезім мен биік парасатты ұштастырған ақынның мол шығармашылық мұрасын кеңінен насихаттау, оқырмандардың әдеби білімін арттыру, поэзияға деген қызығушылығын ояту және қатысушылардың тапқырлығы мен шапшаң ойлау қабілетін шыңдау.
Зияткерлік додаға жас мемлекеттік қызметшілерден құралған команда мен кітапхана оқырмандары қатысып, өз араларында білім сынасты. Сайыс барысында қатысушылар айналдырғыш тетік арқылы түскен сұрақтарға жауап беріп, әр тапсырманы талқылауға бір минут уақыт жұмсады. Ойында жеке білімнен өзге, командалық бірлік пен жылдам шешім қабылдау маңызды роль атқарды. Тартысты өткен кезеңдердің бірі – «Қара жәшік» айдары болды.

Жиын соңында аудандық орталықтандырылған кітапхана жүйесінің директоры Светлана Сергоқызы сөз сөйлеп, зияткерлік сайысқа белсене қатысқан жас мемлекеттік қызметшілерге алғысын білдіріп, арнайы алғыс хаттар табыстады.
Кітапқа құрмет пен поэзияға сүйіспеншілікті ұштастырған бұл бастама жастар мен оқырмандардың Марфуға Айтхожинаның шығармашылық мұрасын жаңаша тануына мүмкіндік берген тағылымды шараға айналды.
Бану Самат,
Жәнібек ауданы