16.09.2026, 10:45
Оқылды: 16

Туралықты ту еткен азамат

Қазақта  «Тура  биде  туған  жоқ,  туғанды  биде  иман  жоқ»  деген  аталы  сөз  бар.  Мұның  мағынасы  –  билік  айтушы  ешкімді  алаламай,  қара  қылды  қақ  жарған  әділ  болуы  керек  деген  бабадан  қалған  астарлы  ұғым.  Осы  орайда  адамның  тағдырына  тікелей  әсер  ететін  маңызды  шешім  қабылдарда  ар  тазалығы  мен  әділдікке  сүйеніп,  тура  билік  айтуда  табандылық танытқан  өңіріміздегі  заң  саласының  ардагері  Ерталап  Есенәлиевпен  аз-кем  тілдескен  едік.  Жуырда  70  жасқа  толатын  ақсақал  саналы  ғұмырының  53  жылын  заң-құқық,  сот  саласына  арнаған.  Тергеуші  болып  бастап,  Шыңғырлау, Бөрлі аудандарында прокурор, облыс  прокуроры,  облыстық  мамандандырылған  ауданаралық  экономикалық  соттың  судьясы  қызметтерін  абыроймен  атқарған. 

9ae9ce18-4928-4eb8-98b6-c0036312a596

«Оқумен, біліммен ғана адам боласыңдар»

Ерталап Алхамұлы 1956 жылдың 1 қазанында Тасқала ауданының сол кездегі Қазақстанның 40 жылдығы атты совхозда дүниеге келген. Әкесі Алхам Қошымұлы – мектепте мұғалімдік қызмет атқарған «Қазақстанның еңбек сіңірген ұстазы», ал анасы ауылдық клубтың меңгерушісі болған. Ерталап Алхамұлы – отбасындағы бес перзенттің ортаншысы. Апасы Ағырыс – журналистика саласының ардагері. Орал қаласындағы қазіргі М. Өтемісов атындағы БҚУ-дың тарих факультетін бітірген. Орал қалалық «Жайық үні» газетінің алғашқы редакторы. Ол бүгінде Астана қаласында тұрады. Одан кейінгі інісі Құрманғазы Ақжайық, Шыңғырлау аудандық полиция бөлімдерін басқарып, облыстық полиция департаментінде ұзақ жыл абыройлы еңбек етіп, подполковник шенінде зейнетке шыққан. Кейіпкеріміздің қарындасы Күләш Алматы қалалық білім бөлімінде, қалалық әкімдіктің тілдерді дамыту бөлімінде бөлім басшысы қызметтерін атқарып, бүгінде бейнетінің зейнетін көруде. Ал ең кенже қарындасы Рахима медицина ғылымдарының кандидаты, Алматы шаһарындағы санэпид қадағалау және сараптама орталығының директоры болып, кейін зейнетке шыққан.

– Ата-анамыз біздің білімді, тәрбиелі болуымызды қадағалады. Әкем Оралдағы сол кездегі А. Пушкин атындағы пединститутты тәмамдаған. Оның арманы – ұл-қыздарына институтты тәмамдатып, кандидаттықты, кейін докторлық диссертациясын қорғату болатын. «Одан кейін пединститутта сабақ бересіңдер. Оқумен, біліммен ғана адам боласыңдар» деп жиі айтатын. Бала күнімде кітапты көп оқыдым. Батыс Қазақстанның тұтас бір кезеңіндегі оқиғаларын қамтыған Хамза Есенжановтың «Ақжайық» трилогиясын жата-жастана оқып, уездік прокурор Хакім Жүнісовтің біліміне, әділ шешім айтатындығына еліктеп өстім. Оған қоса, ұмытпасам, 8-сынып оқып жүргенде белгілі кеңестік заңгер, КСРО Прокуратурасының ерекше маңызды істер жөніндегі аға тергеушісі, кеңес әдебиетіндегі детектив жанрының негізін салушылардың бірі Лев Шейниннің «Записки следователя» кітабын тауып, бірнеше мәрте оқыдым. Сол кезден бастап болашақта тергеуші, прокурор боламын деп армандадым, – деді Ерталап Алхамұлы.

