Жаңақала ауданында Қазақстанның халық артисі, дәулескер күйші Тұяқберді Шәмеловтің 75 жылдық мерейтойы қарсаңында күйшінің жұбайы Жансәуле Шәмелова туған жеріне арнайы келді.

Шара барысында қонақтарға дәстүр бойынша ақ пен бауырсақ ұсынылып, артынша зияратшылар күйшінің кесенесіне барып, аруағына тағзым етіп, Құран бағыштады.
Бұдан кейін шара Дина Нұрпейісова атындағы өнер тарихы музейінде жалғасты. Онда Жансәуле Шәмелова тұлғаға арналған экспозициялармен танысып, өнер иесінің мұрасын насихаттау мәселелері сөз болды. Сондай-ақ Қали Жантілеуов атындағы балалар музыка мектебінің оқытушысы «Қали-Мәмен күмбір күй» шығармасын орындады.

Сапар соңында Жансәуле Шәмелова Жаңақала жұртшылығына шынайы ризашылығын жеткізді.

Бұл сапарға аудан әкімінің орынбасары Руслан Ғұмар, бөлім басшысы Ақнұрлы Еслямғалиева, орталық директоры Мұхит Сисенов, бас имам Алтынбек Болатов, сондай-ақ Дәулеткерей атындағы оркестр өкілдері Құдайберген Арманов пен Асылхан Қазиев және Нұрсұлу Рахметова қатысты.
Аянат Садық,
Жаңақала ауданы