Жәнібек ауданы әкімдігінде аудан орталығы – Жәнібек ауылдық округінің әкімі Ғибрат Айтқалиевті шығарып салуға арналған актив отырысы өтті.

Жиында аудан әкімі, әріптестері мен сала басшылары оның өңірдің әлеуметтік-экономикалық дамуына қосқан үлесін атап өтіп, ақжолтай тілектерін білдірді.
Ғибрат Айтқалиев еңбек жолын 2013 жылы Жәнібек ауданы әкімі аппаратының персоналды басқару қызметінің статисті болып бастаған. Кейін ұйымдастыру жұмыстары және мемлекеттік қызметтер мониторингі бөлімінің жетекші әрі бас маманы (2013-2016 жылдары), Жәнібек ауылдық округі әкімінің орынбасары (2016-2017 жылдары) қызметтерін атқарды.
Ал 2017 жылдан 2024 жылдың 15 қыркүйегіне дейін Жәнібек аудандық жұмыспен қамту және әлеуметтік бағдарламалар бөлімін басқарды. Одан кейін аудан орталығының әкімі сайлауында жоғары көрсеткішпен жеңіске жетіп, елмен етене жұмыс істеді.

Актив отырысында аудан әкімі Ғибрат Талғатұлының қызмет жолына жоғары баға беріп, бұл шешімін түсіністікпен қабылдайтынын жеткізді:
– Жастардың биікке ұмтылып, өз мүмкіндігін жаңа қырынан сынауға талпынғаны қуантады. Ғибрат қызмет барысында үлкен тәжірибе жинақтап, білікті маманға айналды. Қай салада еңбек етсе де, өзіне жүктелген міндетті жауапкершілікпен атқарып, жақсы нәтижелер көрсетті. Алдағы қызметіне сәттілік тілеймін, – деді аудан басшысы.
Аудан әкімі Ғибрат Айтқалиевке алғысхат пен естелік сыйлық табыстады.
Жиында бірге еңбек еткен бөлім басшылары және «Ардагерлер ұйымы» РҚБ аудандық филиалының төрағасы Амангелді Уәлиев сөз сөйлеп, әріптесінің еңбекқорлығын, кішіпейілділігін және аға буынға деген құрметін жоғары бағалады.
Өз кезегінде Ғибрат Айтқалиев аудан басшылығы мен әріптестеріне қызмет барысында көрсеткен қолдауы мен бірлескен жұмысы үшін ризашылығын білдірді.
Арай Сейфолла,
Жәнібек ауданы