Кейін кейіпкеріміз мектеп бітірген соң 1974-1976 жылдары әскер қатарына алынып, Отан алдындағы борышын өтейді. Әскерден соң әл-Фараби атындағы қазақ ұлттық университетінің заң факультетіне  оқуға  түседі.

Сын сағаттағы салмақты  шешім

Аталмыш институттың төртінші курсында оқып жүргенде Е. Есенәлиев Тасқала аудандық прокуратурасынан машықтан өтеді.  Сол кезде Степной, қазіргі Оян ауылында қанды қылмыстық оқиға болған. Ауылдағы Горбунов есімді тұрғын пышақ жарақатынан қайтыс болады. Бұл оқиғаны тергейтін аудандағы тергеуші ауырып қалып, Ерталап Алхамұлы бастапқы тергеп-тексеру амалдарын жүргізеді. Пышақты сараптамаға жіберіп, күдікті адамнан жауап алады. Кейін оның кінәсі мойындалып, жазасын өтеуге жіберіледі. Хаттамаларын толтырып, облыстық прокуратураға жолдайды. Сараман барысындағы қырағылығы, сауаттылығы, кәсібилігі ескеріліп, кейіпкерімізді оқу бітірген соң Батыс Қазақстан облыстық прокуратурасына жолдау туралы оқу орнына қатынасхат кетеді. Ол кезде облыс прокуроры Мақсот Оразбаев болған. Осылайша, 1981 жылы әл-Фараби атындағы қазақ ұлттық университетін бітірген соң жолдамамен  облысқа  келеді.

– Сол жылы қазан айында әскери билетім мен дипломымды алып, облыстық прокуратураға келдім. Саратов қаласынан да бір жігіт прокурордың қабылдауына келіп отыр екен. Екеумізді облыс прокуроры марқұм Ақтай Балкин қабылдап, «Ал, жігіттер, амансыңдар ма? – деді. Ол орысша, мен қазақша сәлемдестік. – Қайда барғыларың келеді? Сен қазақша білесің бе? – деп әуелі менен сұрады. Университетті орысша оқығаныммен, мектепті қазақша бітіргенімді айттым. Жолдас жігітім ұшып түрегеліп, «Мен Ресейден келдім. Мені орыс ауданына жіберіңізші. Мына жігіт қазақша білемін деп тұр ғой, қазақ ауданына сол барсын», - деді. Генерал ойланып тұрып, «Сен қазақша оқыған екенсің, орысша үйреніңкіре, Зеленов ауданына бар, ал сен қазақша үйренуің керек» деп әлгі жігітті Фурманов ауданына жолдады. Кейін ол жігіт қазақшаға судай, емін-еркін, тіпті мақал-мәтелдеп сөйлейтін деңгейге жетті.  Көп жыл Жәнібек жағында прокурор болды. Содан еңбек жолым сол кездегі Зеленов аудандық прокуратурада басталды, – деді Е. Алхамұлы.

