28.10.2026, 15:30
Оқылды: 26

«Орал өңіріне» жазылу – туған өлкеңнің руханиятын қолдау

Мен облыстық «Орал өңірі» газетінің тұрақты оқырманымын. Биыл газетке өзім ғана емес, Тасқала ауданының Мереке ауылында тұратын, бала кезімнен көріп өскен ағалар, елдің тарихы мен рухани өміріне үлес қосып келе жатқан еңбек ардагерлері   Шамұрат Маюков пен Едіге Қойшығұловты да «Орал өңіріне» өз атымнан жаздырдым. Жақында жарық көрген «Туған ауыл» атты кітабымызды шығаруда бастан-аяқ қолдау білдірген де осы ағалар болатын. Заман өзгеріп, қазір елді мекен ретінде де көрсетілмейтін ауылымыздың тарихын, адамдарын, табиғатын, ата-бабамыздың тағдырын кітап етіп қалдыру арқылы туған жер шежіресін келешекке аманат етуге үлес қосқан ауылдастарыма алғысым шексіз.

Бахишева

Әрине, қазір ақпарат көздері көбейді. Қолымыздағы телефон арқылы жаңалықты сол сәтте-ақ оқып, әлемде болып жатқан оқиғалардан хабардар бола аламыз. Мұның бәрі, әрине, уақыт талабы. Алайда жедел ақпарат көбейген сайын байыпты талдау жасайтын,  жадымызды жаңғыртып, ел шежіресін хатқа түсіретін басылымдар кемімесе екен дейсің.

Мен үшін бала кезімнен оқып өскен «Орал өңірінің» орны бөлек. Ондағы ресми жаңалықтармен қатар, өлке тарихы, ғылым мен таным, әдебиет пен өнер, ұлттық құндылықтар мен руханият мәселелерін қызыға оқимын. Ақын-жазушылардың жаңа туындыларын, оқырманды ойландыратын тағылымды дүниелерді оқимын, әр нөмірден өзіме қажет дерек те, жаңа ой да табамын.

Соңғы кездері оқыған материалдардың ерекше әсер қалдырғандарын атап өтсем, олар: тарих ғылымдарының докторы, профессор Т. Рысбековтің «Оралдағы Қыркүйек оқиғасы жадымызда» мақаласында көп айтыла бермейтін 1991 жылғы Орал оқиғасының негізгі себептері мен тарихи маңызы жайлы тың ақпараттарға қанықтым; Жазушы, халықаралық «Алаш» әдеби сыйлығының лауреаты Камал Әлпейісованың «Тарихқа заман биігінен зер салу» мақаласындағы  Жәңгір хан, Махамбет, Науан қажы, Абайдың қарсыласы Оразбай, т. б. туралы  ақпараттары мен «Ұлы даланың тарихи тұлғаларына саяси қызметі емес, елге жасаған, жасағысы келіп талпынған істері тұрғысынан қарау» туралы пікірлері танымдық тереңдігімен ой салды. Өзіміз танитын, жылы амандасып жүретін Бауыржан Атауов деген елге белгілі азаматтың «Күйдің тылсым әлемі» атты мақаласынан Мәмен атамыздың кесенесінің тұрғызылу тарихын ғана емес, аутордың өзінің азаматтық қырын таныдық. Олардан басқа Тұяқберді Шәмілов, Жанғали Нәбиуллин, Серікқали Шарабасовқа арналған танымдық естеліктер, жас ақын Меңдібек Лұқпанның шығармаларын сүйсіне оқыдым.  Сонымен қатар әлем әдебиетіне қол созған Алпамыс Файзолланың «Кісілік барометрі – Бальзак» шолуына разы болдым. Оноре де Бальзактың «Адам комедиясына енген шығармаларын, атап айтқанда, Гобсек, Горио әкей туралы талдауында француз қоғамының бізге де тым таныс мінез, әдеп туралы этюдтар сипатталған. Бұл өте жақсы бағыт, мүмкін қызығып оқимын деуші жастар табылса, шетел әдебиетінің небір інжу-маржандары бар ғой. Шынымды айтсам, оқытушы ретінде қоғамда тек қана өз әдебиетімізбен шектеліп қалудың жиілеп бара жатқанына қынжыламын.

Қайсыбіріне тоқталайын, қысқаша айтқанда, газеттің құндылығы – бүгінгі жаңалықты жариялауы ғана емес, кешегі тарихымызды түгендеуі, ел ішіндегі елеулі адамдарды танытуы, ұлттық жадымызды сақтауы. Газетке шыққан салмақты дүниелер уақыт өте келе өлке тарихының жазбаша шежіресіне айналады. Қазір мұрағаттардағы ең сенімді ақпараттар 100 жыл бұрынғы газеттерден табылады.

Газетке жазылуды қаржылай қолдау деп түсіну қате. Тереңірек қарасақ, бұл – ана тілімізді, туған өлкенің тарихы мен руханиятын қолдау, кейінгі жастарды тәрбиелеу. Әр үйде газет-журнал оқып отырған әке-аталарын, ана-әжелерін көріп өскен бүгінгі оқушы-студенттер ертең мерзімді басылымды үнемі оқу арқылы қажет мәліметтер алу дағдысын қалыптастырады. Мен тек «Орал өңірі» ғана емес, «Ел және мұғалім» газетін жанкештілікпен шығарып отырған Жанбол Ғалиевті де қолдаймын. Биыл ол басылымға бес адам үшін бір  жылдық жазылу көмегін көрсеттім.

Осы бастамамды ұсына отырып, туған өлке руханиятына, ардагер ағаларға көрсеткен шағын қолдауым болсын, осы істі көзі қарақты, ойы сергек жандар да іліп әкетер дедім.

Светлана Бахишева,

педагогика ғылымдарының докторы,

БҚИТУ-дың педагогика және психология кафедрасының профессоры

Узнайте первым о важных новостях Западного Казахстана на нашей странице
в Instagram и нашем Telegram - канале