Ақжайық ауданының әкімі Мұрат Сердалин 80 жасқа толған еңбек ардагері, Чапаев ауылдық округі ардагерлер кеңесінің төрағасы Қаби Қабисов пен 80 жасқа толған ардагер ұстаз Галина Питерскованы қабылдап, мерейтойларымен құттықтады.

Кездесуде аудан басшысы қос мерейтой иесіне ұзақ жылғы адал еңбектері мен ауданның қоғамдық өміріне қосқан үлестері үшін алғыс білдіріп, зор денсаулық, отбасыларына амандық, ұзақ ғұмыр тіледі. Сонымен қатар мерейтой иелеріне сый-сияпат табыстады.

Қаби Набиұлы ұзақ жыл ауыл шаруашылығы және энергетика салаларында жауапты қызметтер атқарды. 2024 жылы оған «Ақжайық ауданының Құрметті азаматы» атағы берілді. Бүгінде ардагерлер кеңесінің төрағасы ретінде қоғамдық жұмыстарға атсалысып келеді.

Ал Галина Ивановна 33 жыл ғұмырын білім беру саласына арнап, Бударин орта мектебінде жас ұрпаққа білім мен тәрбие берді. «Қазақ КСР білім беру ісінің үздігі» атанған ардагер ұстаз зейнетке шыққаннан кейін де ауылдың қоғамдық өміріне белсене араласып келеді.

Мерейтой иелері өздеріне көрсетілген құрметке риясыз көңілден алғыстарын айтты. Қабылдауда сондай-ақ аудандық ардагерлер кеңесінің төрағасы Маским Үмбеталиев, еңбек ардагерлері Бақтығали Қоспаев, аудандық ұстаздар ардагерлер ұйымының төрайымы Шәмшия Жиенбаева, Чапаев ауылдық округінің әкімі Бақтияр Карл, Бударин ауылдық округінің әкімі Шоқан Мұсағалиев, Чапаев электор торабының басшысы Асқар Ахмедияров болып, құттықтауларға қосылды.
Азамат Қанапия
Ақжайық ауданы