Казталов ауданында сот-медициналық сараптама қызметінің қолжетімділігін қамтамасыз ету бағытында ауданға сот-медициналық сарапшы тағайындалды.

Осыған орай аудан әкімінің орынбасары Рашит Иманғалиевтің төрағалығымен арнайы жиын өтті. Жиынға Қазақстан Республикасы Әділет министрлігі Сот сараптамалары орталығының Батыс Қазақстан облысы бойынша Сот сараптамалары институтының директоры Нұрболат Мерғалиев, сондай-ақ аудандық құқық қорғау органдары мен медициналық ұйымдардың басшылары қатысты.

Кездесу барысында Казталов ауданына Батыс Қазақстан облысы бойынша Сот сараптамалары институтының жалпы сараптама бөлімшесінің сот-медициналық сарапшысы Ерлан Сайдағалиұлы Оразымбет тағайындалып, таныстырылды.

Аталған маманның ауданға тағайындалуы сот-медициналық сараптама қызметінің қолжетімділігін арттырып, тиісті сараптамаларды уақытылы жүргізуге, құқық қорғау органдары мен медициналық ұйымдар арасындағы өзара байланысты нығайтуға мүмкіндік береді.
Асылбек Нәсіпқалиұлы,
Казталов ауданы