14.09.2026, 15:30
Оқылды: 8

Жарасымды жұп: Қисметовтер отбасының өнегелі өмірі

Өңірімізде отбасы мен жұмысты қатар алып жүріп, өнегелі ұл-қыз өсіріп, үлгілі отбасы атанып жүрген жарасымды жұбайлар аз емес. Солардың бірі – Қисметовтер отбасы. Кейіпкерлеріміз М. Өтемісов атындағы Батыс Қазақстан университетінің Мәдениет және өнер факультетінің оқытушылары, өңірімізге белгілі әнші-сазгер Қуаныш Қисметов пен Раушан Қуаншәлиева. Олардың өмір жолына зер салсақ, ағайынға деген адалдықтың, бауырға деген мейірімнің, ұрпақ тәрбиесіне жауапкершіліктің бір-бірімен біте қайнасып жатқанын аңғарғандай болдық.

a5d3c335-20c1-4731-9908-bb0995cd0e6d

Олардың таныстығы өткен ғасырдың 90-ыншы жылдарының соңында басталған. Сол кезде екеуі де музыка саласында, бірі М. Өтемісов атындағы БҚУ-да, бірі Ж. Досмұхамедов атындағы педагогикалық колледжде  білім алып жүрген-тұғын. Құрбысының аға-жеңгесінің үйінде ұйымдастырылған кешке келген Раушан сол кезде өмірлік жарын кездестіремін деп ойламаған да шығар... Сол күнгі таныстық әдемі сезімге ұласып, 2002 жылы оқуларын тәмамдаған соң, олар отау құрды. Сол сәттен бастап екі жас жаңа өмірге қадам басты. Қуаныш Лабибұлы – отбасындағы жалғыз ұл. Артынан ерген төрт қарындасы бар. Ал Раушан Жәрдемқызы тоғыз ағайынды, үлкен әулетте тәрбиеленген. Үйдегі екі аға, бес апа, бір інісінің ортасында өскен қыз үшін көпбалалы отбасыға келін болу таңсық  емес  еді.

– Үлкен отбасыға келін болғаныма қуанбасам, еш қиналған жоқпын. Өйткені өзім де сондай ортада өстім. Бір бөлмеге бірнеше адам сығылысып жатып ұйықтайтынбыз.

Бір дастарқан басында он бес-он алты адам отырып, үлкендердің әңгімесін тыңдап өстік. Мен келгенде төрт қайын сіңлім кішкентай қыздар еді. Олар мектепті өте жақсы аяқтап, жоғары оқу орындарына түсті. Кейіннен олар өмірлік жарын тауып, күйеуге шықты. Жұбайым Қуаныш екеуміз ата-анамыздың қолдауымен қайын сіңлілерімді құтты орнына қондырдық, – деп әңгімесін бастады Раушан Қуаншәлиева.

Отбасылық өмірдің өз заңы бар

Екі бөлек тәрбиемен өскен екі адамның бір шаңырақ астында ғұмыр кешіп, бір-біріне бейімделуі оңай емес. Мұны кейіпкерлеріміз де жасырмайды. Алайда екеуі шаңырақ көтерген алғашқы жылдары бір-біріне ренжігенде үндемей қалуға келісіпті. Себебі сөздің жарасы кейде көзге көрінбейді, бірақ көңілде ұзақ сақталады. Ашу үстінде айтылған бір ауыз сөздің өзі кейін өкінішке айналуы мүмкін екенін екеуі де түсінген. Сондықтан қандай жағдай болса да, бір-бірінің көңілін аялап, ауыр сөз айтпауға тырысады. Отағасы балаларға жекіп сөйлегенді ұнатпайды. Отбасындағы тәрбиеге сабырмен қарағанды жөн көреді. Әулеттегі үлкендер де жас отбасыға дем беріп, ақылын айтып, әр кез қолдап отырады. «Қонақты үйге шақырыңдар. Ырыс үйге қонақтардың бірінің қабағынан, бірінің балағынан кіреді» деп білгенін айтып отыратын қазыналы қариялардың әр сөзін жас отбасы санаға сіңіруге тырысады. Қайын атасы Раушанға «болашақ немерелерімнің анасысың, өзіңді күт, демалып ал» десе, енесі сәл ауырса «Өзіңді күт, дәрігерге бар» деп құрақ ұшады екен.  Осындай бір ауыз сөздің өзі жас келінді жігерлендіре түседі.

