26.08.2026, 15:15
Оқылды: 60

«Қазақстан цифрлық мемлекеттен интеллектуалды мемлекетке өтуі тиіс»

 Цифрландыру және жасанды интеллект жылы 

Қазіргі  цифрлық  серпілістер  мен  технологиялық  жаңғыру  дәуірінде  әлем  елдері  барлық  саланы  цифрландыруға  стратегиялық  басымдық  беруде.  Қазақстан  да  көштен  қалмас  үшін  экономикаға,  өндіріске,  мемлекеттік  басқаруға  және  білім  беруге  жасанды  интеллект    технологияларын  кеңінен  енгізуге  бел  шеше  кірісті.  Осы  орайда  Оралдағы  «Қазақстан  инновациялық  және  телекоммуникациялық  жүйелер  университеті»  ғылыми  білім  кешенінің  президенті,  құрылтайшысы,  техника  ғылымдарының  кандидаты,  профессор,  ҚР  ҰИА  академигі  Ақсерік  Әйтімовпен  өңірдегі  өсу  орталығы  және  жаһандық  академиялық  кеңістік  ойыншысы  ретінде  сенімді  түрде  алға  қадам  басқан  оқу  орнының  тыныс-тіршілігі  туралы  сұхбат  құрдық.   

 WhatsApp Image 2026-08-26 at 15.38.43

– Ақсерік Сарыұлы, Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаевтың тікелей бастамасымен 2026 жыл «Цифрландыру және жасанды интеллект жылы» деп жарияланғаны әмбеге аян. Ел Президенті цифрлық державаға айналудың уақыт талабы екенін айтып, жасанды интеллект пен цифрлық технологияларды ұлттық бәсекеге қабілеттіліктің негізгі факторларының бірі ретінде атап өтті. Осы тұрғыдан алғанда,  жоғары білім беру жүйесі жаңа цифрлық дәуірге қаншалықты дайын?

– 2029 жылға дейінгі «Digital Qazaqstan» ауқымды цифрландыру және жасанды интеллект технологияларын енгізудің жалпыұлттық стратегиясы Президент Жарлығымен бекітілді. Осы құжат алдағы жылдары елімізді технологиялық жаңғыртудың темірқазығына айналды. Бұған тек стратегиялық құжат, цифрландыру бағдарламасы деп қарауға болмайды, өйткені ол барлық саланы қайта құруға бағытталады. Қазіргі кезде электронды үкімет, онлайн қызметтер, мобильді қосымшалар және басқа да мемлекеттік сервистер күнделікті тірлігімізге енді. Осындай жекелеген қызметтерді аутоматтандырудан елдің тұтас сәулеттік құрылысын қалыптастыру керек. Қазақстан цифрлық мемлекеттен интеллектуалды мемлекет деңгейіне өтуі тиіс. Президент нақты тапсырмалар берді. Соның бірі  – Павлодар облысындағы Екібастұз қаласында жүзеге асырылып жатқан «Деректерді өңдеу орталықтары алқабы» жобасы. Мұның өзі – халықаралық деңгейдегі цифрлық экожүйе. Жобаның  мақсаты – деректерді өңдеу орталықтарын салу, халықаралық бұлтты сервистерді орналастыру, жасанды интеллект инфрақұрылымын дамыту, суперкомпьютерлерді іске қосу, халықаралық инвесторларды тарту. Аталған жоба Қазақстанды ғана емес, бүкіл Орталық Азияның цифрлық инфрақұрылымының негізгі тірегіне айналдыруға бағытталған. Алматы облысында елдегі алғашқы цифрлық қала – «Alatau City» құрылысы жүруде. Президент бұл  қаланы іскерлік пен инновацияның орталығына айналдыруды міндеттеді. 2025 жылғы 26 қыркүйекте Президенттің Жарлығымен қалаға ерекше мәртебе берілді. Alatau City әлемдік смарт-қалалармен тең дәрежеде дамып, өзіндік ұлттық болмыс пен инновациялық бағытты ұштастыратын ерекше орталыққа айналады. Жалпы елімізде  жүйелі жұмыс жүргізілуде, білім беру үрдісіне IT шешімдерді енгізу күш алды.  Қоғамда цифрлық дәуірге қадам басуға алғышарттар жасалды. Жоғары оқу орындары, соның ішінде   Қазақстан инновациялық және телекоммуникациялық жүйелер университеті де жаңа цифрлық дәуірге дайын деуге болады. Әрине, цифрлық трансформация  біртіндеп жүзеге асады. Дұрыс бағыт-бағдар таңдалынды.

