«ҚТЖ» ұлттық компаниясының еншілес ұйымы – KTZ Express халықаралық тасымалдау географиясын кеңейтіп, жаңа логистикалық бағдарды іске қосты, деп хабарлайды «Қазақстан темір жолы» ҰК» АҚ баспасөз қызметі.

Фото: PR_KTZh
Алматыдан шыққан полимерлік бұйымдар партиясы Мексика шығанағы жағалауындағы маңызды теңіз торабы – Веракрус портына жол тартты.
Бұл жүк тасымалдау Транскаспий халықаралық көлік бағдарының (ТХКБ) инфрақұрылымын пайдалана отырып ұйымдастырылды. KTZ Express Каспий теңізі арқылы жүктерді Грузияның Поти портына дейін жеткізуді қамтамасыз етті. Одан әрі Мексиканың Веракрус портына бағытталған тасымалды әріптес Maersk кеме қатынасы компаниясы жүзеге асыруда.
Аталған бастама қазақстандық тауарлардың дәстүрлі нарықтардан тыс экспорттық мүмкіндіктерін едәуір арттырады. Қазіргі таңда ТХКБ инфрақұрылымы арқылы Еуропа одағы, Ұлыбритания және АҚШ елдеріне жеткізу жолға қойылса, бұл жолы Латын Америкасы бағыты да сәтті толықты.