Раушан Жәрдемқызы өз әңгімесінде жұбайы Қуаныштың қарындастарына деген қамқорлығы да ерекше екенін айтып  қалды.

– Біреуі сырқаттанып, ауруханаға түссе, қай жерде жүрсе де жеткенше асығады.  Дәрігерлермен сөйлесіп, жағдайын біліп, жанынан табылады. Бұл – ағалық міндеттен гөрі жүректен шығатын бауырлық сезім шығар. Қарындастары да ағасын ерекше сыйлайды. Ата-анасына сыйлық аларда «Көке, мынаны алсам қалай болады?» деп ақылдасады. Күйеу балалар да қайын ағаларына деген құрметін босағадағы әдебінен-ақ аңғартады. Үлкендер отырғанда төрге жайғасуға асықпайды. Мұның бәрі жазылмаған ереже сияқты. Әулетті ұстап тұрған да осындай кө-рінбейтін жіп болар деп ойлаймын, – дейді Раушан Жәрдемқызы.

Серебряковтағы сәулелі үй

Отағасы Қуаныш Қисметовтың әке-шешесі – жоғары білім алмағанымен, балаларының оқуына ерекше мән берген жандар. Жалғыз ұлды қара жұмысқа жұмсамай, білім алып, елге қызмет етсін деген ниетпен тәрбиелеген. Былтыр бақилық болған марқұм әкесі ұлына: «Менің балам елдің адамы болады» деген сөзді жиі айтады екен. Қара шаңырақтың келіні Раушан Жәрдемқызы  бүгінде сол кісілердің көрегендігін ризашылықпен еске алады. Өйткені келін болып түскен шаңырақтан ол тек отбасы емес, өмірге деген үлкен жауапкершілікті де үйренді.

Жас отбасы шаңырақ көтергенде жеке баспанасы болмай, алғашқы жылдары жатақханадағы бір бөлмеде атаене, бауырларымен бірге тұрады. Тіршіліктің тауқыметін көріп, өз еңбегімен нәпақа табуға тура келді. Екеуі тойларға шығып, өнерімен табыс тапты. Біртіндеп ақша жинап, алғашқы жарнасын төлеп, қала шетіндегі Серебряков ауылынан үлкен үй сатып алады. Сол шаңырақта талай қуанышты бастан өткерді. Өнерлі кейіпкерлеріміздің бес перзентінің үшеуі сол үйде дүниеге келіп, ержетті. Отағасы Қуаныш Қисметовтың қарындастары да құтты шаңырақтан ұзатылып, құдаларды да осы үйден күтеді. Осылайша төрт жыл пәтер жалдап жүріп, еңбектеніп алған қарапайым үйдің өзі уақыт өте келе әулеттің талай қуанышының куәсіне айналды. Жас отбасы тойдан тапқан қаражатқа қой, сиыр, тауық алып, әкелеріне жұмыс тауып беріп, тіршіліктерін дөңгелеткен кездері де бүгінде айтып отырар әдемі естелікке айналды. Қалаға қатынау үшін ескілеу көлік алған жылдары да отбасы тарихының бір бөлшегі болып қалды. Ең бастысы, екеуі де барға қанағат етіп, жоққа мойымай, алға жылжуға тырысты.  Отанасы Раушанның өз білімін жалғастыруына да жұбайы үлкен қолдау көрсетіп, қолынан жетектеп әкеліп, құжатын тапсыртып, оқуға түсуіне қолдау көрсетеді.  Ата-енесі де балаларға қарап, келініне білім алуға мүмкіндік жасайды. Раушан бұл күндері «Жалғыз ұлдың әйелі болған соң, тек келіндік міндетіңді атқар» деген түсінікке тұсауланбай, оның тұлға ретінде қалыптасуына жол ашқан жұбайына, ата-енесіне дән риза.

Жылжыған жылдар...