–  ҚазИИТУ – IT және цифрлық технологияларға бағытталған оқу орны. Университетте жасанды интеллектіні оқу үдерісіне енгізу бойынша қандай нақты жобалар жүзеге асырылуда?

– Цифрлық білім бәсекеге қабілетті ұлт қалыптастырудың басты тетігі десек, көптеген оқу орны терең институционалдық трансформациядан сәтті өтуде. Еліміздегі жоғары оқу орындарына  «Қолданбалы жасанды интеллект», «Жасанды интеллект және блокчейн инженериясы» сияқты бағдарламалары енгізілді. Қазақстан Республикасы Ғылым және жоғары білім министрлігі жүзеге асырып отырған «AI-Sana» бағдарламасын айталық. Ол жасанды интеллектіні кешенді енгізуге және жаңа буын мамандарды даярлауға септеседі. Студенттердің жасанды интеллект саласындағы білімін жетілдіреді. Сонымен қатар жаңа технологияларды меңгеруге және еңбек нарығында сұранысқа ие маман ретінде қалыптасуына мүмкіндік береді. Бұл бағытта оқыту теориялық біліммен қатар практикалық тапсырмаларды қарастырады. Оқытушыларымыз, студенттеріміз осы курстарда оқып, тиісті сертификаттарын алды. ҚазИИТУ-дың кез келген түлегі мейлі ол инженерия, экология не заң саласында болсын, өз мамандығы бойынша жасанды интеллектіні қолдана білуі тиіс.

– Ақсерік Сарыұлы, жасанды интеллект дамыған сайын кейбір мамандықтарға сұраныс азайып, жаңа кәсіптер пайда болады деген пікір бар. Алдағы  жылдарда Қазақстанның еңбек нарығында қандай мамандарға сұраныс артады деп ойлайсыз?

– Қазірдің өзінде жасанды интеллект технологиялары әлемдік еңбек нарығына әсерін тигізіп отыр. Біздің еліміз де одан қағыс қалмайды.  Еңбек және халықты әлеуметтік қорғау министрлігі алдағы 9 жылда 14 мамандық жойылып,  46 кәсіп түрі қысқарады деген ақпаратты жария етті. Қоғам соған дайын болуы керек. Махамбет Өтемісов атындағы Батыс Қазақстан университетінің ғалымдары болашақта қандай жаңа мамандықтар қажет екені туралы зерттеу жүргізуге мемлекеттің грантын алды. Зерттеу жүргізді. Соған сүйенсек, оқу бағдарламамызда ең алдымен математика болуы тиіс. Сызықтық алгебра, математикалық талдау, ықтималдық теориясы, статистика, бағдарламалау, құрылымдық деректер алгоритмдері, DataSkynes бағдарламалық жасақтамасының негіздері оқытылуы керек. Бұларды оқытуға жаңа жүйелі компьютерлер қажет. Ағылшын тілі, машина жасау мамандары бірлесіп жұмыс істегендері жөн дер едім. Өйткені сырттан келетін құрал-жабдықтардың техникалық сипаттамалары сол тілде. Энергетика, мұнай газ, тау-кен, металлургия, көлік, ауыл шаруашылығы саласының мамандықтары маңызға ие. Құрылыс саласының мамандарын оқытуда ЖИ көмегіне жүгінеміз. Ядролық энергия және ядролық қауіпсіздік мамандықтарына оқытудамыз. Бұлар аса қажет мамандықтар  санатында.

– ҚазИИТУ-дың студенттері нақты бизнес пен өндірістің цифрлық мәселелерін шешуге қаншалықты тартылған? Университет пен бизнес арасындағы байланысты күшейтудің қандай моделі тиімді?

– Біздің ЖОО-да техникалық пәндер факультетінде теорияны оқытып қоймай, іс жүзінде майнинг фермаларды, конструкторлық бюродағы жұмыстарды қолмен жасап көрсін деген бағытта зертханалар жасақталды. Экономика факультеті  майнинг фермасы жобасын «жандандырды». «КазИИТУ-коинг» атауымен криптовалютамызды жасап,  білім ордасы ішінде айналымға шығардық. Оны студенттер асханаға, жаттығу залына, яғни ішкі шағын нарыққа төлем есебінде пайдаланады. Биржа бар. Қаңтарда шәкіртақы түспей кешіккен кезде, криптовалюта сатылымға көп шығарылады. Осылайша криптовалюта бағасы неліктен өсті, неге төмендеді деген сауалдарға жауап іздеп, тәжірибе жинақтайды.