Зеленов аудандық прокуратурасына келсе, прокурор Казаков ауруханада емделіп жатыр екен. Тергеуші Кабария Грузияның Батуми қаласының тумасы болғандықтан, үй-жаймен қамтамасыз етпегесін еліне кетіп қалған.  Оған қоса жұмыс үстелінде ашылмаған 19 қылмыстық іс  бойынша материалдар күтіп тұр. Төртеуі қасақана кісі өлтіру, қыз зорлау, социалистік мүлікті ұрлау, тағысын тағылар. Ерталап Алхамұлы істі бастап кетуге алғашында жүрегі дауаламай, жүрексінеді. Алайда машықкерге прокурордың міндетін атқарушы деген бұйрық шыққан соң істі созбалаңға салуға болмайтынын ұғады. «Мені ұятқа қалдырма, балам» деген әке сөзі де қамшыласа керек, барлық істі уақытында бітірді. Қылмыстық істер бойынша бұлтартпас айғақтар тауып, қылмыскердің жазалануын қадағалады. Облыстық прокуратураға есеп дайындап, сот отырыстарына қатысты. Екі-үш айдан соң прокурор да, тергеуші де жұмыстарына оралады. Ол кезде жолдамамен жібергеннен кейін бір жерде үш жыл жұмыс істеу міндеттелген. Яғни үш жылы тәмамдалмай, басқа ел, өзге облысқа қызметке орналасуға мүмкіндік берілмеген, жұмысқа қабылданбайтын талап болған. Өз еліне қызметке орналасамын деп кеткен тергеуші  Кабария да осы себептен қайтып келсе керек. Кейіпкеріміз Зеленов ауданында сегіз ай қызмет еткен соң тергеушілікке аттестациядан өтіп, сәтті қорғап, Тасқала ауданына жолданады. Кейін облыстық прокуратурада тергеуші, 1990-1996 жылдары Шыңғырлау ауданының прокуроры, 1996-1998 жылдары Бөрлі ауданының прокуроры, 1998-2000 жылдары Батыс Қазақстан облысы прокурорының орынбасары қызметін атқарады. 2000-2001 жылдары Каспий өңірі экологиялық прокуроры болса, 2001 жылы облыстық әділет департаменті басқарма бастығының міндетін атқарды. Осылайша Батыс Қазақстан ауданаралық экономикалық сотының судьясына дейінгі қызметтерді абыроймен  атқарды.

Шындықты шырғалаңнан шығарған

«Жұмыс барысындағы есіңізде қалған оқиғаларды айта отырсаңыз» деген бұйымтайымызға Ерталап Алхамұлы қазіргі қоғамда кездесетін қылмыстық оқиғалар мен әкімшілік істер бұрын да болғанын айтты.

– Қазір интернет, әлеуметтік желі өте белсенді ғой. Шағын ауылдағы оқиғалар жаңалық болып облыс былай тұрсын, республикаға, қала берді әлемге тарап кетеді. Қазір тіркеліп жатқан қылмыстар бұрын да болған. Бір оқиға есіме түсіп тұр. Тасқала ауданында, яғни совхозда бас бухгалтер бес бөлімшенің бухгалтерлерімен бірлесіп, ақша жымқырған. Бұл деректі мен аяқ асты, басқа қылмыстық істі тергеуге барғанда, біліп қойдым. Совхоз кассасының кіріс-шығыстарын тексерсем, мал қоралары майлады деп құжат толтырған зейнеткерлердің біреуінің бір аяғы жоқ, екіншісінің жасы 80-нен асқан. Тұрғындарының бәрін танитын болғандықтан, олар қалай жұмыс істеп жүр деп ойладым. Содан бақылау ревизиялық басқармасының (КРУ) мамандарын шақыртып, акт толтыртып, тексеріс ұйымдастырдым. Ардагерлерді қора майлады, тазалады, қырманда істеді деп жалған құжат толтырып, ақша «жеген» екен. Сот үдерісі өтті. Бас бухгалтер үш жылға сотталды, қалғандарына шартты мерзім тағайындалды. Мұндай жағдай Зеленов ауданында да анықталды. Мектеп директоры осындай схемамен төрт-бес жыл қаржы жымқырып келген. Сондай-ақ қазір әлеуметтік желіде жаңа туған шақалақты қоқыс жәшігіне тастап кеткен жағдайларды жиі кездестіреміз. Мұндай оқиғалар бұрын да болған. Тасқала ауданында тергеуші болып қызмет істеп жүргенде сондай екі оқиғаны тергеп едік, – дейді сот саласының ардагері.

