Кейде музей төрінде тұрған қарапайым ғана заттың өзі тұтас бір дәуірдің сырын бүгіп жатады. Сарғайған сурет, ескі қойын дәптер, майдангердің гимнастеркасы, жол сөмкесі немесе марапат қағазы – бір қарағанда күнделікті тұрмыстың дүниесіндей көрінгенімен, оның әрқайсысының артында адам тағдыры, ел тарихы, уақыттың ізі бар. Музейдің құндылығы да осында. Ол – өткен мен бүгінді жалғап тұрған алтын көпір. Әсіресе ел басынан өткен сұрапыл жылдардың куәсі болған майдангерлердің өміріне қатысты жәдігерлердің орны бөлек.

Биыл Сырым ауданының тарихында өзіндік ізі қалған, сұрапыл соғыстың от-жалынын кешіп, бейбіт өмірде ел игілігі үшін еңбек еткен азамат Шәден Әжмағамбетовтің туғанына 100 жыл болды.
Шәден Мұхатұлы 1926 жылы 9 қыркүйекте Аралтөбе ауылдық кеңесіне қарасты Ащысай елді мекенінде өмірге келген. Аралтөбенің жетіжылдық мектебін 1942 жылы бітіріп, Қызылағаш ауылында есепші болды. Колхоздың жылқысын бағып, еңбекке ерте араласты. 1944 жылдың қараша айында әскер қатарына алынып, Отан алдындағы борышын өтеді. Кейін резервтік әскер құрамында болып, майдан даласына аттанады. Сол жылы Уфа, Чкалов, Орск қалаларындағы ішкі күзет гарнизонында тұтқынға түскен неміс-фашист әскерлерін күзететін полкте, кейін штабта іс жүргізуші қызметтерін атқарды. Жастайынан елден жырақ кеткен бозбаланың туған жерге оралуы да бірден бұйырмаған. Ол әскер қатарынан тек 1950 жылы ғана босап, елге оралды.
Соғыстан кейінгі жылдары бейбіт еңбекті қайта жалғастырған Шәден Әжмағамбетов 1951 жылдың ақпан айында Алматы қалалық ішкі істер басқармасында аға іс-жүргізуші болды. 1952 жылдың тамыз айында отбасы жағдайымен елге келіп, Жымпиты кеңшарында бухгалтер қызметін атқарды. 1954 жылы желтоқсанда «Аралтөбе» жұмысшылар кооперативіне, 1956 жылы «Тасқұдық» жұмысшылар кооперативіне басқарма бастығы болып ауысты. 1958 жылы қазан айында Алматы кооператив
техникумының күндізгі бөліміне түсіп, экономист-жоспарлаушы мамандығын алып шықты. 1960-1962 жылдары аудандық тұтынушылар одағының басқарма бастығы, 1963-1965 жылдары «Бұлдырты» жұмысшылар кооперациясының бастығы, ал 1965-1966 жылдары «Қаратөбе» жұмысшылар кооперациясының бастығы қызметтерін жауапкершілікпен атқарды. 1966 жылдың наурыз айынан «Тасқұдық» жұмысшылар кооперативінің төрағасы болып, 1986 жылы зейнеткерлікке шыққанша жұмыс істеді. Жоспарлар мен міндеттемелерді үнемі асыра орындауға қол жеткізді. Бірнеше рет республикалық, облыстық кооператорлар съезіне делегат болып сайланды. Есеп-қисапқа ұқыпты, жұмысына жауапты маман ретінде ел ішінде абырой иесі атанды. Еңбегі елеусіз қалған жоқ. Республикалық және облыстық кооперация басқармаларының мақтау грамоталарымен марапатталды. Майдандағы ерлігі үшін алған марапаттарынан бөлек, Кеңес дәуірінде «Үздік кооператив қызметкері» атағына ие болды. Сондай-ақ өмірінің соңғы жылдары Тасқұдық ауылында өтті. Кейін 1991 жылдың шілде айында жарық дүниемен қоштасты. Бүгінде атамыздың ұрпақтары еліміздің әр саласында абыройлы қызмет етіп, майдангер ұрпағы екенін мақтаныш тұтады.
