ҚР Премьер-Министрінің орынбасары, Жасанды интеллект және цифрлық даму министрі Жаслан Мәдиевтің төрағалығымен отандық картографиялық деректер мен геосервистерді қазақстандық Qajet такси шақыру сервисіне интеграциялау мәселесі бойынша жұмыс тобының отырысы өтті. Бұл туралы ҚР Жасанды интернет және цифрлық даму министрлігі жазды.

Министрлік «Ұлттық геодезия және кеңістіктік ақпарат орталығы» РМК-ның (Қазгеодезия) цифрлық карталары мен геосервистерін коммерциялық сервисте пайдалану мүмкіндігін пысықтап жатыр. Бастаманың мақсаты – мемлекеттік цифрлық картографиялық негізді бизнес саласында іс жүзінде қолдану және Қазақстанның өз навигациялық технологияларын дамыту.
Жоба аясында не жоспарланған?
Интеграция аясында Қазгеодезияның цифрлық карталарын пайдалану, сондай-ақ мекенжайларды іздеу, геокодтау және маршруттарды құру мүмкіндіктерін дамыту жоспарланып отыр. Бұл отандық геосервистерді жолаушылар тасымалының нақты жағдайларында сынақтан өткізіп, оларды одан әрі кеңінен қолдану мүмкіндігін бағалауға жол ашады.
Жобаның технологиялық негізін Кеңістіктік деректердің ұлттық инфрақұрылымы (КДҰИ) аясында қалыптастырылған картографиялық деректер мен Қазгеодезияның цифрлық картография және навигация саласындағы жеке әзірлемелері құрайды.
Отырыс барысында жол желісі туралы мәліметтердің өзектілігін қамтамасыз етуге, мекенжайлар мен нысандардың орналасқан жерін дәл анықтауға, сондай-ақ картографиялық ақпаратты тұрақты түрде жаңартып отыруға ерекше назар аударылды.
Жобаның маңызы
Qajet сервисімен интеграциялау мемлекетке, бизнеске және азаматтарға қолжетімді қазақстандық цифрлық карталар мен навигациялық сервистер экожүйесін қалыптастыру жолындағы нақты қадамдардың бірі ретінде қарастырылады. Алдағы уақытта мұндай шешімдерді такси агрегаторлары, жеткізу қызметтері, логистикалық компаниялар және басқа да цифрлық платформалар пайдалана алады.
Бастаманы іске асыру отандық геоақпараттық технологиялардың дамуына және мемлекеттік кеңістіктік деректерді елдің цифрлық экономикасында кеңінен қолдануға ықпал етеді.