Отыз жылға жуық еңбек өтілі бар Қуаныш Лабибұлы М. Өтемісов атындағы Батыс Қазақстан университетінің Мәдениет және өнер факультетінде қызмет етеді. Музыкалық білім және вокал кафедрасының доценті жас өнерпаздарға тәлім беріп келеді. Ол – орындаушы, ұстаз ғана емес, сазгер ретінде де өзіндік қолтаңбасы қалыптасқан өнер иесі. «Менің университетім», «Ержүрек Мәншүк», «Ұлы дала тынысы», «Туған жерім», «Әке», «Тәуелсіздік таңы», «Аналарға арнау», «Өнерім – өмірім» секілді әндері ел ішіндегі мәдени іс-шараларда орындалып жүр. Оның әндерін белгілі өнерпаздар шырқап жүр.  Дегенмен Қуаныш Лабибұлы үшін ең үлкен жетістік – шәкірттерінің жеңісі. Ол жылдар бойы «Дарын», «Қорған», «БатысSTAR», «Інжу», «MakhamBand», «AGUGAI» секілді шығармашылық ұжымдарды дайындап, жас таланттарды түрлі деңгейдегі байқауларға қатыстырып келеді. Шәкірттері де республикалық, халықаралық байқауларда топ жарып, ұстаздарын қуантып жүр.

Бүгіндері Қуаныш Лабибұлы мен Раушан Жәрдемқызының отбасында бес бала бар: екі ұл, үш қыз. Үлкен қызы әл-Фараби атындағы Қазақ ұлттық университетінің заң факультетін тәмамдап, былтыр Шымкент өңірінің Сарыағаш аймағына ұзатылған. Қалған перзентерінің бірі – студент, бірі – оқушы.

Әйел отбасын бірінші орынға қойса...

Раушан Қуаншәлиева – тек отбасының берекесін ойлайтын ана ғана емес, қоғамдағы мәселелерге де бейжай қарамайтын жан. Облыстық Аналар кеңесінің мүшесі ретінде әйел тәрбиесі, отбасы құндылығы, бала тәрбиесі туралы ойларын ашық айтып жүр. Оның алаңдайтыны – бүгінгі қоғамдағы кейбір құндылықтардың өзгеруі. Ол әйел адамның отбасындағы орнын жоғары бағалайды. Әрине, әйелдің қоғамдық ортада белсенді болғанын құптайды. Алайда отбасы мен бала тәрбиесі екінші орынға түсіп қалмауы керек деп есептейді. Ол қазір үйден тамақ дайындамай, сырттан іше салатын немесе тапсырыспен алдыра салатын жас келіндердің тірлігіне алаңдайды.  «Әйел отбасында көбірек болуы керек. Қазанын қайнатып, дастарқанын жайып, үйінің берекесін келтіргені дұрыс» деген оның пікірі – бүгінгі қоғамдағы отбасылық құндылықтар туралы алаңнан туған ой.  Ол бала тәрбиесі туралы ойларын да ашық айтып, технологияға тәуелділік, баланың қолына телефон ұстатып қою, кітап оқудың азаюы секілді мәселелерді жиі сөз етеді.  Өз шаңырағында ұл-қыздарының кітап оқып, пайдалы іспен айналысуына мән береді. Үлкен қызы оқып болған кітабын қайта сатып, келесі кітапқа орын босатады. Раушанның өзі де уақыт болғанда көркем әдебиет пен психологиялық бағыттағы кітаптарды оқиды. Кейіпкеріміз «Отбасы мықты болмай, қоғам да мықты болмайды» деген пікірде. Ол қазіргі жастардың отбасын құруға жеңіл қарамауын қалайды. Әсіресе қыз бала барған жерін, болашақ отбасын, өзінің сол шаңырақтағы жауапкершілігін алдын ала ойлағаны дұрыс деп санайды. «Мен қайда бара жатырмын? Барған жерімде өзім қалаған өмірді қалыптастыра аламын ба? Соған менің ақылым мен сабырым жете ме?» деген сұрақтарды әр жас қыз өзіне қойып, әбден ойланып барып, шешім қабылдағаны жөн.

Өйткені отбасы деген – тек бірге тұратын адамдар емес. Отбасы – үлкендердің өнегесі, кішілердің ізеті, ер мен әйелдің өзара сыйластығы, баланың тәрбиесі, ағайынның бірлігі. Осының бәріне ұйытқы болатын – әйел» дейді ол. Бұл пікірге біздің де алып-қосарымыз  жоқ.

Гүлжамал Жолдығали,

«Орал өңірі»

Узнайте первым о важных новостях Западного Казахстана на нашей странице
в Instagram и нашем Telegram - канале