Одан басқа оқу орнында өндіріс орындарында қызмет ететін тәжірибелі мамандар студенттерге дәріс береді. Жалпы  зауыт-фабрикалардан, өндіріс орындарынан келіп, сабақ беретін практиктердің шамасы  жалпы оқытушылар құрамының 30%-ын құрайды.   Заң факультетінде полиция, прокуратура, сот мамандары оқытады. Бұл жүйе ұзақ уақыттан бері қалыптасты. Оның тиімділігі оқытушы-практиктер өздері оқытқан студенттерді іріктеп алып, өздеріне жұмысқа шақырады. Жыл сайын төртінші курста студенттеріміздің 87%-ы жұмыспен қамтылады.

– Қазақстанда жасанды интеллектіні дамыту үшін өзіміздің отандық бағдарламалық өнімдер мен цифрлық платформаларды қалыптастыру мәселе-сі маңызды. ҚазИИТУ осы бағытта қандай үлес қоса алады?

– Жасанды интеллект – ол жоғары технология. Жоғары оқу орнында бұдан бұрынырақ күн, жел энергиясын пайдалану, ауадан су алу қондырғылары жасақталды.  «Б.Т.-1» жобасы (Мемлекет және қоғам қайраткері Бақытжан Жұмағұлов құрметіне аталған) ауадан су алуға бағытталды. Бір шағын күн панелінің көмегімен конденсат есебінен ауадан тәулігіне 200 миллилитр су жинайды. Сахара шөлінде жүрсеңіз де, осы құрылғының көмегімен сусыз қалмайсыз. Еліміздегі тамшылата суару әдісі ізімен жаңа суару жүйесі жасақталды. Мұнда су сыйымдылығы, құбырлар қажет болмайды, өйткені әр түп ағашқа бір-бір құрылғыдан қойылады. Бұл әдісте де күн панелі пайдаланылады. Ресейдің астанасы Мәскеуде өткен халықаралық ғылыми көрмеде осы жоба ТМД елдері арасынан 1-орын алды. Экология кафедрасында гидропоника құрылғысы бар. Одан басқа ізденімпаз жастар адамның физиологиялық реакциясын бақылайтын «Жалғандық детекторы» немесе «Полиграф» техникалық құрылғысын жасады. Әдетте иондық зымыран қозғалтқышы – иондалған газдың есебінен жұмыс істейтін электр қозғалтқыштың түрі. Осыны біздің студенттер ғарыштан қуат алатын етіп жоба жасады. Қазір шекарашылар қызметіне қажетті дрондарды арнайы тапсырыс бойынша дайындап жүрміз. Оның  түнде шекарадан өтіп бара жатқан заң бұзушының бейнесін дәл анықтайтын жүйесі бар.

– Ақсерік Сарыұлы, Қаз-ИИТУ-дың алдағы бес жылға арналған стратегиялық міндет-мақсаты қандай? Университетті Қазақстанның цифрлық білім беру кеңістігінде қандай деңгейде көргіңіз келеді?

– Басты міндет – білім беруді дамытудың мемлекеттік стратегиясының ережелерін іске асыруға, отандық экономиканы техникалық бейіндегі жоғары білікті кадрлармен қамтамасыз етуге белсенді қатысу. Ең алдымен, құбылмалы әлемде сенімді және көш соңында қалмай алдыңғы лекте жүретін, тұрақты даму жолындағы оқу орны ретінде көргім келеді. Мықты ғылыми мектебі қалыптасқан, жаһанға есігі ашық, дамыған инновациялық инфрақұрылымы және  адамға бағытталған білім бе-
ру ортасы бар қолжетімді оқу орны болады деген сенім нық. Біз үшін халықаралық қарым-қатынасты сақтау және нығайту, академиялық мобильділікті кеңейту және университетке әлемнің түкпір-түкпірінен талантты студенттер мен зерттеушілерді тарту маңызды. Мысалға, биылғы маусым айында Қытайдың Шэньян инженерлік университеті мен Қазақстан инновациялық және телекоммуникациялық жүйелер университеті ынтымақтастық туралы Меморандумға қол қойды. Осылайша Қазақстан Республикасы мен Қытай Халық Республикасы арасындағы халықаралық академиялық әріптестікті дамытудың жаңа парағы  ашылды.

Сұхбаттасқан

Гүлбаршын Әжігереева,

«Орал өңірі»

Узнайте первым о важных новостях Западного Казахстана на нашей странице
в Instagram и нашем Telegram - канале