d5adf033-9233-4718-9aeb-592233fe028e

Тасқалалық екі келіншек босанған сәбилерін біреуі Ақтау ауылының маңындағы зиратқа, екіншісі Қисықсай ауылындағы қораға тастап кетіпті. Шақалақ ана жылуын сезінбей, ашқұрсақ жатып, шетінеп кетеді. Жас тергеуші сол кезде Орал қаласындағы №1 перзентханада босанған тасқалалық келіншектердің есімдерін  анықтайды. «Сабақты ине сәтімен» деген, бұлтартпас дәлелдер табылып, тергеу ісі айқындала түскенде, сол кездегі облыстық денсаулық сақтау басқармасы тарапынан «баланы өлі туған» деп анықтама береді. Алайда бұл дерекке күмәнданып, қылмыскердің тайраңдап жүргені кәсіби маманға маза бермеді. Қайткен күнде де, шындыққа көз жеткізу үшін тергеуші демалыс алып, сараптама жасауға Алматыға аттанады. Сараптама орталығынан «Сәби дүниеге келген соң 10-12 күн өмір сүрген» деген қорытындысын алып келеді де, істі қайта қозғайды. Сот үдерісінде әйелдер баланы тірілей қалдырып кеткенін мойындайды. Осылайша екі көкек ана бес жылға сотталады. Ерталап Алхамұлы қаймағы бұзылмаған қазақ ауылдарында мұндай оқиға қайталанбасын, өзгеге сабақ болсын және кез келген қылмыстық әрекет жауапсыз қалмайды деген мақсатта  әрекет еткен. Сондай-ақ ол тергеу барысында талай мәрте кәнігі қылмыскермен бетпе-бет кездесіп, шым-шытырық қылмыстық оқиғалар бойынша кінәлілерді жауапқа тартқан.

Әке жолын жалғастырған ұлдар

«Әке көрген оқ жонар» дейді халқымыз. Әкенің еңбек жолы, ел алдындағы абыройы, азаматтық ұстанымы перзентіне әсер ететіні сөзсіз. Осы орайда айта кетсек, Ерталап Алхамұлы зайыбы Асылханым екеуі төрт перзент сүйген. Сол кездегі Орал қаласындағы ауыл шаруашылығы институтын, яғни қазіргі Жәңгір хан атындағы БҚАТУ-ды экономист мамандығы бойынша тәмамдаған Асылханым жеңгеміз азаматының алаңсыз қызмет атқаруы үшін бала тәрбиесімен айналысып, шаңырақтың берекесін кіргізіп отырған. Ал қазір зейнеттегі отағасы мен немерелерінің бабын тауып, мейірімін төгуде. Айта кетсек, бұл әулеттің төрт ұлы да облыс тұрғындарының қауіпсіздігін, заң мен тәртіптің қадағалануын қамтамасыз етіп келеді. Яғни Ерталап ұлдарының тұңғышы мен кенжесі Алматы қаласындағы ҚР Ұлттық қауіпсіздік комитетінің академиясын тәмамдаса, кейінгі қос ұлдың бірі Орал қаласындағы БҚУ-дың заң факультетін, екіншісі Мақан Есболатов атындағы ҚР ІІМ Алматы академиясын бітірген.

Ұлдарына әке жолын таңдау, әрине, оңай шешім емес. Себебі балаға әкесінің аты мен абыройын арқалау жауапкершілігі қатар жүктелетіні, әсіресе асқар тауы елге белгілі маман болса, ұлдарынан да сондай талап күтілетіні анық. Сондықтан олардың әрбір жетістігі – өз еңбегінің ғана емес, әке тәрбиесінің де нәтижесі. Ерталап Алхамұлының үйдегі әңгімесі де, өмірлік ұстанымы да перзенттерінің санасында із қалдырған. «Әділ бол», «Адал бол», «Адамның құқығына қол сұқпа», «Қандай жағдай болса да, шындық үшін күрес» деген қарапайым қағидалар уақыт өте келе балаларының кәсіби ұстанымына айналған. Әке үшін бұдан асқан қуаныш та, мақтаныш та жоқ. Өзінің өмір бойы ұстанған кәсіби қағидалары балаларының бойынан көрініс табуы – еңбегінің жалғасы іспетті. Ұрпақ сабақтастығы деген осы ғой. Әке салған сара жол ұлдарының адал қызметімен лайықты жалғасын тауып келеді.

 

Гүлсезім Бияшева,

«Орал өңірі»

Узнайте первым о важных новостях Западного Казахстана на нашей странице
в Instagram и нашем Telegram - канале