Ел үшін еңбек еткен азаматтың өмір жолы мұнымен аяқталған жоқ. Оның артында қалған мұрасы бүгінде Сырым Датұлы атындағы тарихи-өлкетану музейінің қорында сақтаулы. Ардагердің көзі тірісіндегі аманатын ұрпағы ұмыт қалдырмады. Шәден Мұхатұлының тұтынған бұйымдары мен негізгі өмір деректерін марқұм баласы Бауыржан Шәденұлы музей қорына тапсырды. Бұл – бір отбасының ғана емес, тұтас елдің тарихына жасалған жанашырлық.
Бүгінде музейде Шәден Әжмағамбетовтің толық тектік қоры қалыптасқан. Оның өмірбаяны, қызметтік құжаттары, суреттер топтамасы, жол сөмкесі, гимнастеркасы, тұлып қойын дәптерлері, мандаттық қағаздары мен марапаттары сақтаулы. Осы заттардың әрқайсысы – үнсіз сөйлейтін тарих.
Мәселен, Шәден атамыздың 1959 жылдың 14 қарашасында бастап жүргізген қойын дәптері ерекше назар аудартады. Дәптердегі ұқыпты жазбалардан оның аудандық кооперация саласындағы жұмысына аса жауапкершілікпен қарағаны байқалады. Күнделікті есеп-қисаптан бастап, қызмет барысына қатысты жазбаларға дейін мұқият тіркеп отырған. Бүгін сол дәптерге үңілген адам бір маманның еңбек жолын ғана емес, сол кезеңдегі аудандық кооперацияның тыныс-тіршілігін де аңғара алады. Кеше ғана бір адамның жеке дәптері болған бұл дүниенің бүгінде тарихи дерекке айналуы – уақыттың өзі жасаған құндылық.
Кезінде Жымпиты ауданында 6000-нан астам азамат соңғы шақырылыммен Екінші дүниежүзілік соғысқа аттанған. Олардың тең жартысынан көбі майданнан елге оралмады. Қаншама боздақ із-түзсіз жоғалды. Қаншама отбасы қаралы хабар күтумен өмір сүрді. Ал ұрпағы қалмаған майдангерлер қаншама?! Биыл сол майдангерлер (1926 жылғылар) тірі болса, 100-ге толар еді.
Бүгінде Сырым аудандық музей қорында елу майдангердің ғана тектік қоры сақталған екен. Бұл – ел тарихы үшін өте аз. Өйткені майдангердің әрбір суреті, әскери билеті, марапаты, хаты, күнделігі немесе күнделікті пайдаланған қарапайым бұйымының өзі кейінгі ұрпақ үшін баға жетпес дерек. Бірақ ол жәдігерлер өздігінен музейге келмейді. Оларды сақтап, ұрпаққа жеткізу – ең алдымен кейінгі буынның азаматтық жауапкершілігі.
Музейдің үлкен-кішісі болмайды. Әр музей қолда бар дүниені жинақтап, құжаттап, тарихи жәдігерге айналдырады. Бір жерде бір ғана сурет болса, енді бірінде бірнеше құжат, кітап немесе тұрмыстық бұйым болуы мүмкін. Маңыздысы, сол дүниелердің сақталуы. Өйткені тарихты кейде үлкен оқиғалар ғана емес, қарапайым адамдардың өмірі де сөйлетеді.
Бүгінде Шәден Әжмағамбетовтің туғанына 100 жыл толуына орай Сырым Датұлы атындағы тарихи-өлкетану музейінде арнайы көрме жасақталды. Көрмеге қойылған әр жәдігерге үңілген сайын өткен ғасырдың тынысы сезіледі. Майдангердің гимнастеркасы соғыс жылдарын, марапаттары ерлік жолын, қойын дәптері еңбек жылдарын, суреттері адамдық болмысын еске салады. Бір адамның өмір жолы арқылы тұтас бір дәуірдің тарихын тануға болады. Музейдің басты міндеті де осында. Ол – өткенді сақтау, бүгінге жеткізу және келешек ұрпаққа аманаттау. Сондықтан үйіңізде атадан қалған құжат, майданнан келген хат, ескі сурет, медаль, куәлік, күнделік немесе тұрмыстық бұйым болса, оның тарихын сұрастырып, сақтауға асыққан жөн. Шәден Әжмағамбетовтің ғасырға жуық ғұмырынан сыр шертетін жәдігерлер – соның айқын дәлелі. Өткеннің ізін іздеп, тарихтың үнін тыңдағысы келген көпшілікке музей есігі айқара ашық. Өйткені жәдігер сақталса, тарих сақталады. Ал тарих сақталса, ұрпақтың жады жаңғырады.
Гүлфия Қолғанатова,
«Орал өңірі»