28.10.2026, 16:30
Оқылды: 26

Казталов ауданында Гүлбаршын Қасиетованың «Сырлы саз» атты ән кеші өтті

Казталов ауданы, Жалпақтал Мәдениет үйінде Қазақстан Республикасы мәдениет саласының үздігі, Қазақстан авторлар қоғамының мүшесі, әнші-сазгер Гүлбаршын Қасиетованың «Сырлы саз» атты лирикалық ән кеші өтті.

image-28-10-26-03-38-4

Өмірімен бірге өнері қатар өрілген халықаралық Майра Уәлиқызы атындағы байқаудың лауреаты, әнші, сазгер Гүлбаршын Қасиетова жалпақталдық көрермендерімен сағына қауышты. Лирикалық кешті Жалпақтал Мәдениет үйі қызметкерлері ұйымдастырып, елінің сыйлы өнерпазы атанған Анар Мусина жүргізді.

image-28-10-26-03-38-14

Сазгер Гүлбаршын Ғұмарқызының лирикалық кеші – жай ғана концерт емес, жүректен туған әуен мен өмірден өрілген сырдың қосылысы.

image-28-10-26-03-38-1

Сазгердің концертттік бағдарламасы үш  бөлімнен тұрды. Алғашқы бөлімде асыл әжесі қолына домбыра ұстаған бала Гүлбаршынды бауырына басып батасын берсе, одан әрі қарай Гүлбаршын Ғұмарқызының өнер жолы кеңінен баяндалды. Бүкілодақтық халық шығармашылығының ІІ фестивалі лауреаты, Майра Уәлиқызы атындағы халықаралық байқаудың дипломанты атанған қаршадай қыздың жұлдызды сәттері сахна төрінде күні бүгінге дейін үзілместен өз жалғасын тауып келеді. Гүлбаршынның туған өлкеге арналған әдемі әндері мен лирикаға толы туындылары өңіріміздің белгілі сахна жұлдыздарының орындауында көрерменге ұсынылып, жергілікті өнер сүйер қауымды бір серпілтіп тастады. Әсіресе, «Еңбек даңқы» төс белгісінің иегері,  республиқалық конкурстардың лауреаты Кеңесары Болғанбаев орындаған Ұлдай Сариеваның сөзіне жазылған Гүлбаршын Қасиетованың «Бір аға керек» әні мен бір кездегі жергілікті қыздардан құралған «Әлия» вокальды аспаптар ансамблінің орындауындағы тамаша әндер өте жылы қабылданды. «Бір аға керек» әні облысымыздың аты аңызға айналған ақсақалы, құрметті еңбек ардагері ақпәтерлік Кәрім Өтеғұловқа арналған ән болатын.

image-28-10-26-03-38-3

Кеште Гүлбаршын Қасиетова, «Ерен еңбегі үшін» медалінің иегері, Ғ.Құрманғалиев атындағы Батыс Қазақстан облыстық академиялық филармониясының әншісі Еркін Өтегенов, «Серілер» квинтеті, «Ерен еңбегі үшін» медалінің, «Алтын Домбыра» Президент сыйлығының иегері, әнші-композитор, Ғ.Құрманғалиев атындағы облыстық академиялық филармония әншісі Марат Сарбөпеев, «Парасат» орденінің иегері Нұрлыгүл Жұбатова, халықаралық, республикалық байқаулардың лауреаты Назира Хибашева, үздік мәдениет қызметкері Анар Мусина, кеш иесінің жиені Лязиза Ихсанова, Қазақстанның еңбек сіңірген қайраткері, «Ерен еңбегі үшін» медалінің иегері, Ғ.Құрманғалиев атындағы Батыс Қазақстан облыстық академиялық филармониясының әншісі Жаскелең Ғайсағалиев, бір кездері Жалпақтал жұртының сүйікті ансамблі болған «Әлия» қыздар ансамблі және лирикалық кешті «Бір қызың келді ауылға» атты әнмен  қорытындылаған Қазақстанның еңбек сіңірген қайраткері, «Ерен еңбегі үшін» медалінің иегері Ғ.Құрманғалиев атындағы Батыс Қазақстан облыстық академиялық филармониясының әртісі  Жаңылсын Хасанова ән шырқады.

image-28-10-26-03-38-12

Кеште Гүлбаршын Қасиетованың шығармашылық қоржынындағы туындыларының біразы соңғы кездерде ғана орындалып жүрген жаңа әндер.

image-28-10-26-03-38-6

Сахнаға көтерілген Жалпақтал ауылдық округінің әкімі Ғаділбек Әлібеков пен ауылдың өнерпаз жандары барлық жерлестер атынан кеш иесіне қош келдің айтып, Алғыс хат табыс етіп, гүлшоқтарын ризашылықпен ұсынды.

Қыдыр Харесұлы,

Казталов ауданы

image-28-10-26-03-38-10 image-28-10-26-03-38-9

Узнайте первым о важных новостях Западного Казахстана на нашей странице
в Instagram и нашем Telegram - канале