Бүгін «Әділет» партиясы облыстық филиалының ғимаратында алдағы мәслихат депутаттарын сайлауға қатысты іс-шара өтті. Басқосуда Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаевтың Қазақстан халқына жасаған Жолдауы талқыланып, партияның 2026-2031 жылдарға арналған «Әділетті болашақ үшін!» деп аталатын сайлауалды бағдарламасы таныстырылды.

Аталмыш іс-шараға өңірдегі үкіметтік емес ұйым өкілдері мен 18 жасқа толған студенттер қатысты. «Әділет» партиясы облыстық сайлауалды штаб мүшелері Шалқыма Құрманалина, Тамара Сейтақова жиын спикері болды. Шалқыма Хайроллақызы кіріспе сөзінде Президент Жолдауында қамтылған мәселелер елдің әлеуметтік-экономикалық дамуы мен халықтың тұрмыс сапасын арттыруға оң ықпал ететінін айтты. Спикер сөзіне сүйенсек, партияның облыстық филиалы бекіткен сайлауалды бағдарламасы өңірдің жан-жақты бағытта дамуына негізделген.
– «Әділет» партиясының сайлауалды бағдарламасы – Президент Қасым-Жомарт Тоқаевтың ел басқару ісіндегі маңызды бастамаларын қолдауға бағытталған. «Әділет» партиясының бес негізгі ұстанымы бар. Олар – әділеттілік, жауапкершілік, еңбекқорлық, патриотизм және прогресс. Бұл аталған құндылықтар тек партияның мүшелерінің ғана емес, қазақ жастарының бойынан табылуы тиіс. Президент 2027 жылды Жалпыхалықтық ауқымды құрылыс жылы деп жариялауды ұсынды. Бұл бастама еліміздің әр өңірінде тұрғын үйлер мен түрлі нысандар бой көтеріп, сондай-ақ ауқымды құрылыс жобаларының жүзеге асуына септігін тигізеді. Тұрғындардың әл-ауқатын арттыру мақсатында салынған әр нысанның халыққа сапалы қызмет етуін қадағалау да аса маңызды. Бүгіндері ескірген инфрақұрылымды қайта жаңарту өзекті мәселеге айналып отыр. «Әділет» партиясының 2026-2031 жылдарға арналған сайлауалды бағдарламасында партияның 10 негізгі басымдығы айқындалды. Оның ішінде өңір экономикасын дамытып, инфрақұрылымды жаңғырту және халықтың әл-ауқатын арттыруға бағытталған даму мақсаттары бар. Заң мен тәртіп аясында қоғамдық қауіпсіздікті қамтамасыз ету мақсатында облыс аумағында 3100 бейнебақылау камерасы орнатылып, Орал қаласы мен алты ауданның көшелерін жарықтандыру жоспарланған. 2031 жылға дейін көлемі 3,97 млн шаршы метр тұрғын үйлер пайдалануға беру, коммуналдық желілердің тозуын 59,3%-дан 53,5%-ға төмендету көзделген. Сонымен қатар облыстық және аудандық маңызы бар 1000 шақырым жолдарды жөндеп, жергілікті жолдардың жақсы жағдайдағы үлесін 77,5%-ға арттыру да партия назарында болады, – деді штаб мүшесі Ш. Құрманалина.

Спикер партияның сайлауалды бағдарламасында экономика, білім беру, денсаулық сақтау, мәдениет, спорт салалары бойынша бірнеше жоба жоспарда бар екенін жеткізді. 2031 жылға дейін өңірде 7400 орынды қамтитын балабақшалар, 9820 оқушыға арналған мектептер салынатынын, 13 мектепке күрделі жөндеу жүргізілетінін айтты. Оған қоса, 26 STEM кабинеті жасақталып, жұмысқа орналасу кепілдігімен 2620 азамат мамандық игереді. Жыл сайын кемінде 6900 жаңа жұмыс орнын ашу жоспарлануда.
Партия бағдарламасында Орал қаласында көпбейінді аурухана, перинаталдық орталық, ауылдарда 36 медициналық нысан салу, 7 диагностикалық орталық ашу, 48 меднысанды жаңа жабдықтармен қамту жоспары енгізілген. Сондай-ақ Деркөл кентінің тұрғындары үшін дәрігерлік амбулатория, анатомиялық-патологиялық бюро және жедел жәрдем ғимаратын салу көзделген. Одан бөлек спорт және мәдениет салаларындағы құрылыс жобалары, цифрлық әлеуетті арттыруға арналған бағдарлама, агроөнеркәсіптік кешенді дамытуға бағытталған инвестжобалар т.б. бар.
Штаб мүшесі Тамара Нәбиқызы азаматтардың өтініш-тілектерін тыңдап, өзекті мәселелерін шешуге атсалысу партия жұмысының негізгі бағыттарының бірі екенін атап өтті.
Нұрым Ғұмар,
«Орал өңірі»