28.10.2026, 17:15
Оқылды: 10

Ербол Салықов: Президент Жолдауында халықтың көкейіндегі өзекті мәселелер көтерілді

WhatsApp-Image-2024-04-12-at-17.44.35-1-e1712924691470

- Еліміздің саяси-қоғамдық жүйесі жаңарып жатыр. Биыл жаңа Конституция қабылданды. Саяси жүйеде өзгеріс болып, Құрылтай құрылды. Президенттің жергілікті өкілетті құрылымдарды жаңарту жөніндегі тапсырмасына сәйкес, мәслихаттар таратылды. Осыған байланысты сайлауды ұйымдастыру мен өткізуге дайындық басталды.

Мемлекет басшысы биылғы Жолдауында сан түрлі пікір туғызып жүрген мәселелердің нүктесін қойды деп айтуға болады. Біріншіден, Президент әлеуметтік, азаматтық қоғамдағы мәселелерге тоқталды. Құрылыс қарқыны артып, шалғай ауылдарда да әлеуметтік нысандар салынуы керек деді. Жол, көлік мәселесін де назардан тыс қалдырмады. Келесі жылды Жалпыхалықтық ауқымды құрылыс жылы деп жариялауды ұсынды. Әрине мұның бәрі қаржыға барып тіреледі. Сондықтан ауқымды жұмысты іске асыру үшін 2029 жылдың соңына дейін Ұлттық қордан шамамен 6,5 триллион теңге бөлінеді.

Екіншіден, Президент әрбір қабылданатын заң елдің экономикасы, халықтың табысы үшін құрылатынын, қатып қалған догма еместігін, оны да өзгертуге болатынын айтты. Кәсіпкерліктің өркендеуіне қиындық тудыратын түйткілдерді қайта қарап, өзгертуге тапсырма берді. Шағын және орта бизнестің арасында әділ бәсекеге жол ашу қажет. Тағы бір ерекше тоқталатын жайт,  Мемлекет басшысы жаңа Азаматтық кодекс қабылдау қажеттігін мәлімдеді.

Жалпы Жолдауда көптің көкейінде жүрген, көңілге қонатын мәселелер қозғалды. Соның ішінде ең төменгі жалақы мөлшерін 85 мыңнан 110 мың теңгеге дейін көтеру жөніндегі тапсырмасы бар. Мемлекеттік қызметшілерге арналған жаңа әдеп қағидаттары әзірленетін болды. Халыққа арналған нағыз цифрлық экономика құруды міндеттеді. Интернет тек тұтыну мен көңіл көтеретін кеңістік ретінде емес, жасампаздық пен еңбек ететін виртуалды орта ретінде қабылдануы тиіс.

Ербол Салықов,

қоғам белсендісі

Узнайте первым о важных новостях Западного Казахстана на нашей странице
в Instagram и нашем Telegram - канале